astana-view

Ғасырмен сыналған сапа

2017 жылғы 31 Наурыз
9415 просмотров

Өзбекстанның президенті Шавхата Мирзиёевтың Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында мемлекет басшыларының екіжақты келіссөздерінде Қазақстан Өзбекстан үшін ірі сауда серіктесінің бірі болғанымен, екі ел арасында орын алған бұл әлеует тиісті деңгейде қолданылмайды деген пікір айтылды. Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумында жалпы сомасы 840 млн долларлық 92 құжатқа қол қойылды. Мұнымен қоса, екі елдің үкіметі 2020 жылға дейін тауар айналымының көлемін 7,5 млрд доллардан 5 млрд долларға дейін өсіруге келісті. Бұл процеске бауырлас елдің кәсіпкерлері үлес қосатыны айқын.

Форумның көрме экспозициясында «Узбекенгилсаноат» АҚ төрағасының кеңесшісі Расул Ғайниұлы Садықов palata.kz порталына берген сұхбатында Өзбекстанның кілем тоқу өндірісі туралы – 90 жылдардағы дағдарыста озық технологияларды қолдана отырып бизнес-процесстерді реттегендері жайында тарқата айтып берді.

– Өтепелі кезеңде кілем тоқу ісі қалай реттелді?

– Өзбекстандағы кілем тоқу ісі – қаншама ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан танымал кәсіп. Тек кілем тоқумен айналысқан тұтастай өңірлер бар. Кеңестік уақытта кілем тоқу үшін шикізат сырттан әкелінді, ал кеңес тарқаған соң дағдарыс басталып, кілем тоқитын кәсіпорындар ісі тұралап қалды. Қиын жағдайға қарамастан өз ісіне адал жандар ешқашан мойымай, кілем тоқу дәстүрін сақтап қалуға тырысты. Бүгінде еліміздің үкіметі бұл сала үшін жағдай жасады, шикізат та, иірілген жіп пен тоқыма да жеткізіледі. Өзіндік құнын төмендету мақсатында иірілген жіп пен тоқыма жіпті өзімізде шығару үшін бірте-бірте жаңа технология да ендірілді.

– Кілемге деген сұраныс қаншалықты жоғары?

– Әрбір отбасы үшін кілем қашанда маңызды. Кілемді қабырғаға іледі, еденге төсейді. Біз кілемнің қадірін білеміз, сондықтан біздің өніміміздің сұранысы да жоғары. Өзбекстанда тұтынушының тапсырысына орайластырып кез келген өлшемде, түрлі кілем шығаратын бірнеше ірі компаниялар бар. Біздің кілем тоқитын фабрикаларымыз спорттық стадиондар мен алаңдарға, футбол алаңы мен жүгіру жолақтарына арнап көк төсемені де дайындайды. Яғни бүгінде республикада ковролиннен бастап кілемдік жабындарына дейін бар. Кілемдегі өрнектер де тұтынушының талғамына қарай түсіріледі. Тұтынушының «еркелігі» – біздің мәселеміз.  

– Кілемдеріңіз қай аймақтарға таралады?

– Бүгінде біздің өнімдерімізге деген сұраныс жоғары және көптеген елге экспортталады. Алматыдағы сауда үйімен іскерлік байланыс орнатылған, Қазақстанның барлық аймағына жақсы таралып отыр. Ресейде бірнеше сауда орындары бар. Көршілес Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан елдеріне де тарайды. Алыс шетелді айтар болсақ, Польшада сатылады, қазіргі таңда Германияда сауда үйін ашуға дайындық жүріп жатыр.

– Кәсіпорын ерекше мақтанатын дүниемен бөліссеңіз...

– Кез келген түркітілдес отбасы әрдайым кілемді ерекше қадірлеп келді. Өзбекстанда ата-бабадан бері кілем тоқуда пайдаланылған көне өрнектер мен оюлар қайта қалпына келтіріліп отыр. Біздің кілем тоқымашылығымыз әріден басталады, өрнектер тарихы да тереңде, республикалық архивте сақталып келді. Сондықтан да, дизайнерлер осы бағытта жұмыс істейді – тарихи оюларды зерттеп, қайта қалпына келтіруге үлес қосып отыр. Кілем халық тұтынатын тауар, ал нарық ешкімді аямайды, заманауи үрдістен қалыс қалсаң, шеңберден шығасың немесе ары қарай жұмыс істеуді жалғастыру керек. Сол себепті да беталыстан қалыс қалмай, ай сайын жаңа өнім шығарып келеміз. Барлығы да дәстүрлі ою-өрнекті көруге дағдыланған, кілемде көріп отырған өрнектер тек шығыстық қана емес, бұл, мысалы, табиғат көрінісінің ерекше үйлесіммен орындалған суреті. Әрбір өнімнің суреті компьютерде таңдалып алынады, тауар сұрыпталымы мүлде басқаша – мыңдаған нұсқалары бар. Сонымен қатар, тұтынушының тапсырысы бойынша бірнеше сурет құрастырып береміз, бұл бір ғана данамен, тек сіздікі ғана болады. Егер сіз 10 да 15 немесе 10 да 20 шаршы метр болатын үлкен бөлмесі бар, зәулім үйде тұратын болсаңыз, біз сіздің қалауыңызбен арнайы дайындап береміз, тоқыма, тұсқағаз, жиһаздары қойылған үйдің ішкі көрінісіне байланысты етіп таңдайсыз.

– Сіздерде ерекше тапсырыс түскен оқиға болды ма?

– Біздің әрбір тапсырысымыз арнайы жасалады, себебі әрбір тұтынушының қалауына шығармашылық тұрғыдан қараймыз. Барлығыда ұсақ-ұсақ бөлшектерден құралады. Егер түйіндей нәрсе болмаса, тұтас өнім құралмайды. Біз жаңа серіктестермен жұмыс істегенде алдымен аз топтамадан бастаймыз, әдетте ірі тапсырысқа айналады. Мысалы, біз Алматы нарығына шыққан кезде, Қытай мен Ираннан әкелінген тауар өте көп болатын. Бір жыл өтті. Бүгінде біздің кілеміміз сұраныста. Сатып алушылар бізді біледі, Өзбекстаннан шығатын кілемнің сапасын бағалайды. Дәл біз шығаратын брендті таңдайды. Біз тоқитын кілемдердің өзіндік сипаттамасы бар – улы емес, химиялық тазартуды қолдануға болады, соның өзінде түр-түсін сақтап қалады. Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы алаңында Өзбекстан тауарлары қойылатын сауда үйін ашу туралы екіжақты ықылас білдірілді. Әрине, бұған, ең алдымен өз шикізаты мен бүкіл өнімін беретін жеңіл өнеркәсіп саласы, сондай-ақ кілем тоқу индустриясы енеді.

Гүлнар Әмренова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер