astana-view

Электронды қызмет көрсету сұраныста

2017 жылғы 17 Қаңтар
3668 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының электронды қызметі кәсіпкерлерге көрсетілетін көмекті жеңілдетеді.

Бизнес саласындағы электронды қызмет түрлері шағын және орта бизнес дамуына оң әсер етпек. Қазақстандық нарықта компаниялардың электронды қызмет түрлері дамып келеді. Қызмет түрлерінің сан алуандығын ұсынған мобильді қосымшаларды екінші деңгейлі банктер, жекеменшік компаниялар ғана емес, Үкімет, мемлекеттік емес ұйымдар да қолға алған.

Қазіргі таңда мобильді технологиялардың тиігізетін әсері күн санап артып келеді. Сондықтан бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін көптеген мекемелер мобильді шешімдерге арналған салымдарын 70%-ға дейін арттыруға дайын. itvesti.com.ua порталы мәліметінше, корпоративті мобильді жүйе түрі шетелде де кең тараған.

Гонконг

GovHK Notifications қосымшасы – Гонконг үкіметі ұсынған мобильді қосымша кез келген үкіметтік мекемеден ақпарат алуға сұраным жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымшада мемлекеттік мекемеге бару туралы ескертулерді орнатуға, әкімдікке бару үшін өзіне ыңғайлы уақытты көрсетуге, мемлекеттік әкімдікке әрбір барған  өтініш ретін есептеуге болады.

Оңтүстік Корея

Сан түрлі мобильді қосымшаларды көп қолданатын мемлекет. Аталған бағдарламалар тұлға пен үкімет органдары арасындағы құжат айналымы секілді барлық сала бойынша қызмет көрсетеді. Оңтүстік Кореяның электронды қосымшаларының дамығаны соншалық, үйде отырып бір тетікпен өмірге қажетті мәселелерді реттеуге болады. itvesti.com.ua порталы мәліметінше, кореялық Денсаулық сақтау департаменті мен әлеуметтік қызметтерінің E.GE.N қосымшасы тиімділігі мен оңтайлылығы бойынша көш бастап тұр.  

Түркия

Бұл елдің e-Devlet қосымшасы халық пен үкімет арасындағы байланысты нығайтып отыр. Қосымшада электронды үкіметтің порталында барлық қызмет көрсету түрлері жинақталған. «e-Devlet» қосымшасының бүкіл функциясын сипаттау мүмкін емес, себебі ол өте ауқымды және көрсетілетін қызмет түрлері де өте көп. Алайда, халықтың ең көп жүгінетіні – жол жүру ережесін бұзған жағдайда айыппұл сомасын, салықты есептеу.

Аустралия

Express Plus Centrelink мобильді қосымша Аустралияның Әлеуметтік қызмет департаментінің тапсырысымен жасалған. Қосымша авторлары болжам бойынша бұл мобильді тетіктің қолданушылары ретінде жас отбасылар, зейнеткерлер, жұмыссыздар, әлеуметтік қорғалмаған жандар деп топшылаған. Алайда аталмыш жоба сәтті шығып, Аустралияның орта табысты секторын толығымен қамтып отыр. Өз қаражатын есептеп, тиімді пайдаланамын деген кез келген аустралиялық осы қосымша қызметіне жүгінеді.

АҚШ

SBA мобильдік қосымшасы АҚШ-тың Small Business Administration тапсырысы бойынша өз бизнесін бастауға ниетте жандарға арналып жасалған. Қосымша кәсібін жаңа бастап жатқан іскер азаматқа бизнес құру туралы тегін кеңес алу үшін SBA-ның жақын маңдағы кеңсесін табуға, шығындар есебін жүргізуге және жаңа бизнесті іске қосу үшін қажетті қаржыны бағалауға, бәсекелестік деңгейік бойынша статистикалық және белгілі бір ауданда таңдалған бизнестің даму тенденциялары туралы ақпарат алуға, SBA туиттерінен жаңалықтар алуға, YouTube-тегі SBA видео-каналынан соңғы видеоларды көруге көмектеседі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының электронды қызмет көрсету алаңы уақыт талабының жемісі. Бүгінде «Atameken Services» қосымшасы арқылы қаржылай емес қолдаудың 8 бағыты бойынша, 76 тегін қызмет көрсетуге қол жеткізуге болады. Сондай-ақ, реквизиттер арқылы заңды тұлға туралы ақпарат іздеу қызметі де бар. AGILE әдістемесі бойынша «бір терезеге» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының электронды қызметтерін шоғырландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ай сайын көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті арттыра түседі. «Atameken Services» каталогында әлеуетті тұтынушылардың, жеткізушілердің, дилерлердің тізімін, сатып алулар туралы және алдыңғы сатып алулар деректері туралы ақпарат табуға болады.

Айта кетелік, 18 қаңтарда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Нарық мониторингі және сараптау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бизнеске «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет түрлерін ұсынатын «Atameken Services» электронды қызмет көрсету жобасы таныстырылады. Таныстырылым шарасына «Атамекен» ҰКП өкілдері, бизнес-қауымдастық өкілдері, экономика және бизнес саласындағы танымал сарапшылар қатысады.

Іс-шара 2017 жылдың 18 қаңтарында сағат 16:00-18:00 аралығында Астана қаласы, Тәуелсіздік көшесі 34, «Astana Mall» сауда үйінің 3-қабатындағы «Multispace» («Амфитеатр» залы) коворкинг орталығында өтеді.

 

Әлия Кемелбекова

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер