astana-view

Отбасылық өнер – ортақ бизнес

2016 жылғы 30 Қараша
9254 просмотров

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің алтын медаль жүлдегері Гүлназым Өмірзаққызы жастығына қарамастан өнер әлемінде танымал тұлға. Ұлы даланың ұмытылып бара жатқан қолөнері – кесте техникасын жандандырып, жаңа деңгейге көтерген жас дарын иесі.

– Гүлназым, кәсіби өнермен айналысқаныңызға биыл 15 жыл толыпты. Болашақ мамандығыңызды ерте жастан таңдау және білікті маман болуыңыз ғажап. Өнерге жастайыңыздан қалай келдіңіз?

– Бізбен кесте тігу техникасы өте күрделі. Бір-екі ілмек жасаудың өзі көз қырағылығы мен білек күшін талап етеді. «Қыз еркем кестесімен көркем», демекші, қазақтың төл өнерін сіңлім Айнұр екеуміз анамыз Калемхан Рахметбайқызынан үйрендік, ал эскиздеріміздің авторы –  белгілі өнертанушы, суретші, әкем Өмірзақ Рыстанұлы. Анам әкемнің суретшілігін кестеге түсірді. Мен кесте өнерін кәсіп үшін үйренген жоқпын. Бірақ, бізбен кестелеуді Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында тұңғыш рет ғылыми этно-модерн ретінде қорғап, магистр дәрежесін алдым. Қазір академияда осы бағыт бойынша шәкірт тәрбиелеп отырмын.

Көнені құлпыртқан

Өнерді бағалайтын адамдар көп. Картиналарыңыз қаншалықты сұранысқа ие?

– Сұраныс бар. Себебі біз – ата-анам және сіңлім төртеуіміз ұмыт болып бара жатқан кестенің осы түрін жаңа нақышта, жаңа қанық бояулар гаммасында түрлендіре алдық деп ойлаймын. Әр картинамызда қазақ елінің тұрмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті, ерекшелігі бейнеленген. Әсіресе, өнер туындылары шетелдіктерді қатты қызықтырады. Қазір жеке тапсырыстар бар. Қандастарымыз үй интерьеріне қарай картиналарға тапсырыс береді, мәселен, қонақ бөлмесіндегі жиһаз интерьері ақшылдау болса, перделерінің түсі біздің картиналармен үйлесуі керек. Сонымен қатар халқымыз той-думандарды көп өткізеді. Нарықтағы сұранысқа қарай кәде-сыйлар, тойбастарға эксклюзивті бұйымдар әзірлейміз. Барлығы – қол еңбегінің жемісі, ал талғамы жоғары кісілер сапалы нәрсені бағалайды. Әкем: «Ата-бабамыздан қалған өнерді қазіргі заманға лайықтап, қазақ бейнелеу өнерінің жаңа ағымын қалыптастыру керек», – деп айтады. Біз осы қағидамен жұмыс істейміз, барынша насихаттауға тырысамыз. Әкем жалпы бейнелеу өнеріне жаңалық әкелген суретші. Ескіні жаңа форматта жаңғыртты. Оның туындыларын өнер зерттеушілері жақсы бағалайды.  

Картиналарымызды шетелдіктер жоғары бағалайды дедіңіз. Біздің білуімізше, Қазақстанда өнер туындыларын жаппай экспорттауға тыйым салынған. Кеденде  мәселе туындамай ма?

– Біз картиналарды өз бетімізше экспорттап жатқан жоқпыз. Шетелдіктер туындыларымызды көрмелер мен фестивальдарда көріп сатып алады, не қолдан алып кетеді. Бізбен кестелеу  өнерін әсіресе ағылшындықтар, венгрлер жақсы бағалайды. Әзірге картиналарды тұрақты сатып отыратын галерея, орнымыз жоқ. Өнерді бағалайтын отандастарымызға көрме, фестиваль, мейрамдарда аясында арзан бағамен сатуға тырысамыз. Мәселен, қараша айының ортасында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен Астана қаласында «Ұлы дала елі» отандық тауар өңдірушілердің ІІ форумы болып, екі күн қатарынан еліміздің ең үздік тауар өндірушілері өңімдерін тегін жарнамалауға мүмкіндік алды. Біз әулетіміздің үздік туындыларын Астана төріне қуана-қуана алып келдік. Көп картиналар сатылып кетті. Менің ойымша, Ұлы дала елінің төрінде ұлы өнері де әспеттелуі керек.

Өнерге қолдау

– Бейнеті көп кестелеуде қандай мәселелер бар? Жұртшылық арасында «қазақстандық өнім тым қымбат, қалтамыз көтермейді, сондықтан ешкім алмайды» деген сөз бар, сол қаншалықты шындыққа жанасады?

– Кез келген өнер бағалануы керек. Ол – еңбек. Бір көлемді картинаны бітіру үшін 1,5 ай уақыт кетеді. Кішкентай 6-7 кәдесыйды бір айда жасаймыз. Біз өз күшімізбен шетелде көрмелер ұйымдастырамыз, бірақ жиі өткізіп тұруға қалтамыз көтермейді. Қазір суретшілерге көрсетілетін қолдау жоқ. Ал «Пах, шіркін, қандай керемет картина!» деген сөзбен алысқа бармайсың. Содан кейін нарықтың қыспағына қарамастан, әр мемлекет өз мәдениетін өзге елдерге насихаттауы керек.

Шетелдік ұйымдар бізді түрлі көрмелерге шақырады, алайда мүмкіндігіміз бола бермейді. Қазір көп қыз-келіншектер кесте техникасын үйренгілері келеді. Жеке үйірме ашу ойымызда бар. Біздікі өндіріс емес, нағыз қол еңбегі, бірі біріне ұқсамайтын өнер туындылары. Сондықтан баға да соған лайықты, өйткені әр картинада қол мен жүректің жылуы бар.

Картиналардың қосалқы материалдары қымбат, кесте матасы, кенеп, картина жақтаулары, жібек жіп, бояулар – барлығы дерлік шетелдікі. Отандық ағаш жақтаулар біздің картиналарымыздың өңін ашпайды, сондықтан әрленген оюлармен көмкерілген шетелдік өнімге мұқтажбыз, ал оның бәрі қаржы. Суретшілік болсын, басқасы болсын, кез келген өнерде патент алу өте маңызды. Өйткені кейбір танымал дизайнерлер авторлық суреттерімді рұқсатсыз өз киімдеріне бастырып алып, қалай болса солай қолданып жүр. Ірілі-ұсақты дүниелерге қайта-қайта патент алу тиімсіз. Авторлық құқық туралы заңда осындай түйткілдер қайта қаралса деген тілегіміз бар.

Әңгімеңізге рахмет!

P.S. Өмірзақ Рыстанұлы әулетінде жаңа идеялар дастархан басында туады. Өйткені бәрінің кәсібі де, мақсаты да бір. Әрқайсысы өз картинасында қиялындағы әлемінің бояуын, шексіз, шетсіз кеңістігін бейнелеуге тырысады. Шығармашылық лайықты бағаланып жатса, жаңа туындыларды жарыққа әкелетін шабыт та асқақтайды. Бұл отбасының басты мұраты –  қазақ өнерінің даңқын асқақтату. 

Әңгімелескен Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер