astana-view

Корпоративтік коммуникациялық стратегия деген не?

2017 жылғы 29 Мамыр
15621 просмотров

Кез келген ірі комапнияның стратегиялық даму жоспары болады. Онсыз алға ілгерілеу қиын. Бұл ­– ішкі қалыптасқан мықты құрылымдық жүйені бекемдейтін құрал.

Қызметкерлер, тұтынушылар, жеткізушілер мен инвесторлардың өзара іс-қиымылын жоспарлау корпоративтік коммуникациялық стратегия арқылы жүзеге асырылады. Кәсіпкер өз компаниясының беделін арттыру мақсатында, бизнесінің табысты әрі жетістігі үшін көзқарасы мен ұстанымы әсер ететін құрылымды қолдана алады.

Компания іргесі – мүдделік тараптар

Кез келген компанияның тұрақты 4 мұдделі тарабы болады: қызметкерлер – тұтынушылар – жеткізушілер – инвесторлар. Коммуникациялық стратегия шеңберінде жетістікке ықпал ететін әрбір мақсатты тараптың орны айқындалады.

Компанияның әр жұмыскері мен қызметкері  ең алдымен сенімді болып, сол компанияны жұмыс істеуге қолайлы орын деп санаулары тиіс.

Тұтынушылар талаптарынан компанияның сапалы өнім мен сервистік қызметіне жоғары бағасының қалыптасуы маңызды.

Тиісінше жеткізушілер дәл сол компаниямен жұмыс істеу өз бизнестеріне жағымды ықпал ететіндіктеріне әрдайым көз жеткізгендері жөн. Ал инвесторлар компанияның басқарылуы дұрыс және келешегі зор екеніне сенім артып, қаражат салудан тайсалмауы керек.

Зерттеу жүргізу – бағытты айқындайды

Коммуникация жоспарын әзірлеу үшін әрбір топтың нақты байланысы туралы ақпаратты неғұрлым жинақтап, оның нәтижесін кәсіпкердің түпкілікті мақсатымен салыстырған абзал. Сонымен қатар, кәсіпкер жеке бизнесінің тұрақты әрі қарқынды дамуы үшін әрбір топ мүшесі оқитын жарияланымды зерттеп, компанияның өнімі жайлы ақпаратты үнемі тексеріп отырғаны жөн. Ақпараттық сайттар мен әлеуметтік желілердегі өзге де ақпараттарды салыстырудыың да маңызы айтарлықтай зор. Тұтынушылар мен сауда өкілдерінің, қызметкерлер мен клиенттердің өзара қарым-қатынасын, қызмет көрсету сапасы жайлы зерттеу жүргізіп отырған артық етпейді. Қызметтің сапалық деңгейі мен компания жұмысындағы артықшылықтар мен кемшіліктер туралы мағлұмат дамудың жаңа тетіктерін орнатуға, коммуникациялық міндеттерді айқындауға мүмкіндік береді.

Стратегия – кәсіпкер мақсатының айнасы

Компания құрылымы әсер етуі тиіс адамдар туралы, сондай-ақ коммуникациялық мақсатпен тікелей байланысты жұмыстың ауқымдылығы туралы нақты ұғым береді. Осыдан кейін ғана кәсіпкер өз бизнесіне сәйкес келетін коммуникациялық стратегияны дайындайды. Егер кәсіпкердің бизнес-стратегиясы клиенттер санын арттыра отырып дамуға немесе жаңа нарыққа шығуға арналса, онда коммуникациялық стратегия өзгеше бағытты ұстанады. Мұндай жоспарда тұтынушылар мен келешекке арналған негізгі мақсаттың байланысы берік болуы керек.

Кәсіпкердің жеке бизнесін келешекте қандай деңгейге шығарғысы келсе, дәл сол мақсаты мен міндетіне қарай  стратегиялық жоспарды дайындайды. Айталық, нарықтағы сұранысы жоғары болуын қаласа, онда көрсететін қызметінің ауқымын кеңейтуге бағытталған стратегияны әзірлейді.

Коммуникациялық стратегия негізінен біліктілігі жоғары қызметкерлерді жұмысқа тартуға және инвесторларды қызықтыруға бағытталуы керек. Байланыс пен қарым-қатынас деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, жұмыстың өнімділігі де соғұрлым нәтижелі болады.

Байланыс беріктігі ­– хат алмасудан

Коммуникациялық стратегияның мазмұнына хат-хабарламаның қалай жазылуы керектігі жайлы ақпарат енгізген орынды. Себебі мүдделі топтармен байланыс орнатуда хат алмасудың өзіндік ықпалы бар. Тұтынушының, жеткізуші мен инвесторлардың көңілінен шығатындай хабарламаны дайындауға шеберлік пен икемділік керек.

Мысалы, клиенттермен байланыс орнатқанда жарияланған материалдардың қаншалықты оқылатынына талдау жасаған жөн. Сондай-ақ клиенттерге қызмет көрсетуге немесе сапаны арттыруға қатысты жаңа жобалар мен бастамалар туралы хабарламалардың жоспарын бекіткен жұмыс бағытын айқындайды.

Компания хат-хабарларында «Біздің компания инновацияны енгізеді», «Біз сапаға жұмыс істейміз», «Біз істің сапалы болғанын қалаймыз», «Тұтынушыларға қызмет көрсетуді жетілдіруге ұмтыламыз» сынды басты идеяларды ұстана отырып, тұтынушыларға жеткізіп, көңілдерінен шығуды мақсат тұтса, ұтылмайтыны анық.

Сөз соңында...

Корпоративтік коммуникациялық стратегия дұрыс дайындалатын болса, компанияның беделін қорғауға, артылған сенімді ақтауға, мүдделі тараптардың қолдауын арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, ол мүдделі тараптар арасындағы күмәнді сейілтіп, ұжымдаса отырып жұмыс істеуге, жетістікке жетуге талпындырып, белгілі бір психологиялық күйді ұстап тұруға әсер етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер