astana-view

Бизнес бірігу бағытын бетке алды

2017 жылғы 27 Қыркүйек
2592 просмотров

Кәсіпкерлерге бірігу тиімді ме?

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес-қоғамдастықтарды ірі қауымдастықтарға бірігіп, салалық одақтар құруға шақыру туралы бастамасы көп айтылып, қызу талқыланып жүр. Кәсіпкерлер бір бөлігінің көкейінде «Атамекен» тұрғанда жаңа ұйымның қажеті қандай? Сонда Палата мүддемізді қорғамай ма?» сынды сауалдар бар. Алайда, бастаманың мәні онда емес.

Туризм нарығы ірілендіру шарасын бастап кетті

Қазіргі таңда елімізде түрлі салалар бойынша 1 млн 300 мыңнан астам  кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Дәл осы тұрғыда бизнес саласының мәселесін шешу үшін біртұтас салалық қауымдастықтар қажет. Яғни, ертең кәсіпкердің бір мәселесіне немесе ұсынысына түгелдей бір ұйым үн қосады. Мысалы, Қазақстанның туристік ассоциациясы, Қазақстанның машина жасаушылар одағы, Қазақстан құс өндірушілерінің қауымдастығы және тағысын тағылар. Аталмыш салалық одақтардың  қанатына жүздеген ірілі-кішілі бизнес субъектілері біріккен. Бастама бизнестің бірлігі мен берекесін нығайтып, өнім көлемін арттыруға, импорттық, экспорттық әлеуетін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Осы жазда туристік индустриядағы кәсіпкерлер үшін маңызды оқиға орын алды. Туризм саласындағы қауымдастықтардың жаңа бірлестігі құрылды. Қазақстан туристік қауымдастығы «Астаналық туризм қауымдастығы» ЗТБ мен «Туризм индустриясының ұлттық қауымдастығы» ЗТБ-мен бірлесіп, «Қазақстанның өзін-өзі реттейтін туристік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігін құрып, басшылыққа саланың тәжірибелі маманы Рашида Шайкенова сайланды. Айтуынша, екі ірі қауымдастықтың бірігуі туризмдегі қордаланған мәселелерді шешу үшін, жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталған. 

Аталмыш бірігу бағытын бүгінде Алматы облысының Ішкі туризмін дамыту қауымдастығы ұстанып отыр. Қауымдастыққа түрлі аудандарда қызмет көрсетумен айналысатын отызға жуық компания енген. Жетісу жерінің туристік әлеуеті өте жоғары. Бірігу арқылы билік пен бизнес арасындағы жұмыс жүйелене түсетіні, бірыңғай даму стратегиясының әзірленіп, оны іске асыру нәтижелі болатыны көпке белгілі. Сондықтан Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан қауымдастықты ірілендіру жұмысы жалғасу үстінде.

«Салалық қауымдастықтарға бірігу маңызды, өте қажет. Алайда, бұл процесс байыппен, еркін түрде жүзеге асырылуы тиіс. Нарық қатысушылары салалық одақтың қажеттілігі мен тиімділігін сезінуі тиіс», – дейді кәсіпкер. Сонымен қатар, аталмыш ұйымшылдық, әсіресе, Алакөл ауданы мен Алакөл көлінде қызмет көрсететін кәсіпкерлерге ауадай қажет. Бұл қадам аудандағы кейбір мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік берер еді.

Сөзі де, көзі де – өзі

Бір салалық қауымдастыққа бірігу арқылы жергілікті өзін-өзі реттеуге мүмкіндігі болады. «Өзін-өзі реттеу туралы» Заңы аясында салалық қауымдастықтарға мемлекеттік органдардың кейбір функциялары беріледі. Демек, алдағы уақытта қауымдастықтар сала бойынша нормативті-құқықтық актілерді және оларға қорытынды әзірлеуге, сараптама жүргізу сияқты маңызды құжаттарды дайындауға және қабылдауға қатысады. Өзін-өзі реттейтін ұйым аккредиттеу жүргізуге, кәсіби біліктілік талаптарын бекітуге, нарық қатысушыларының кәсіби білімін арттыруға және т.б. құқығы болады. Осылайша, қауымдастық саладағы тауар, қызмет пен оның түрлеріндегі кемшіліктерді алдын алуға, түзеуге, жақсартуға мүмкіндік алады. Мысалы, 2016 жылдың наурызында Алматы облысының балық аулаушылары қауымдастығына біріккен 10 балық қожалықтарының жұмысы көпке үлгі. Мүшелігінде он кәсіпкерлік субъектісінің болуына қарамастан, аз уақыт ішінде заң жобасын талқылауға, салаға қатысты ұсыныстар беріп, белсенділігін байқатып үлгерді.

«Өткен жылы Кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен барлық қожалықтар бірігу туралы шешім қабылдадық. Алғашында ұйымның қажеттілігіне қатысты сұрақтар көп болды, күдік те аз болмады. Алайда, уақыт өте келе қауымдастықтың жемісін көрдік. Саланың жүйелі проблемаларын бір ауыздан жеткізу, құжаттарға ұсыныс-пікір білдіруіміз бізді билік басындағыларға жетті. Құзырлы орган біздің мәселелерімізді түсіне бастады. Қазір біз сарапшылық кеңес, кеңесші-сабағаттық органдардың мүшелегіне кіріп, бизнес мүддесін танытуға қол жеткізгіміз келеді», – дейді қауымдастық өкілдері.

Балықшылар сынды қадамды биыл сауда саласының кәсіпкерлері қолға алды. Өздеріңіз білетіндей, бөлшек және көтерме сауда нарығының қатысушыларының саны мен пікірінің сан алуандығына қарамастан, бір қанат астына бірігуі көпке жаңалық болды.         

«Бөлшек сауда – экономикамыздың негізгі драйвері, ол арқылы жұмыс орындары ашылуда, сонымен бірге, бұл бағыт еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Алайда, ынталандыру шараларын қабылдау қажеттілігі туды. ҚР Премьер-Министрі біздің сауда саласын ынталандыратын бағдарламаны әзірлеу туралы тапсырма берген болатын. Қазір бұл жұмыс Ұлттық экономика министрілігі мен Инвестициялар және даму жөніндегі министрлікпен жұмыс тобы құрылып, жүргізілуде. Бұнымен бірге бизнес өкілдері де бағдарламаға қатысты өздерінің ұсыныстарын дайындауда», – дейді Magnum сауда желісінің бас директоры, Сауда желілері қауымдастығының төрағасы Александр Гарбер.

Балабақшалар бірлігінің жемісі

Ортақ салалық қауымдастықтың жемісін бүгінде Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының Қазақстандық қауымдастығының Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалы көруде. Ұйым жетекшісі Күләнда Батырбекованың сөзінше, қауымдастық қызметінің қорытындысы бойынша бірқатар өзекті мәселелер республикалық деңгейде көтеріліп, алғашқы нәтижелер шығарылуда.

«Біздің филиал 2016 жылдың сәуірі айында құрылды. Басында құрамымызда отызға жуық балабақша болатын. Қазіргі таңда тұрақты 134 мүшеміз бар. Қауымдастықты құруға санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, тексерулердің жиілеуі, мемлекеттік білім беру тапсырысы, жан басына шаққандағы қаржыландырудағы қордаланған мәселелер түрткі болды. Шынын айтқанда, әрқайсымыз бір-бірден жүріп, ешкімге сөзімізді өткізе алмадық. Қазір жағдай басқаша. Прокуратура органдарымен, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыстар жүргізудеміз. Балабаұшалар мүддесі қаралатын барлық шаралар біздің қатысуымызбен өтеді. Пікіріміз жерде қалмайтын болды», - дейді кәсіпкер. Қауымдастықтың ендігі мақсаты көлеңкелі экономика жигеніде жұмыс істеп жатқан балабақшаларды адал кәсіпкерлік жолына шығару, балабақша ісін жүргізу мәдениетін көтеру.

«Атамекен» кәсіпкерлердің сенімді әріптесі болып қала береді

Сонымен бірге, салалық қауымдастықтар Ұлттық палатаның жанынан аккредиттеуден өтіп, «Атамекеннің» қызметіне қатысады алады. Аккредиттелген қауымдастықтар (одақтар) Заңға сәйкес Ұлттық палата съезінің, Төралқасының, Төралқа Комиттеттерінің жұмысына қатысуға құқылы. Қазір Алматы облысынан Кәсіпкерлер палатасымен Іле ауданы кәсіпкерлерінің қауымдастығы тығыз жұмыс істеп жатыр. Қауымдастыққа 200-ден астам кәсіпкерлік субъектісі енеді.

«Ассоциация өткен жылы 15 жылдығын атап өтті. Біздің қатарымызда барлық селолық округтердің белді кәсіпкерлері, жалпы, ірі, орта және шағын  бизнес өкілдері бар. Қауымдастық өкілдері Палата жанындағы Өңірлік кеңеске, Өңірлік кеңес Комитеттері, аудандық Кәсіпкерлер кеңесі және т.б. түрлі Кеңестер мен жұмыс топтарының белсенді қатысушылары», - дейді Іле ауданы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті, Өңірлік кеңес мүшесі Жанна Телпекбаева.

Алмты облысы Кәсіпкерлер палатасының экономикалық мәселелері жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметовтың айтуынша, алдағы уақытта қауымдастықтар салалық саясатты жүргізмен бірге, әкімдіктер, Үкіметпен өзара қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді.

«Көптеген дамыған елдерде мемлекеттің даму стратегиясы мен жоспары бизнеске тікелей байланысты. Бұл дәрежеге жету үшін біздің кәсіпкерлік саласына жүйелі жұмыстар қажет. Байқағандарыңыздай, ауыл шаруашылығы саласында да шаруаларды кооперациялануға, ірі ұжымшарлар құруға шақыруда. Сондықтан ірілендіру шарасы бүгінде барлық бағыттар бойынша жүргізілуде. Салалық одақтардың артуы мен күшеюі, саланың экономикалық саясатын жүргізуге, ортақ стратегияның ұйымдастырылуына ықпал етеді», - деді Ә.Шаяхметов.

Аталмыш шаралардың барлығы әлемнің озық тәжірибесін ескере отырып, бизнестің болашағына қамдану ниетімен іске асырылуда. Бастысы, салалық қауымдастықтардың саны мен сапасына қарамастан, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің мүддесі мен құқығын түрлі деңгейде қорғап, қолдап отыратын сенімді әріптесі болып қала береді.

Диас Бейсенбек

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер