Есепті кездесуге Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясов, аудандық әкімдік басшылығы мен прокуроры, Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы және аудан кәсіпкерлері қатысты.

Филиал басшысы жыл ішінде Қармақшы ауданының 750 азаматы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан кеңес алып, 175 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетілгендігін, 107 азаматқа бизнес жоспар жасалып берілгендігін айтты. Сондай-ақ, 9 ай ішінде 61 аудан тұрғыны «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында біліктілігін жетілдіріп, 107 тұрғын «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында білім алған көрінеді.

Нәтижесінде, ауданда 9 ай аралығында Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиал қызметкерлерінің көмегімен мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 756 млн.675 мың теңгені құрайтын 233 жоба қаржыландырылған.

Соның ішінде,  «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқу курсынан өткен 107 азаматтың 28-інің жалпы құны 75,7 млн.теңге тұратын жобалары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облысы филиалымен қаржыландырылса, «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша қысқа мерзімді курс оқыған 6 азаматтың жалпы құны 21,8 млн.теңгені құрайтын жобасы жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізді.

Сонымен қатар, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталық микроқаржы ұйымымен жалпы құны 34,750 млн.теңге құраған 9 жоба қаржыландырылды.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 10 Қармақшы ауданының азаматтары екінші деңгейлі банктер арқылы 178,5 млн.теңге құраған несие алған болатын.

Филиал басшысы Абзал Шоқбаров кездесуде мемлекеттік бағдарлама аясында жыл ішінде грантқа ие болған Қармақшы ауданының азаматтары бар екендігін жеткізді. Атап айтқанда, облыс әкімдігімен жарияланған кәсіпкерлік саласындағы гранттар бойынша 14 аудан тұрғыны 10 млн.825 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болған.

Кәсіпкерлер палатасы Қызылорда ауданы филиалының қолдауымен 2017 жылы ауданда 7 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Нәтижесінде, құрылған кооперативтер «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ң Қызылорда облыстық филиалы арқылы «Ырыс», «Береке» бағдарламалары аясында 5 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің 164 мүшесі 435,1 млн.теңге көлемінде несиеге қол жеткізді.

Есепті кездесуде мемлекеттен көмек алып, кәсібін бастаған азаматтар қолдауға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

Айта кету керек, кәсіпкерлердің алдында есеп беру барлық ауданда жүргізілетін болады. Осы уақытқа дейін Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы Кәсіпкерлер палатасының филиал басшылары есеп беру кездесулерін сәтті өткізді. Ендігі кезекте Жалағаш ауданы кәсіпкерлерінің алдында есеп беру жоспарда.