astana-view

Жадыра Тойбаева: «Полиграфиялық өнімдердің сапасы жақсы, шетелге шығуға да қауқарлы»

2016 жылғы 16 Қараша
3387 просмотров

Компьютердің бетінен емес, парақтап, қағаз иісін жұтып оқығанды жақсы көретін көпшілікке кітаптың жөні бөлек. Еліміздегі полиграфия, кітап бизнесі саласы неге кенжелеп келеді, отандық өнім импорттан неге қымбат – осы және басқа да сұрақтарға «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-ның директоры, PhD докторы Жадыра Тойбаева жауап берді.

– Жадыра Нұрбайқызы, кітап дегенде бәрімізді бірінші бағасы, сосын сапасы қызықтырады. Неліктен отандық өнімдер шетелдік кітаптардан қымбаттау келеді?

– Кітап басуға қажет борланған қағаз түрлерін, мұқабаға арналған бумвинилді, картонды шетелден алдыртамыз, тіпті блок қабын жабыстыратын желімді де шетелден алуға мәжбүрміз, яғни табиғи шикізат аз, өйткені Қазақстанның басым бөлігі шөлейт және шөлді зоналарында орналасқан. Импортқа салық көп салынады, бұл бір. Екіншіден, неғұрлым кітап тиражы үлкен болса, соғұрлым кітаптың өзіндік құны арзандайды. Сондықтан аз данада шыққан кітап қымбатқа түседі.      

– Кітап бизнесінің әлеуеті қандай? Жалпы отандық баспагерлердің шетелге шығатын мүмкіндігі бар ма?

– Негізі, қазақстандық полиграфиялық өнімдердің сапасы жақсы, шетелге шығуға да қауқарлы. Біз Франкфуртттағы үлкен кітап жәрмеңкесіне де қатыса аламыз, тәжірибе алмасу үшін мұндай шаралар қажет. Дамыған мемлекеттерден үйренеріміз көп.

– Ел нарығында қажетті бәсекелестік қалыптасқан ба?

Баспа саласы кез келген басқа салалар сияқты жаңа бағытты, жаңа идеялар мен технологияларды қажет етеді. Кітап тауар болғандықтан, баспагерлер өз өнімінің өтімділігін қадағалайды, тиімді сатуға талпынады. Қазіргі таңда Қазақстанда 150-дей баспа болса, оның бәрі жекеменшік баспалар. Мемлекет тарапынан баспаларға қолдау көрсетіліп, олардың үлкен-кішілігіне қарай тендерлер бөлінеді. Осы баспалар арасында өзара бәсекелестік бар. Біздегі басты мәселе – шикізаттың тапшылығы.

– Ілеуде біреу таңдай бермейтін баспа саласына қалай келіп қалдыңыз?

– 2004 жылы мектепті бітірген соң журналистика саласына қатты қызықтым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 6 кафедрасының ішінен баспа ісі және редакциялау бағытын таңдадым. Сонымен негізгі мамандығым – баспагер.

– Кітап басу ісін тиімді бизнеске айналдыру үшін не істеу керек?

Ең алдымен кәсібіңіз алға жылжу үшін бұл іске шын көңілмен берілу керек. Кітап нарығында жақсы жұмыс істеу үшін, жүйелі түрде тауардың жаңа түрлерін ұсыну қажет. Жаңа кітаптардың тұсаукесерін тұрақты өткізіп тұру арқылы оқырманға туындыны ұсынып, тауарыңды жарнамалайтын бірден-бір ұтымды әдісін жиі қолдану керек. Әр баспаның маркетингтік бағытында танымал авторлармен байланыс орнату, оқырмандардың  автормен жүздесуі, түрлі акциялар, әлеуметтік желілерді жарнама үшін қолдану тәсілдерінің болғаны абзал. Сонымен қатар кітап басуға кәсіби суретшілер мен дизайнерлерді тарту керек. Әр кітапқа әр түрлі дизайн жасап, біріне-бірі ұқсайтын мұқаба шаблондарынан арылу керек. Бұл әдістер бизнес саласындағы қажетті қадамдар. Баспа саласында логистикалық қызмет көрсетуді қолға алып, тауардың сапасын арттыру, интернет-дүкенін ашу, тұтынушылардың сұранысын толық қанағаттандыратын қызмет көрсету –  тауар айналысын 2-3 есеге арттырады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер