astana-view

Дәріханалар жабылмайды

2017 жылғы 24 Қаңтар
4682 просмотров

2017 жылдың қаңтар айында фармацевт-кәсіпкерлерге дәрі-дәрмек жасауға құқық беретін бірқатар түзетулер енгізілді

Бұған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Денсаулық сақтау министрлігі және фармацевтикалық қауымдастықтар мен дәріханалар күш біріктіре отырып қол жеткізді.

2016 жылы «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, дәрі-дәрмек жасауға құқылары бар фармацевтикалық қызметпен айналысатын шағын және орта бизнес субъектілері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде өнімдерді өткізу үшін, кедергілерді жоюға көмек сұрай келген еді.

Денсаулық сақтау ұйымдарының ТМККК шеңберінде дәрілік формулярларды құруына міндетті негіз ретінде Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр енгізілген еді. Осыған орай, бюджет қаражаты есебінен емханалық ұйымдардың дәріханаларда жасалған дәрі-дәрмектерді сатып алуына байланысты проблема туындады.

ҚР заңнамасына сәйкес, дәріханаларда жасалған дәрілік заттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды, ал дәрілік заттың бағасы тіркелмесе, саудалық атауы тіркелмейді. Дәрілік заттардың тіркелген бағасы болмаған жағдайда, ТМККК аясында сатып алынбайды. Бұл дәрі-дәрмектер жасау құқығы бар дәріханалық ұйымдардың ТМККК шеңберінде дәрілік заттарды сатып алуға қатысуын шектеп, дәріханаларға қаржылай шығын келтіреді, тіпті жабылу қаупі тууы мүмкін.

Анықтама үшін: Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрілігі таратқан статистика бойынша, республика аумағында дәрілік заттарды жасауға құқығы бар 106 дәріхана бар. Мұнда бір нысанның өзіне 10 млн теңгеден 90 млн теңгеге дейін инвестиция құйылады. Ол кәсіпорындарда 1000-нан астам адам жұмыс істейді, 100 аталымнан астам өнім сатылады. Дәріханаларда жасалған препараттардың бағасы зауыттарда жасалған сондай дәрілерден (болған жағдайда) 70-80% арзан, ал дәрілік заттардың кейбір формалары зауыттарда шығарылмайды (мәселен, калий хлорид ерітіндісі, 0,5% және 2%-дық аминофиллин).

«Атамекен» ҚР ҰКП-ның ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен, ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығымен, Фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығымен және дәріханалармен бірлесіп атқарған ортақ жұмысының нәтижесінде 2017 жылдың қаңтар айында ТМККК аясында дәрілік заттарды сатып алуды реттейтін қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге экстемпоральды препараттарды мемлекеттік тіркеуге қойылатын талаптарды нақтылауға қатысты бірқатар түзетулер енгізілді.

Қазіргі таңда сарапшылар заңнамаға қосымша нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізу бойынша қолға алған жұмыстарын жалғастыруда. Соның нәтижесінде ТМККК шеңберінде дәріханаларда жасалған дәрілік заттарды сатып алуға сараланған тәсіл бекітілмек.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер