astana-view

Любовь Попова: «Сұранысқа ие мата дайындауда отандық мақта, жүн және түбітті өңдеу жолға қойылмаған»

2017 жылғы 20 Сәуір
3430 просмотров

Жеңіл өнеркәсіптің ауыртпалығы қандай?

Экономикалық даму жолында отандық жеңіл өнеркәсіптің үлесі аз. Оңтүстік Қазақстан аймағында мақта шаруашылығы жолға қойылған, республикада қой жүнінен де тапшылық жоқ. Демек, бастысы – шикізат пен технологиялар бар, ендеше сала неге жетілмей келеді? Дүкен сөрелерінде неге отандық көрпе-жастықтар, көрпе тыстары, киім-кешек үлесі аз келеді, неге олардың бағасы қымбат? Бұл сұрақтарға бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында ұзақ жылдар бойы еңбектеніп жатқан «Айвенго» ЖШС басшысы Любовь Попова өз пікірін білдірді.

Любовь Алексеевна, сіз басқарып отырған кәсіпорынға биыл 30 жыл толады. Демек, компания жеңіл өнеркәсіп саласында осы уақытқа дейін түрлі өзгерістерге куә болды, көп кезеңді өткерді. Кәсіпорынның тарихы туралы айтып берсеңіз...

– «Айвенго» ЖШС 1987 жылы  кооператив ретінде тіркелген. Алғашқы күннен кооператив шағын партиялы сән киімдерді шығаратын тігін өндірісі болып танылды. Тігін кәсіпорны еуропалық стандарттарға сай жұмыс істеуді көздеді, тігу стилі, сапасына мән беріліп, бұған қоса өндірісте тек табиғи әрі сапалы маталар қолданылды. Осылай жұмыс істеу – жоғары стандарттың кепілі болды. Өткен шақта компания жергілікті халық сұранысына сай барлық қажеттілігін тігіп келді. Бүгінде республика бойынша үй тоқымасы, үй текстилі сегментін еншілемекпіз. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дейді, сондықтан қазіргі тігін индустриясындағы сан алуандықты ескере отырып, бір ғана саланы кемеліне жеткізіп, осы бағытта жетіліп, сүйікті кәсібімізді жоғары сапада орындауды жөн көрдік.

«Айвенго» компаниясы жоғары сападағы, сертификатталған өнім шығарады. Өндірісте экслюзивті табиғи маталар мен толтырмаларды: зығыр, жартылай зығыр, сатин, бәтес, масаты, шыт, мақпал,  мысырлық мақта, таза жібек, түйе жүнінің түбітін, кашмир ешкісінің түбітін, мақта талшығын, қолданамыз. 

Компанияда қанша адам жұмыспен қамтылып отыр?

– Ұжым басқару – үлкен жауапкершілік. Сондықтан, өндіріске маман тартуда адамның адамгершілігін тану абзал. Қолмен істеген – бір бөлек, жүрекпен істеген – басқа.  Мәселен, тігін цехында қымбат маталармен жұмыс істеледі, мата пішуде қателіспей, технологияларға сай әрекет ету, халықтың көңілінен шығатын өнім жасау үшін алдымен шын мәнінде жанашыр болу керек. Қазір компанияда 50 адам жұмыспен қамтылған. Әр қызметкер жылдар бойы сыналып, компаниямыздың сенімді серікстесіне айналған.

Тауар қайда сатылады? Дүкендеріңіз бар ма? Экспортқа шығуға мүмкіндік бар ма? 

– Бүгінде Тараз қаласында дүкендеріміз бар. «Айвенгоны» тараздықтар жақсы таниды, тұрақты тұтынушылардың легі қалыптасқан. Биыл наурыз айында Астана қаласында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Еуразия іскер одағының бастамасымен «Made in Kazakhstan» брендін қолдау және насихаттау мақсатында «Экспо» сауда павильоны ашылған.  Тауарымызды енді сол павильонда да алуға болады. Осы мүмкіндік арқылы Елорда, Қарағанды нарығына шығып отырмыз. Халықаралық нарыққа шығу бойынша жүйелі жұмысты қолға алдық.

Нарықта бәсекелестер бар ма? Жалпы отандық тауар өндірушілерді халықтың қолдау деңгейі қандай?

– Отандық жеңіл өнеркәсіп, біріншіден, заңсыз сауда салдарынан кенжелейді. Ішкі нарықта Қорғас бекетінен келген арзан, сапасы төмен көрпе-жастықтар, көрпе тыстарының үлкен партиялары келеді. Көп жағдайда сауда делдалдары ешқандай салық төлемей-ақ, пайда тауып отыр. Ал жергілікті тауар өндірушілер нарықтан тыс қалуда. Салық төлейсің, заңға бағынасың, алайда жолыңды кесіп кететіндер бар.

Отандық өнімді қолдағаның – экономика дамуына үлес қосқаның.

Халық отандық тауарларды қолдауда белсенділіктері төмен, бұл немқұрайдықпен, сонымен қатар өндірушілер тарапынан жасалатын жарнаманың аздығынан орын алып жатыр деп ойлаймын.   Балалырының және отбасының салауатын ойламай, жергілікті кәсіпорындарды қолдамай – ешқандай прогресс болмайды.

 – Өндірісте қандай технологияны ұстанасыздар? Ескіден қалған стандарттар, әдістер бар ма? Мәселен, сіз айтқан еуропалық стандарт?

– Өндірісте тек қана мемлекеттік стандарт пен еуропалық стандартқа сай жұмыс істейміз. Қоржынымызда өндірісіміз бен қолданылатын шикізатқа, сапа мен сәйкестік үшін берілген СТ KZ, ЕАС сынды сертификаттарымыз бар. Сапалы тауар шығарудан басқа қандай да бір артықшылықтарымыз жоқ. 

Өндірісті үлкейту мақсатында мемлекеттік қолдауға жүгіндіңіздер ме?

– Құрал-жабдықты сатып алу үшін мемлекеттік қолдауды осыдан 20 жыл бұрын 4% мөлшерлемемен алғанбыз. Бүгінде «Айвенго» аяғына нық тұрған кәсіпорын, дегенмен, өндірісті ұлғайту жоспарда бар.    

Жалпы жеңіл өнеркәсіпте қандай жүйелі мәселлер мен кедергілер бар? Мәселен, отандық мақта мен қой жүні туралы ештеңе айтпадыңыз...

– Жергілікті мақта мен қой, түйе жүні өндірісте шикізат ретінде қолданылады. Мәселен, көрпе, жастықтардың ішін толтыру үшін. Өйткені, қолдағы шикізат, яғни мақта мен жүн, түбіттен сұранысқа ие түрлі мата дайындау жолға қойылмаған. Біздің өндіріс дайын матадан өнім жасау, киім тігу, тыс дайындаумен ғана айналысады. Сондықтан жеңіл өнеркәсіптің бір кластерін жолға қоймай, екінші кластері дамымайтыны айдан анық. Қолдағы бар әлеуетті жолға қойып, сырттан шикізат алмай, керісінше экспортқа жаппай шығатын болсақ, қазақстандық текстиль индустриясын қалыптастрамыз. Кезіндегі Алматы кілемі, Жетісу мен Жамбылдың аяқ киімі, Шымкент тігін фабрикасы деген атақты республика бойынша жандандыру керек.

– Саланы жетілдіру үшін не істеу керек?

– Жалпы отандық тігіншілердің басын біріктіретін, қуатын күшейтетін кооперация әдісін қолдаймын. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, нарықта 7-10 жылдық тәжірибесі бар тігін кәсіпорындарды жинап, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп дамуға жол бастайтын іс-шаралар жоспарын құру қажет. 

–  Биылғы жылға жоспарларыңыз қандай?

– Шетелдік нарықтарға шығу. Мемлекет көмегімен өндірісті ұлғайтып, ұжым, жалпы мемлекет мүддесіне сенімді кәсіпорын ретінде еңбек ету.

–  Сұхбатыңыз үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер