astana-view

Теріден жасалған тонға соғылатын таңба қанша тұрады?

2015 жылғы 11 Қараша
16328 просмотров

2016 жылғы 1 сәуірде барлық мүше мемлекеттер тауарды таңбалаудың ақпараттық жүйесін қолданысқа енгізіп, теріден жасалған өнімдерге тауарларды таңбалау жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруды бастайды.  

Аталмыш шараны қабылдау қаншалықты мақсатқа лайықты және отандық кәсіпкерлер мұндай қадам жасауға дайын ба? Таңбалауды енгізу көрші елдерден контрабанда әкелінуін тоқтатуға мүмкіндік бере ме? Бизнес үшін тауарлар үшін сәйкестендіру белгісін сатып алу қнша тұрмақшы?

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Дана ЖҮНІСОВАНЫҢ осы және басқа да сұрақтарға жауап беруін сұраған едік.

- Дана Бейсенқызы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы теріден жасалған бұйымдарды таңбалау жөніндегі пилоттық жобаны енгізуді мақсатқа лайық деп таба ма?

Бастапқыда жеңіл өнеркәсіптің барлық тауарларын таңбалау туралы ұсыныстың қаралғаны ешкімге де құпия емес. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өнімдерді жаппай таңбалауды енгізуге бірнеше мәрте қарсы шыққанын еске саламыз. Таңбалаудың негізгі мақсаты ЕАЭО аумағына тауарларды контрабандалық жолмен әкелумен күрес болып табылады. Мемлекеттік билік органдарының пікірінше, таңбалау фискалдық міндеттерді, өнеркәсіпті қолдау және заңды сауда мен контрафактімен күрес мәселелерін шешуге көмектеседі.  

Таңбалаудың ұсынылып отырған жүйесінің экономикалық салдары мен тиімділігіне талдаудың жоқтығын назарға ала отырып, Ұлттық палатаның алға тартуымен ҚР Үкіметінің қолдауымен тауарларды таңбалауды пилоттық режимде әрі тек теріден жасалған өнімдерге жүзеге асыру жөніндегі ұстанымды қорғап қалуға қол жеткізілді.

ЕАЭО Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес, мемлекет басшыларының деңгейінде жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау жүйесін құру және оның қызмет жасау мәселесі пилоттық жобаны іске қосуды ескере отырып қаралуға тиіс. Осыған орай тауарларды таңбалауды енгізудің мақсатқа лайықтылығы пилоттық жобаны жүзеге асыру қорытындылары бойынша ғана анықталуы мүмкін. Бұл туралы айтуға ерте болар. 

Бизнес өкілдері қандай пікірді ұстанып отыр?

- Үстіміздегі жылдың 30 қазанында Ұлттық палата алаңында мемлекеттік органдар, негізгі импортшылар мен өндірушілердің қатысуымен теріден жасалған өнімдерді таңбалауды енгізудің пилоттық жобасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі жиналыс өтті. Жиналыс барысында бизнес өкілдері, атап айтқанда, импортшылар көрші елдерден теріден жасалған өнімдерді контарабандамен әкелудің өсуі жөнінен қауіптенетіндерін жасырмады. Қазақстандық тері сауда-өнеркәсіп қауымдастығының пікірінше, таңбалау тауарды заңсыз әкелумен күресте тиімді құрал болып табылмайды деген тәуекел баршылық.

Сонымен бірге бизнес өкілдері инфрақұрылымның дайындығына және тауарларды таңбалау жөніндегі міндетті талаптармен болашақтағы кәсіпкерлік қызмет үшін жағдай жасалуына алаңдаулы. Алаңдаушылықты импорттаушы/өндірушінің әзірлеуге өтінім берген сәтінен бастап әзірлеу мерзімі мен бақылау белгілерін алу мерзімі тудырып отыр. Себебі тауарларды таңбалаудың уақытылы болуы осы мерзімдерге тәуелді. Сондай-ақ теріден жасалған өнімдердің өз ерекшелігі бар – аталмыш өнімді сатудың маусымдылығы, және де бұл жағдайда «бір терезе» қағидаты бойынша әкелу кезінде таңбалауды жүргізу мүмкіндігі маңызды мәнге ие. Бұл мәселеде Ұлттық палата мен бизнестің ойы бір жерден шығып отыр – таңбалау тері өнімдер нарығында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға кедергі болмауға тиіс.

Ресми статистикалық деректерге сәйкес, таңбалануға тиісті тауарлар тізбесіне кіргізілген тауарлар бойынша Қазақстан 2013 жылы 59 637 тері өнімді жалпы сомасы 6 634,9 мың АҚШ долларына импорттаған. 2014 жылы бұл көрсеткіш 3 222, 8 мың АҚШ долларына 27 150 тері өнімді құраған. Осылайша, Қазақстанда пилоттық жобаны жүзеге асыру мәселесінің құнын анықтай аламыз.

- Қазақстан жобаны енгізуге қаншалықты дайын?

- Биылғы жылдың сәуір айында ЕЭК Кеңесінің шешімімен пилоттық жобаны жүзеге асырудың жоспар-кестесі бекітілді. Үстіміздегі жылдың қараша айында ЕАЭС-те пилоттық жобаны жүзеге асырудың ұлттықтың үстіндегі негізіне айналатын құжаттардың алғашқы пакетін бекіту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жыл соңына дейін ЕАЭО деңгейінде екі құжат және Қазақстан Республикасы ұлттық заңнамасы деңгейінде төрт нормативтік-құқықтық акт қабылдануға тиіс.

Ұлттық палата пилоттық жобаны жүзеге асыру кезеңінде мұндай нормативтік-құқықтық базаның тым ауыр болатынын және тәжірибеде қолдануда кәсіпкерлер үшін қиындықтар тудыруы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеді.

Әрине, Қазақстан үшін тауарларды таңбалау – бұл мүлдем жаңа тәжірибе. Тері өнімдері таңбаланатын бақылау белгілеріне қойылатын талаптар RFID - Radio Frequency Identification (радиожиілікті сәйкестендіру) технологиясын қолдануды болжайды. RFID-белгілер – бұл заманауи ақпараттық технологиялар, алайда Қазақстан үшін, аталмыш белгілерді өндіру жөнге қойылған көршілерімізбен салыстырғанда, RFID – технологиялардың кеңінен таралмауы салдарынан RFID-белгілерді қолдану белгілі бір қиындықтар тудырады. Мәселен, Беларусь Республикасында таңбалау жүйесі жұмыс жасап тұрғанына 8 жылдан астам уақыт өткен және шамамен 20 тауар тобын қамтиды.      

Таңбалау жүйесінің GS1Дүниежүзілік Қауымдастығының стандарттарына негізделетіндігі зор маңызға ие. GS1 Kazakhstan Қауымдастықтары Қазақстанда қызмет етіп жүргеніне 19 жыл болып қалды және оның негізгі тұрақты мүшелері (Қауымдастық Президенті Азат Әбдірахмановтың айтуынша, шамамен 1500 компания) тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары болып табылады. Бұған қарамастан, тері өнімдер нарығында жұмыс жасайтын кәсіпкерлеріміз үшін аталмыш жаңа енгізілім көптеген сауалдар тудырады.

Жалпы, тауарларды таңбалау және осы жобаны қозғайтын аспектілер жайлы ұзақ айта беруге болады, дегенмен бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Бүгінде қатысы бар мемлекеттік органдар Ұлттық палатаның тікелей қатысуымен пилоттық жобаны жүзеге асырумен байланысты ішкі тетіктің ықтимал нұсқалары мен ұлттық заңнамадағы қорытынды өзгерістерді қарастырады. 2016 жылғы 1 сәуірден бастап барлық мүше мемлекеттер тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесін қолданысқа енгізіп, пилоттық жобаны жүзеге асыруды бастауға тиіс.

Кәсіпкер үшін бір бақылау (сәйкестендіру) белгісінің қанша тұратыны, шамамен болса да, белгілі ме?

- Бизнес үшін бақылау белгісінің құны принципті мәнге ие. Белгі бағасының тұтынушылар үшін тері өнімдердің ақтық құнына әсерін тигізетінін түсіну қажет. Бақылау белгілері құнының осындай белгілерге қойылатын талаптарға тәуелді болатынына назар аударғымыз келеді. Бұл мәселе талқылаудың ақтық сатысында жатыр, және де Ұлттық палата үстіміздегі жылдың соңына дейін тері өнімдердің қандай бақылау белгілерімен таңбаланатыны айқындаларына сенім білдіреді.

Жалпы, бақылау белгілеріне айтарлықтай жоғары қорғаныс талаптары қойлатынын атап өткіміз келеді. Бақылау белгісі қорғаныш элементтері бар, сондай-ақ голографиялық элекменттер, латентті визуалдандырылған бейнелер негізіндегі қорғаныш белгілерінен; көрінетін және (немесе) көрінбейтін, қорғаныш бояулармен орындалған графикалық қорғаныш элементтерінен, графикалық тұзағы бар позитивті және негативті микромәтіннен тұратын арнайы қорғанышты қағаздан (целлюлоза немесе синтетикалық) жасалуға тиіс.

Бақылау белгілерінің құны жайлы айта отырып, міндетті талап туралы, RFID-белгі болуы туралы естен шығаруға болмайды. Бүгінгі таңда кодтаудың қолданыстағы технологиялары арасынан (код-штрих, QR-код) RFID технологиясы ең қымбат тұратыны болып табылады. Алайда, тері өнімдердің өзіндік құны мен аталмыш нарықтағы баға сараланымын назарға ала отырып, бақылау белгісінің бөлшек бағаға әсер етпейтініне сенеміз.         

Сонымен қатар, бақылау белгісінің құны эмитент-ұйымды анықтауға тікелей тәуелділікте. Эмитент – бұл бақылау белгілерін жасауға тиіс ұйым. Бұл процесте бақылау белгілерін әзірлеуге арналған жабдықтың маңызды роль ойнайтынын түсіну қажет. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда эмитенттердің ұлттық тізілімі қалыптаспаған, және де, сәйкесінше, бақылау белгісінің құны туралы сауалға жауап беретін де ешкім жоқ әзірше.

Жобаны жүзеге асырудың табыстылығы қандай критерийлер бойынша бағаланбақшы?

- Тауарды таңбалауды енгізудің негізгі мақсаты о бастан ЕАЭО аумағына тауарларды контрабанда жолымен енгізумен күрес болған еді. Біздің ойымызша, жобаны жүзеге асыруды бағалауда белгілі бір қиындықтар туындауы мүмкін. Кесте-жоспарда пилоттық жобаны жүзеге асырудың барлық мерзімдері бекітілген. 2016 жылғы 1 сәуірден бастап ЕАЭО барлық мүше мемлекеттердегі ақпараттық жүйенің ұлттық құрамдастары пайдалануға енгізілуге тиіс. Пилоттық жобаны жүзеге асыру нәтижелеріне талдау 2016 жылдың 4 тоқсанында жасалады.

Осылайша, пилоттық жоба қорытындысын толыққанды шығару үшін сонша көп уақыт қалған жоқ. Уәкілетті мемлекеттік органдар және Еуразиялық экономикалық комиссия 2016 жылғы алты ай үшін (2-3 тоқсан) тауарларды әкелу туралы мәліметтер негізінде тауарларды контрабандалық әкелуге таңбалауды енгізуден болған оң не теріс әсер туралы қорытынды жасауға тиіс. Жобаның жүзеге асырылуына толыққанды және объективті баға беру үшін алты айдың жеткіліксіз екенін түсіну керек.

Ұлттық палатаның пікірінше, жобаның табыстылығын бағалаудың негізгі критерийі отандық бизнестің жобаны тікелей орындаушы ретіндегі пікірлері болмақшы. Сонымен бірге Қазақстандағы инфрақұрылымның дайындығы мен жобаны жүзеге асырудың ішкі тетігі басты роль ойнайтын болады. Жобаны жүзеге асыру қорытындылары туралы тұжырымды бизнестің жақында жаңа жағдайларға бейімделуіне қарай жасай аламыз.

Жобаға тұтынушылар беретін бағаны да ұмытпау керек. Пилоттық жоба тері өнімдердің негізгі сипаттамалары жайлы ақпаратты мобильдік құрылғылардан оқу мүмкіндігін болжайды.    

Пилоттық жоба қорытындысы бойынша нәтижелер жағымсыз болса, оқиға қалай өрбитін болады?

- Мақсатқа лайықтылықты бағалау мүше-мемлекеттерде жеке-жеке, сонымен қатар Комиссия алаңында өтетін болады. Бұдан арғы шешімді ЕАЭО Кеңесі үкіметтер басшылары деңгейінде қабылдайтын болады. Бұл мәселеге таңбалаудың Қазақстанда ғана емес, басқа да мүше мемлекеттерде де жүріп жатқанын көрнекі түрде көрген кезімізде қайтып оралғанымыз дұрыс болар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер