astana-view

Қорғаушылардан қорғаңыз!

2016 жылғы 04 Ақпан
- Шымкент қаласы
7531 просмотров

Осындай өтінішпен Кәсіпкерлар палатасына шымкенттік бизнесвумен Ирина Пермякова келді

Ол Шымкент қаласы әл-Фараби ауданындағы тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы қызметкерлерінің бассыздығынан өзінің бизнесін қорғауды сұрады. Кәсіпкер «Фиеста» деген балалар тауарын сататын дүкеннің иесі. Үш рет оның дүкеніне екі әйел келген. Бірінші рет – өткен жылдың қараша айында. Ол кезде олар сатып алушының рөлін сомдап, бірнеше балалар бұйымдарын сатып алған.

Екінші рет бұл ханымдар желтоқсанда келген. Бұл жолы өздерін Шымкент қаласы әл-Фараби ауданы тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының қызметкерлері деп таныстырған. Олар балалар әлемінің директорына халықтың санитарлы эпидемиологиялық саулығы саласында ҚР заңнамасының талаптарын жою туралы ұйғарымын тапсырады. Аталған ұйғарымның басты бұзушылығына олардың алғаш келген кезде сатып алған телпек пен комбинезонда жапсырма қағаздың жоқтығы себеп болған. Директор дүкенді жоспардан тыс тексерудің бағыттамасын көрсетуді сұрайды. Тұтынушылардың құқығын қорғаушылар оны көрсете алмаған. Соған қарамастан, директор телпек пен комбинезонға ұқсас өзге тауарлардың этикетін көрсеткен: айтуынша, барлық тауарда жапсырма қағаз болған. Әйелдер барлығының дұрыс екенін растап және тексеру аяқталды деп санап, ұйғарымға қол қоюын сұраған, сосын кетіп қалған. 

Желтоқсан айында ханымдар дүкенге тағы екі рет келген. Әр келгенде, біресе өнім сапасының сертификатын, біресе сертификаттың қосымшасын сұратқан. Кәсіпкер қайтадан олардан тексеруге рұқсат беретін құжаттарды көрсетуді талап еткенде, олар сөзін елемеген. Дүкеннің директоры талап етілген барлық сертификаттарды тауып бергендіктен, санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс актісіне қол қоюдан бас тартқан. 

2016 жылғы қаңтарда кәсіпкерге арнаулы хатпен әкімшілік бұзушылық туралы хаттама мен сотқа шақырту келеді. Әл-Фараби аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы жеке кәсіпкер Ирина Пермякованың үстінен дүкеннің қызметін тоқтату, сондай-ақ 100 АЕК айыппұл төлеу жөніндегі алдыңғы бұйрығының талаптарын орындаудан бас тартқаны үшін әкімшілік іс қозғалған. Аталған кәсіпкердің ОҚО Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келуіне осы жағдай себеп болған.  

Палатаның қызметкерлері кәсіпкердің облыс прокуратурасының сенім телефонына хабарласуына және осы бақылау органына хат жазуына бастамашылық етті.

Прокуратура тексеру жүргізе келіп, тұтынушыларды құқығын қорғау басқармасы қызметкерлерінің «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламенті талаптарын бұзып, өз құзыреті шегінен шыққанын анықтады. Кәсіпкер тауарларды Кедендік одақтың техрегламентінің талаптары Қазақстан аумағында әлі күшіне енбеген кезде Алматы қаласының көтерме базарынан үш жыл бұрын сатып алған. «Пермякова» ЖК әрекетінен техрегламент нормаларының бұзылу белгілері қаралмайды.  

Аудан прокуратурасы Әл-Фараби аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының ұйғарымына наразылық білдірді. Бір күннің ішінде басқарма басшысының бұйрығымен ұйғарымның күші жойылды. Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен «Пермякова И.Н.» жеке кәсіпкерлігіне қатысты әкімшілік іс тоқтатылды.

Осылайша, кәсіпкердің дер кезінде хабарласуының арқасында Кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының шұғыл әрекеті мен прокуратура органдарының жөнге салған жұмыстары кәсіпкердің бұзылған  құқығын қорғауға септігін тигізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер