astana-view

Ресей бизнес-омбудсмендері пікірлерімен бөлісті

2017 жылғы 02 Қыркүйек
3299 просмотров

Миллиондардың назарын аударған Астана халықаралық дәрежеде экономиклық келіссөздер, кездесулер мен тәжірибе алмасудың орталығына айналып келеді

Астанада алғаш рет Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендері  форумы ұйымдастырылды. Аталған шараға осы саладағы кәсіби мамандар мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Бұл форум тәжірибе алмасу үшін маңызды, көрші елдерге кәсіпкерлердің мүддесін қорғауда бірлесіп жұмыс істеу тиімді.  

Айта кетелік, Ресей Федерациясында бизнес-омбудсмен институты бес жыл бұрын құрылған болатын, демек, Ресейде айтарлықтай тәжірибе қалыптасты. Ресей  омбудсмендері форум жұмысы жайында өз пікірлерін ортаға салды.

«Алтай өңірі Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарымен шектеседі. Облыстар арасында ынтымақтастық, сауда-саттық бұрыннан қалыптасып қалған. Бүгінгі форум бизнесті қорғауда ортақ шешімдерді табуға, жүйелі жұмыс істеуге бағдарлайтын болады. Ресейлік институтқа 5 жыл толып отыр, сондықтан бізде тәжірибе қалыптасып қалды, есесіне Қазақстан бизнес -омбудсмені қысқа мерзімде жақсы нәтижеге жетті. Демек, Қазақстаннан үйренеріміз бар», – деді Алтай өңірі бойынша кәсіпкерлердің құқығын қорғау уәкілі Павел Нестеров.

Бүгінгі форумға Қазақстанмен шектесіп жатқан Ресей облыстары өкілдері келді. Өйткені шекараға жақын өңірлердегі кәсіпкерлер іс жүзінде тығыз байланыста.

Тюмень облысы бойынша кәсіпкерлердің құқығын қорғау уәкілі Лариса Невидайло Қазақстанға бірінші рет келіп отыр. Сарапшы Қазақстанның елордасы ғана емес, экономикалық орталығына арналған Астана көркіне тамсанғанын жасырмады.

«Астана әсемдігі және сән-салтанатымен таң қалдырды. Бұл қала адамдар үшін салынғаны кең көшелері мен зәулім ғимараттарынан көрініп тұр. Қала көркіне қарап Қазақстандағы экономиканың деңгейін байқауға болады. Жалпы Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендері  форумынан күтеріміз көп. Қазақстан мамандарымен тығыз байланыс орнатуға дайынбыз», – Лариса Невидайло.

Өз кезегінде бас бостандығынан айырумен байланысты жазаны көздейтін үкімді орындауда кәсіпкерлердің құқықтары бұзылуы жөнінде уәкілетті  Александр Хуруджиға Қазақстанның осы бағыттағы жұмысы маңызды.

«Өкінішке орай кәсіпкерлер сотталып жатады, көбінде сот үкімі кәсіпкерлер құқығын бұзады, даулы мәселелер көп. Ал тордың ар жағында отырған кәсіпкерді ақтап алу қиын. Осы үдеріс Қазақстанда қалай жүріп жатыр, сот процестерін қалай жеделдетуге болады, бізді сол қызықтырады. Қазақстандағы осы кездесу ортақ жұмысты жүйелендіруде нәтижелі болады деп сенемін. Астанаға қонақ болуға емес, тәжірибе алмасуға келдік», – деп ойымен бөлісті Хуруджи мырза.

Челябі облысы  бойынша кәсіпкерлердің құқығын қорғау уәкілі Александр Гончаров Қазақстан бизнес-обмудсмені институты мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысын ерекше атап өтті.

«Қазақстанның бизнес-омбудсмені мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мемлекетпен байланысы, құзыретінің деңгейі айтарлықтай. Мәселен, Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасы экономиканың тек бірнеше салаларын қамтиды, оның мәртебесі – қоғамдық мәнге ие. Ал мемлекет тарапынан қолдау тауып, мемлекетпен қатар әрекет жасаған бизнес институттардың келешегі жақсы. Ресей бизнес-омбудсмені құрылғанына бес жыл толды. Әлбетте мұндай ұйымдар бизнес үшін қажет. Қазақстан бизнес-омубдсмені тек бір жылдан астам уақытта жұмысын бастады, алайда қазірдің өзінде ұстанған бағыты, стратегиясы, бизнестің барлық саласына ықпал етуі тез арада жақсы нәтиже беріп отыр», – деді Александр Гончаров.

Форумға келген қонақтар сонымен қатар «Экспо-2017» Халықаралық көрмесі жайында пікірлерімен бөлісті. Миллиондардың назарын аударған Астана халықаралық дәрежеде экономиклық келіссөздер, кездесулер мен тәжірибе алмасудың орталығына айналып отырғанын тағы да дәлелдеді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер