astana-view

Заңнама тәртібінің торынан құтқарылды

2017 жылғы 03 Наурыз
- Қостанай облысы
5039 просмотров

Қостанай қаласының кәсіпкері үш жыл бойы бизнеске рұқсат етілген жерді ала алмаған

Ол табысты молайту үшін емес, санитарлық дәрігерлердің қомақты айыппұлынан құтылу үшін жерді кеңейтуді ойлаған.

Санэпидемстанция Тұрған Есжановтың көкөніс сататын дүкенін 2015 жылы тексерген. Оның қорытындысында СЭС талабы бойынша жуатын орын болу керек деп көрсеткен. Сауда орнының ауданы шағын болғандықтан, бизнесменге артқы аулаға қоюға міндеттеген нұсқау да жазып берген.

Орындамаса, қомақты айыппұл төлеу талап етілетін болғандықтан, кәсіпкер қалалық әкімдікке жер алу үшін жүгінген. Алайда, әкімдік ешқандай қосымша нысан болуы мүмкін емес, себебі жақын маңда тұрғын үй бар деп, жер беруден бас тартқан.  

Сол кезде Тұрған Есжанов адвокаттың көмегімен құрылысқа емес, нысанды уақытша орнату үшін екінші рет арыз жазады. Алайда, тағы да сол себеппен қабыл алынбайды. Кәсіпкер шенеуніктердің шешімімен келіспегендіктен сотқа шағымданады, алайда ол да нәтижесіз қалады. Ең соңында көмек сұрап өңірдегі Кәсіпкерлер палатасына барады, мұнымен қоса көптеген инстанциялардың табалдырығын тоздырады.

«Бизнесмен екі оттың ортасында қалған. Мемлекеттік органның бірі қосымша орынға рұқсат жазады, ал екіншісі тыйым салады. Осындай даулы жағдайларда бизнестің мүддесін қорғау үшін Палата 2014 жылдан бастап жер комиссиясының құрамына біздің бір өкілімізді қосу керектігіне бекер қол жеткізбеген. Соңғы отырыстардың бірінде біз арнайы орынның қоршаған ортаға ешқандай ыңғайсыздық тудырмайтынын, жерді бөлуге барлық заңдық негіз бар екенін дәлелдей алдық. Нәтижесінде, комиссия оң шешімін шығарды», ­– деді Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысын Сергей Гутник.

Қазір кәсіпкердің қолында жер алуға қажетті барлық құжат бар. Жақын күндері Тұрған Есжанов Кәсіпкерлер палатасына келіп, шынайы қолдауды көре алғаны үшін рахметін айтып кетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер