astana-view

Алматыдағы шағын және орта кәсіпкерліктің құрылымы

2017 жылғы 02 Қараша
- Алматы қаласы
6691 просмотров

Мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық үлес 42,5%-ға жетті

Ресми мәліметтерге сүйенсек 2017 жылдың 1 қазанында Алматыда шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны – 173,4 мың. Қаланың жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі – 33,7%. Кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі бөлігі, яғни 35,3% сауда саласында, ал, 8,8% - құрылыс, 5,3% - өнеркәсіп, 4,4% көлік салаларында болса, 53,8% басқа да қызметтердің үлесіне тиесілі.

Алматы кәсіпкерлерінің өтінімдерінен жер, инфрақұрылым алу, қаржыландыру, валюта бағамының, бизнес жүргізудің жағдайы мен ережесінің тұрақсыздығы, сұраныстың қысқаруы мен өнімді өткізудің азаюы мәселелері өзекті екені анықталған.

2015 жылдан бастап Алматыда «Қаланың бас жоспарының инвестициялық картасы» (www.almaty.genplan.kz) іске қосылды. Бұл карта қаланың картографиялық мәліметтеріне, инженерлік коммуникациялар мен қала территориясының қызметтік аумағы туралы ақпараттарды алуға мүмкіндік береді. Өкініштісі, бұл ресурс бизнес үшін қажетті ақпаратты тұтастай бере алмайды. Газ, су, жылу мен кәріз бойынша бос қуаттылық туралы, сондай-ақ бос жер телімдері жайында мәліметтер жоқ.  Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы бос жер телімдері мен инженерлік коммуникация желілеріне қосылу туралы ақпаратты онлайн алу туралы ұсыныс білдірді.

Сонымен қатар бизнес үшін маңызды факторлардың бірі – Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін толық форматты орталықтардан «бір терезе» қағидасымен рұқсат беретін құжаттар мен техникалық шарттарын алу мүмкіндігі. Бұл мәселе бірқатар өңірлерде оң шешімін тапты. Мысалы Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында осындай орталықтар құрылып, тиісті Кәсіпкерлерге қызмет көсрету орталықтарына сенімді басқаруға берілді. Мұнда шенеуніктермен тікелей байланыс орын алмайды, кәсіпкер 5-7 күн ішінде қажетті рұқсат беретін құжаттар мен техникалық шарттарды ала алады, оқыту өткізіліп, жобалар сүймелденеді. Бизнестің шоғырлануы жоғары екенін ескере отырып, Алматыда бөлінген VPN каналымен Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін толық форматты орталық ашу қажеттілігі аса маңызды болып отыр. Ескеретін жайт, Алматы әкімдігінің қолдауымен қаланың әр ауданында бизнес үшін бастапқы кеңес беретін Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылған. Бірақ бұл «бір терезе» қағидасымен кәсіпкерлердің мәселесін бірден шешіп беру үшін жеткізіліксіз. Сондықтан Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы қала бюджетінен Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін толық форматты орталық ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр.

Қалада адамдардың тығыз орналасқанын назарға алсақ, алматылық кәсіпкерлер үшін сауда мен қоғамдық тамақтану үшін бос орындарды бөлудің де маңызы айрықша. Инфрақұрылым мен жер учаскелерін алу мәселесін шешу аясында шағын индустриялық аймақтарды құру ұсынылып келеді. Нақты айтқанда жергілікті тауар өндірушілері үшін коммуникациясы жүргізілген ангарлық типтегі өндірістік алаңдар құру керек немесе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидасымен бос тұрған өндірістік орынжайлар мен алаңдарды пайдалануға болады.

Алматыда 2015 жылы 490 гектар аумақта Индустриялық аймақ құрылған. Инфрақұрылымына 27 млрд теңге жұмсалды, бүгінде 178 млрд теңге сомасындағы 39 жоба жүзеге асырылуға дайын, «BRBAPK» ЖШС жылыжай кешені іске қосылды. Алайда шағын бизнес үшін қала аумағындағы индустриялық аймақ алу қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан шағын индустриялық аймақ құрудың басым тұстары да жоқ емес. Мысалы 2 гектер жерге орналасқан шағын индустриялық аймаққа шағын және орта бизнестің 60 субъектісі сыяды, жер телімдерін рәсімдеу қажет емес, инфрақұрылым жүргізілген орынжайларда жабдық болса өндіріс те жедел түрде іске қосылады.

Мемлекеттік органдардың транспарентті әрі ашық тәсілінсіз бизнестің тиімділік мәселесін шешу мүмкін емес. Бүгінде Алматы қаласы әкімдігі консультативтік-кеңестік органының құрамындағы 50% бизнес өкілдері. Алайда консультативтік-кеңестік органының жұмыс органдары «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң талаптарын орындамайды, атап айтқанда консультативтік-кеңестік органының хаттамалары мен шешімдері көпшілікке жарияланбайды.

  Жалпақ жұрт тиісті консультативтік-кеңестік органы қабылдаған шешімді көре алмайды, талқылауға мүмкіндігі жоқ. Өңірлерде де осы мәселе орын алғандықтан «Атамекен» ҚР Ұлттық экономика министрлігіне консультативтік-кеңестік органы жұмысының ашықтығын қарастыратын типтік тәртімтеме қабылдауға ұсыныс білдірді.

Сонымен қатар өткізу нарығын арттыру механизмдерінің бірі –мемлекеттік сатып алуларда жергілікті тауар өндірушілердің үлесін арттыру. 2017 жылдың 1 жартысында Алматыда тауар, жұмыс пен қызметті сатып алу көлемі 392 млрд теңге болса, жергілікті қамту үлесі 42,5% болды, яғни 166 млрд теңге жергілікті өндірушілерге тиесілі. Жекелеп алғанда 72 млрд теңге немесе 58,7 % тауарға, 24 млрд теңге немесе 37,5 % жұмысқа, ал 69 млрд теңге 34,2 % қызмет көсрету саласында. Бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жобалық-сметалық құжаттарды дайындағанда отандық тауарларды таңдау туралы міндетті талап бекітілген бұйрық шығарған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер