astana-view

Сән әлемінің Айманы мен Шолпаны

2017 жылғы 25 Маусым
5805 просмотров

Қазақстан нарығы отандық дара киім тігу саласынан кенде емес

 Эстрада өкілдері, кино әлемінің жұлдыздары отандық дизайнерлердің талғамына жүгінеді. Әлемдік ірі сән байқаулары да қазақстандық модельерлердің қатысуымен өтеді.  Бұл жақсы үдеріс. Бүгінде сән саласында өз өніміңді ұсынып, бизнесті жолға қою оңай емес. Дегенмен, осы кәсіптің күрделілігіне қарамастан, сән мен сапаға ерекше ден қойып, жеке кәсібін ашқан апалы-сіңлілі Айман мен Шолпан отандық киім индустриясында өз орындарын еншілей алды. Жас болса да іскер, талантты қыздар қыз-келіншектерге экслюзивті классикалық киім үлгілерін ұсынады. Осы ретте отандық сән әлемінде жеке кәсіп бастаудың қыр-сырын білу үшін апалы-сіңлілі аруларды әңгімеге тарттық.

— Айман, білуімше, сіздердің мамандықтарыңыз дизайн саласынан алыс, мүлде басқа сала. Сән әлеміне қалай келдіңіздер?

— Иә, мамандығымыз мүлде басқа. Мен журналситиканы тәмамдасам, сіңлім Шолпан – әлеуметтік қызметкер. Мені медиа саласы да қызықтырады, мамандығым бойынша тәуір жұмыс тәжірибем де бар. Алайда бьюти мен фэшн әлеміне бүйрегім бұрып тұрды. Әрдайым қызықтырып, осы саланы бақылап жүретін едім. Жастардың ерекше сәнмен киінуі, сол арқылы ішкі «менін» шығара алуы толғандырды. Студент кезімде мен өзгелерден даралануды ойладым, ешкімге ұқсамайтындай, өзгешеленіп киінуге тырыстым. Киімнің бірін сатып алсам, енді бірін қолдан тіктім. Бет әрлеу бойынша кәсіби білімім бар. Бастапқыда ірі фэшн шараларда модель қыздардың бетін бояуға тапсырыс алатынмын. Кейін көре-көре, жеке кәсіпті бастауға шешім қабылдадық.

— Басты конструктор, эскиздерді кім салады? Басты мотиватор кім?

— Мотиватор – анамыз. Ол кісі біздің үнемі қолдап, кеңес береді, көмегін аямайды. Ата-анамыздың тілеуі мен жақындарымыздың қолдауы арқасында бүгінгі жетістікке жетіп отырмыз. Ал эскиздерді сіңлім екеуміз сызамыз, сосын командамыздағы шеберлерге идеямызды айтамыз. Киім тігу бір бөлек те, оның нобайын тудыру басқа. Бұл үдерісті таза шығармашылық деп білемін.

— Топтамаларыңызды қарап отырсақ, классикалық бағытты ұстанасыздар.

— Классикамен шектелмейміз. Біз классикаға қарағанда көбіне әмбебап киім тігуді ойлаймыз. Киім үлгілері күнделікті өмірде де, жұмысқа да ыңғайлы. Мысалы бір көйлекті бірнеше жерге киюге болады. Таңертен жұмысқа киіп, кешке тойға  да баруға болады. Көйлектер кедімен не крассовкімен саябақта серуенге, отырыстарға достармен кездесуге баруға да жайлы келеді. Сосын біз модульді топтамаларды жасауға тырысамыз. Екі киімнен тұратын топтаманы бірге киюге немесе өзіңіздің гардеробыңыздағы киімдермен үйлестіріп жеке киюге болады. Сонда адам бір киім сатып алып, оны басқа киіммен киіп жаңа образдарды құра алады. Ашық-шашық киінбеу, талғаммен ерекшеленген абзал. Біз уақытын бағалай білетін іскер келіншектерге киім тігеміз.  

— Бүгінгі таңда «Аisho-atelier» шеберханасының қанша бутигі (дүкені) бар?

— Жекелей бір шеберханамыз бен дүкеніміз бар. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларының жетекші дүкендерімен серіктестік орнатқанбыз. Ірі дүкендерде киімдеріміз саудаланады. Қазір Қазақстанның кез келген қаласына тапсырыспен киім жеткіземіз.


— Қанша тігінші бар? Жалпы бизнесте қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыздар? Табыс туралы айту ерте шығар, сонда да, коммерциялық құпияңыз болмаса, бөлісе отырсаңыз.

— Шеберханамыз шағын, киімді ұсақ партиялармен даралап тігеміз. Бүгінде 1 тігінші, 3 конструктор бар. 5 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жақында 1 жылдығымызды тойлаймыз. Осы аралықта Mercedes-Benz Fashion Week Almaty көрмесінде жоғары қошеметке бөлендік. Маусым сайын Pop-up Shop көрмелеріне қатысамыз. 

— Неге көбіне отандық өнім қымбат келеді? Ерекше қолтаңбамен, өзге модельерлердің жұмысына ұқсамайтын киім үлгісін дайындау қаншалықты қиын?

— Біріншіден сапалы киім әрі эксклюзивті киім қашан да қымбат келеді. Қымбаттылығына түрлі факторлар әсер етеді. Жеңіл өнеркәсіп өнімдері толығымен шетелден алынады, сондықтан доллар бағамына тәуелді. Өндірісте Түркия, Корея, Қытай, Италия маталары қолданылады. Бұған тігіншінің қол еңбегі, салық, жұмыс орынын жалға алу қосылады. Біз орташа бағаны қоюға тырысамыз. Өзгелерден басқа болу, әрине, қиын. Бірақ Шолпан екеуміз даралану үшін кәсіпті қолға алғанбыз, өзгелерден ерекше болу бізді қанаттандырады.

— Әкімшілік кедергілер көп пе, мәселен, салық төлеу немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

— Әкімшілік кедергілер бар. Дегенмен, барлығын уақтылы төлеп, есепті ұқыпты жүргізуге тырысамыз.

— Демеушілер немесе үкімет тарапынан қаржылай көмек алдыңыздар ма? Несие немесе грант?

— Әзірге мемлекеттік қолдауды қолданбадық.

— Болашаққа жоспарларыңыз қандай? Қыз-келіншектерге арналған киім желісінен бөлек, балалар  немесе ерлер киімі болып жіктеле ме? Мүмкін басқа жоспарлар бар шығар.

— Әзірге тек әйелдер киімін тігеміз. Ерлер мен балалар киімін тігу ойда бар, бірақ оған жүйелі жоспар және дайындықпен келу керек. Асығыстық шикілікке, шикілік сапасыздыққа әкеледі.

— Бәсекелестік ортасы қандай?

— Отандық дизайнерлік киім тігуде бәсеке қызып тұр. Біз бағаларды қымбаттатпауға әрі өндірісте сапалы маталарды қолдануға тырысамыз. Өнім бойжеткендер мен келіншектер нарығына бағытталдық. Шығаратын киім өлшемнің ең үлкені 48-ге дейін. Біздің тұтынушылар талғампаз, кербез, мінезді, сәнқой қыз-келіншектер.

 Шетелге көп шығасыздар, салыстырмалы түрде қарағанда қазақстандық нарыққа не жетіспейді?   

— Отандық нарық жетілу үстінде. Кемшіліктерін айтпай-ақ қояйын, бірақ ілгерілеу бар. Ең бастысы дизайнер аға-әпкелеріміздің талғамы биік, кәсібилігі жоғары.

— Қазақстанда өз ісіңді бастау үшін шамамен қандай капитал керек?

— Ең алғашында шамамен 80 000 теңге капиталмен бастағанбыз. Содан соң біртіндеп өстік. Идея мен сол идеяны жүзеге асыруға деген сенім жоғары болса, соғұрлым өміршең болмақ. Ал мұндай істі кез келген капиталмен бастауға болады.

 Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Әлия Кемелбекова

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер