astana-view

Кәсіби біліктілігін көрсетті

2016 жылғы 29 Сәуір
- Қостанай облысы
5866 просмотров

Қарабалық ауданының кәсіпкері Татьяна Лихошва кейбір лауазым иелерінің қателігі кәсіпкердің ісін тұралатып тастайтынын бар болмысымен сезінді

Ауылдан дүкен ашпақшы болып жерді тіркеуден өткізгісі келген әйел құжаты сай емес деген сылтауға тап болады. Бұл мәселені шешу үшін ол Кәсіпкерлер палатасының бөліміне шағымданды.

Татьяна Лихошва 16 жылдан бері дүкенде киім сатып келеді. Бастапқы кезде дүкендегі орынды жалға алып тұрды. Сосын сатып алды. Жанынан автономды жылытқыш орнатты, яғни пеш тұратын жер салды. Содан қолында екі түрлі құжат қалады: әкімдіктің құзырында «өндірістік заттар сататын дүкенді қамтамасыз ету» үшін деп көрсетілген, жерге берілген актіде «дүкен мен автономды жылытқышты қамтамасыз ету» үшін делінген. 

«Бар түсінбеушіліктің мәнісі мынада: дүкен жанынан салынған от жағу орнын жергілікті  атқарушы органдар жекеменшікке өткізуі керек еді. Олар болса жалға беруді созып, соның құжатын берген. Сол үшін әкімдікке өтініш жазып, өзгерісті енгізуді сұрадық, ертесіне барлық қателік түзеліп шыға келді. Кәсіпкер қайтадан құжат тапсырды, жерін тіркеп берді», – дейді Қарабалық ауданы кәсіпкерлер палатасы бөлімінің директоры Әлішер Аманжолов.

Кәсіпкер әйел ешкімге өкпелі еместігін айтты. Бірақ бұл қателікті болдырмауға да болар еді деп қалды. «Егер әркім өзіне лайықты орында отырса, мұндай қателіктер болмас еді. Ал, палатаның жігіттері алғыр екен, дереу бәрін түзеп берді. Білікті мамандар екені көрініп тұр», – деді Татьяна Лихошва.

Жылдың басынан бері Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлердің құқы мен мүддесін қорғау жөнінде 69 шағым түскен. Соның 32 шағымын сарапшылар кәсіпкерлер ықтиярына шешті.  

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер