astana-view

Дотациялықтан – алдыңғы қатарларға

2015 жылғы 28 Қазан
12624 просмотров

Жамбыл облысы КП дағдарыс жағдайында өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту жоспарын ұсынады

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова дағдарыс кезінде бәсекелестермен ашық шекарада шаруалардың аман қалуына ғана емес, жеке бизнесін дамытуда әрі жақсы табыс табуда көмектесудің оңай еместігіне қатысты өз ойымен бөліседі. Ол үшін не керек деп сұрарсыз? Бар болғаны «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жамбыл облысы әкімдігінің микрокредиттік ұйым құру жөніндегі бірлескен бір жобасын жүзеге асыру ғана. «Осы ғана ма?!» - деп таңқаларсыз. Иә, осы ғана. Ал егер істі Жамбыл өңірі басшысының қолдауы жетпесе, онда облысымыз таяу арада шаруалардың есін жиып, өсуіне және дамуына көмектесе алады.

Жамбыл бизнесінің бет-бейнесі жайлы сөз қылғанымызда, көпшілік «химия алыптарын» елестетеді, өндірісшілер мен бизнестегі біз игерген бағыттарды санамалай бастайды. Шындығы неде екенін білесіздер ме?  46 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі, оның ішінде 40 мыңға жуығы – бұл шағын бизнес. Және олардың басым бөлігі – шаруа қожалықтары (ШҚ). Сондықтан да, егер таразының келесі басына барлық шаруаларды қоятын болсақ, онда олардың саны көп болғандықтан, басым түседі. Бұдан шығар қорытынды, біздің кәсіпкерлік сектордың басты кейіпкерлері – бұл шаруа қожалықтары. Бұл жерде мәселе облыс бюджетіне түсетін салық түсімдерінің санында емес. Тіпті Мемлекет басшысы бүгінде дәл осы агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл аудару керек екеніне ерекше назар аударған болатын. Бұл үнемі қолданып отыруға міндеттелетін резервтер. Және де жамбылдықтарға бар жағдай жасалғанына бәрі келіседі деген ойдамыз. Климат та, жер де, одан басқа да факторлар бізге ыңғайлы. Бірақ шаруа қожалықтарының осынша көп болуына қарамастан, облыс аталмыш бизнес саласында әлі де көш басына шыға алмай жүр. Жұмыс жасағысы келетіндер көп, тек ақша жағы қысады. Сыртынан қарасаң – бәрі де тамаша, барлық қаржы институттары жұмыс жасап тұр, қағаз жүзінде – сандар да әдемі, мінбеден жасалатын есептер құлаққа жағады. Сонда бұл тізбектің әлсіз тұсы қайда? Осыны анықтау мақсатында Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова алдымен облыстағы барлық аудандарда болып, шынайы түйткілдерден хабардар болу үшін әрі істің мәнісін өз көзімен көру үшін, шаруалармен кездесуге бел буады. Осыдан соң Аграрлық кредиттік корпорацияның облыстық филиалы басшылығымен кездесу өтіп, көлемді қарыз алғысы келетін шаруаларды қаржыландыруға қабілетті бүгінгі күннің жалғыз ұйымы – кредиттік серіктестіктер (КС) басшыларымен ұзақ та ашық әңгіме орын алды. Қарлығаш Әмірқызы облысымыздағы шынайы көрініс жайын егжей-тегжейлі анықтап алып, АӨК және ауыл шаруашылығы жақсы дамып келе жатқан көршілес Оңтүстік Қазақстан облысына сапар шегуге шешім қабылдайды. Ол жақта бәрі жөнге салынып қойғандықтан, олардан тәжірибе алу артық болмас еді. Палата басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының жәрдемімен облыстағы Аграрлық кредиттік корпорация, КС және ШҚ басшыларымен, «Максимум» Өңірлік инвестициялық орталығы (ӨИО) директорымен және микрокредиттік ұйымдармен (МКҰ) кездесті. ОҚО тәжірибесін зерттеп шығып, облысымызда ауыл шаруашылығы мен АӨК саласында дотациялықтан алдыңғы қатарға, озаттыққа шығуға мүмкіндік беретін жоспарды айқын жасақтай алды. Сөйтіп, қорытындыларымен бөліскен еді.

- Қарлығаш Әмірқызы, облыстағы ахуалды қалай елестетесіз?

- Белгілі бір факторлар себебінен (жеке су көзінің жоқтығы, суару жүйесінің мүшкіл жағдайы) облысымызда өсімдік шаруашылығы емес, мал шаруашылығы басым даму үстінде. Осыдан келіп жағдай мынадай – ірі ШҚ шағын бөлігі бар, олар жылдар бойы «ҚазАгро» АҚ филиалы арқылы кредиттеледі, дамып, өсу үстінде. Ұсақ шаруашылықтардың негізгі бөлігі қарапайым ғана қаржы жетіспеушілігіне ұшырасатындықтан, жай ғана өлместің күнін көруге мәжбүр. Және де шынын айту керек – қарыздық қаржы қаражаты оларға қолжетімсіз. Неліктен? Біріншіден, олардың қажеттілігі 1-2 миллион теңгені құрайды, яғни олар тікелей «ҚазАгро» арқылы қаржыландыра алмайды, себебі онда 8,5 млн теңге деген белгілі бір шек бар. Олар үшін бүгінде жалғыз жол – КС қатысушысы атану. Кредиттік серіктестіктер әрбір ауданда бар, соның бірі – жақында құрылған «Тараз» КС. Олар осы серіктестіктерге салым сала бастағанда, көп жағдайларда кредиттің қандай да бір факторлар себебінен берілуі мүмкін емес екені анықталады. Ақырында олар кредитті көрмейді, серіктестіктің жарғылық капиталына салған ақшаларын жылдам қайтара алмайды. Осылайша қарыз алу мүмкіндігіне деген сенімдерін жоғалтады, сондықтан да қазір барлық ұсақ шаруа қожалықтары іс жүзінде даму мүмкіндігінен айрылып, өз күндерін өздері көруде.

- Бірақ барлық көрсеткіштері бойынша біздің қаржы институттары толық қуатымен жұмыс жасап жатыр емес пе, демек, кредит те беріледі. Неліктен қаржы қаражатының қолжетімсіздігі жайлы айтып отырсыз?

- Иә, біздің қаржы институттары барлық жоспарларын орындап жүр, бірақ біз олардың алдына қойылған міндеттерін орындауы жайлы емес, ауылдықтардың қаржыландыруға деген шынайы қажеттіліктері жайлы айтуымыз керек. Бізде 17 мың шаруа қожалығы бар. Жыл басынан бері КС 174 өтінімге қызмет көрсеткен, яғни ШҚ жалпы санына 0,01 % ғана кредит алған. Есептеп шығатын болсақ, онда бір серіктестік айына бір қарыз береді. Шынайы көрініс осы. Сонымен бірге облыстағы жағдай сыни шегіне жетті, дабыл қағу қажет! Міне, сондықтан да Ұлттық палата ретінде бұл жөнінде үндемей қала алмаймыз! Аудандарда болған кезімде, Қырғызстанмен көршілес Меркі ауданының бизнесмендері қырғыз көкөністері мен жемістерінің ағыны жайлы қорқынышпен жеткізген еді. Қырғыз бизнесмендерінің оларға жер бөлінуі туралы және жеміс-көкөніс қоймаларын салу жөніндегі біріккен кәсіпорындар ашу мүмкіндігін беру туралы көптеген өтініштері жайынан хабардармын. Сонда ертеңгі күні біздің шаруа қожалықтарының жайы не болады? Халқымыздың жұмысбастылығы қандай болады?  Бізге жамбылдық шаруаларды қолдау бойынша шұғыл әрі ықпалды шаралар қажет.

- Кредиттік серіктестіктер жұмысын тежеп отырған не деп ойлайсыз?

- Олар екі себепті атап отыр – біріншісі білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Осы себептен де олардың рейтингтері төмен және Аграрлық кредиттік корпорация өзінің кредиттік желісін ашып, лимит бере алмай отыр. Агрокредиттік корпорацияның біздегі филиалында бар-жоғы төрт кредит маманы бар екені белгілі, сондықтан да олардың өтінімдер көлеміне шамасы жете бермейтіні таңқалдырмайды. Нәтижесінде: ШҚ кредитті ұзақ күтеді, ал көпшілігі оны мүлдем ала алмайды. Екінші себеп – кредиттер бойынша мерзімін өткізіп алу пайызының жоғарылығы. Бұл да КС рейтингіне кері әсерін тигізеді. Сыртынан қарасақ – тұйықталған шеңбер, шығар жол жоқ сияқты. Бірақ шығар жол бар болып шықты. Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысы Аграрлық кредиттік корпорациясының басшысымен сұхбаттасу барысында бі-екі жыл бұрын ғана ол облыста да дәл осындай жағдай орын алғаны анықталды. Бірақ олар жағдайды толығымен өзгерткен екен – КС кредит мамандарын өз беттерінше оқытып, кадрлық түйткілді шешеді, ал оған бір жыл уақыт кеткен екен. Мерзімі өтіп кеткен кредит түйткілін жергілікті атқару органдарының көмегімен шешуге қол жеткізіледі. Әрбір ауылдағы және әрбір округтегі ауыл әкімі проблемалы қарызгерлермен сөйлескеннен кейін, бір ай ішінде барлық қарыз жабыла қалған екен. Ақырында бүгінде ОҚО-да барлық 17 КС толық қуатымен жұмыс жасауда, әрқайсының өз лимиті бар, және де олар шаруа қожалықтарын өз беттерінше қаржыландырады. Ауылдықтар да оларға сенеді! Қарапайым мысал – бір ғана «Яссы несие Кентау» кредиттік серіктестігінде 620 қатысушы бар, ал біздегі серіктестіктерде 20-30 қатысушыдан ғана.

- Сіздің ойыңызша, облыстағы ауыл шаруашылығын дамытуды ынталандыру жоспары қайдан негіз алады?

- «Атамекен» ҚР ҰКП Жамбыл облысы әкімдігімен бірге шаруа қожалықтарын бір миллионнан бес миллион теңгеге дейінгі сомада 5-7 пайызбен қаржыландыратын микрокредиттік ұйым құруы керек. ОҚО-да бұл дәлелденген тиімділікпен жұмыс жасап жатыр. Онда «Максимум» Өңірлік инвестициялық орталығы (ӨИО) құрылған. Бірнеше жыл ішінде оның дамығаны соншалық, оның жанынан бірнеше ШКҰ ашу қажеттігі туындаған. Ақырында бүгінде ӨИО шаруа қожалықтарын 10 миллион теңге және одан жоғары сомада қаржыландырып отыр. Одан төмен сомадағыларды (қарыз сомасы орташа алғанда 1,5 миллион теңгені құрайды) МКҰ жасайды. Олардың бірі «Ырыс» МКҰ тәжірибесін егжей-тегжейлі зерттеп шықтым. Бүгінгі таңда ұйымның 16 миллиард теңге қарыздық қоржыны бар, ал бұл қаржыландырылған 11 мың 203 қарызгер – яғни ШҚ. Үстіміздегі жылдың 9 айында ғана олар 1521 шаруа қожалығын қаржыландырған. Бұл бір ғана МКҰ (!). Ал бізде барлық КС бірге алғанда 174 кредит берген. Қарау және беру мерзімі, орташа алғанда, 10 күн. Құжаттар пакеті жеңілдетілген. Оның үстіне кредит комитеті арқылы кредит іс жүзінде бекітілгенге дейін олар кәсіпкерді қосымша шығын шегуге мәжбүрлемейді. Бір айта кететіні, кредит комитетіне жергілікті атқару органдары, партиялар, Жұмыспен қамту орталығы және МКҰ өкілдері кіреді. Осылайша кредит бойынша шешім қабылдаудың барынша ашықтығы қамтамасыз етіледі. Оларда мерзімін өткізу деңгейінің бүгінгі күні шамамен 5 % құрайтыны да таңқалдырды, яғни 95% жуық кредит уақытында қайтарылады. Мен бұрынғы банк қызметкері ретінде мәселені бұлай шешуге күмәнмен қараушы едім. Кез-келген банкир ең алдымен ақшаның қайтарылуына, оның мақсатымен қолданылуына алаңдайды, бірақ мұның қаншалықты тиімді екенін әрі облыс экономикасына қайтымдылығын көрген кезде, қателескенімді түсіндім. Банктер шаруалардың кепілдемелік мүлкімен жұмыс жасауға қорқады. Ауылдық бизнестің қаржылық қызметіне талдау жасауға қабілетті мамандар жоқ. Сонымен қатар, банктер бизнестің бұл түрі үлкен тәуекелге бейім деп есептейді. Ал іс жүзінде өз үйін кепілге қойған ауыл тұрғыны ғана кредитті уақытында жабу үшін қолынан келгенді жасайды. Бұл қалалық бизнесменнің менталитеті емес, мұнда ауылдағы тозығы жеткен үй болса да, онда оның отбасы тұрады, бұл оның ошағы. Мәселе оның жалғыз мүлкі жайлы болып отыр. Сондықтан да қайтымдылық жоғары.

Мұндай Микрокредиттік ұйымдар ауылға барғысы келмейтін екінші деңгейдегі банктер де, КС де жаба алмайтын тауашаны жауып тұр. Бұл идеяны өркендетіп, облысымызға енгізу қажет. Бұл бізге ауа, су және нан сияқты маңызды дүние. Облыс билігі тарапынан қолдау боларына қатты сенемін. Сонда біз идеяны жүзеге асырып, біздің кредиттік серіктестерге микрокредиттер арқылы даму мүмкіндігін бере аламыз. Жалпы облыс дамуындағы жаңа айналым осылай басталып, бұл экономикамызға оң әсерін тигізеді.

- Мағыналы жауаптарыңызға рақмет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер