astana-view

«Атамекенім» – жақсылықтың жаршысы

2017 жылғы 27 Желтоқсан
6203 просмотров

Ұлттық палатаның қайырымдылық акциясы жалғасып келеді

Өзгелерге көмек қолын созу қашанда абыройлы іс. Кез келген конфессияда, кез келген дінде, азаматтық қоғамда болсын жақынына қол ұшын созу адамгершіліктің белгісі. Алайда бұл қадам кез келген адамның қолынан келе бермейтін меже. Айналамызда көмекке мұқтаж көп, кейде мына өмір балалар мен қарияларға тым әділетсіз деп ойлаймыз. Десек те, өзгелерге шуақ нұры мен жылулық сыйлайтын адамдар да баршылық, мәрт және жомарт жандар  жеке кәсібін дөңгелетіп жүргендер арасында да көп. Осындай адамдар арқылы жер бетінде мейірімділік пен адамгершілік арта бермек.

Естеріңізге салсақ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2017 жылдың қыркүйек айында республикалық деңгейде ауқымды қозғалыс – әлеуметтік жауапкершілікті арттыратын «Атамекенім» қайырымдылық акциясын бастап кетті.

Елбасы бастамасымен қолға алынған  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» идеясы туған жерді қолдау мақсатында Ұлттық палата қолға алған «Атамекенім» акциясы негізіне алынды. Мақсат – әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру.

Аталған акция кәсіпкерлер арасында жүргізілді, яғни кәсібі бар адамдар, өз табысынан көмекке мұқтаж жандарға материалдық көмек, қолдау көрсетіп келеді. Әрине, бұл қайырымды қозғалыс басталмас бұрын да кәсіпкерлер үлкенді-кішілі қайырымдылық жасап келген, жасап келеді де. Тәуелсіз Қазақстан жылнамасы басталғалы бері шағын және орта бизнес өз деңгейінде дамып, жетіліп келеді, сол мезеттен бастап кәсіпкерлер қайырымдылық жасап келеді, алайда олардың қайырымды істері жайында халық біле бермейді. «Атамекенімнің» миссиясы – жомарт жандардың еңбегін паш етіп, өзгелерге үлгі ету, әлеуметтік жауапкершілікті насихаттау.

Бірден қолдау тапқан акция

«Атамекенім» әлеуметтік акцияның басталуына көп болған жоқ, алайда бұл қозғалыс қоғамда қызу қолдау тауып, күннен күнге қанатын кенге жайып келеді. Мұны республиканың барлық өңірінде атқарылып жатқан қайырымдылық жұмыстар дәлел. «Атамекенімді» облыстар мен Астана және Алматы қалаларының кәсіпкерлері қолдады. Акция барысында өңірлерде түрлі брифингтер, қайырымдылық пен әлеуметтік инвестицияларға қатысты қызу талқылаулар өткізілді.  Қайырымдылық жүйелі әрі ашық жүргізілуі үшін Facebook әлеуметтік желісінде «Атамекенім» арнайы топ құрылды. Онда барлық жаңалықтар мен қозғалыстар, қайырымдылық шаралар туралы ақпарат берілуде. Бүгінде әр кәсіпкер туған өлке дамуына үлес қосуы үшін арнайы Әлеуметтік мәселелер тізілімі әзірленіп, онда 974 мәселе тізілді. Онда ауылддағы мәдениет үйлері тапшылығынан бастап, ауыз су мәселесі сынды түйткілді мәселелер көтерілген. Ауылдардың бүгінгі келбеті, тозған жолдар, мектептер, ауылдағы инфрақұрылым барлығы жазылды. Кәскіпкерлер өңірде кәсіп бастап, кәсіпорындары жетілуімен қоса, туған өлке дамуына да үлес қоса алатыны айтылды.

Қазіргі таңда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әлеуметтік мәселелер тізілімі мен Әлеуметтік бастамалар картасын біріктіру жұмыстары жүргізілуде.

Үш ай көлемінде жүргізіліп жатқан «Атамекенім» акциясының бірнеше мысалдарын келтіріп кетелік.

Қостанайлық кәсіпкер ауыр науқасқа шалдыққан бүлдіршіннің емдеу шараларына қаржы бөлді. Қайырымды бизнесмен қиындыққа ұшыраған отбасыға қол ұшын созды.

Айжан Мырзахмедованың ұлы Әділбек бар болғаны бір жаста. Ол тетрапарез синдромына шалдыққан. Бұл ауру аяқ-қолдың қимылын бұзады, жасуша ұлпасы дұрыс дамытпай, ағзаны зақымдайды. Әділбек Челябинсктегі емханадан емдеу курсынан өтті. Жағдайы аздап болса да жеңілдеді. Бірақ сал ауруына асқыну қаупі әлі де бар. Дегенмен, дәрігерлер осы жастан емдеуді қолға алса, жазылуы мүмкін екендігін айтып отыр.

Қайтадан емдеу курсынан өту үшін қаражаттан қысылған отасы Қостанай өңіріндегі кәсіпкерлерден көмек сұраған. Жағдайды естіген жандар Әділбектің емдік курсына қаржы бөлді.

Бояулы – кәсіпкер қамқорлығындағы ауыл

Алматы облысы Балхаш ауданындағы Бояулы ауылы бір қарағанда қарапайым ғана. 2009 жылы жүргізілген санақта бұл ауылда 161 ғана адам тұратын. Ал бүгінде 32 отбасы бар. Тұрғын санының аздығы мен ауылдың шалғайлығына қарамастан, үлгілі елдімекен. Тұрғындардың айтуынша түрлі делегация мен маңызды қонақтар бұл ауылға жиі келеді. Бұл ауылда әлеуметтік түйткілді мәселе жоқтығын ерекше атап өткен жөн. Жолы жөнделген, үйге қажетті коммуникация тартылған, мектеп, спорт алаңы, медресе мен мешіт те салынған.

Алайда 15 жыл бұрын тұрғындардың жаппай қоныс аударуынан Бояулы қаңыраған ауылға айналып бара жатқан еді. Молдақасымовтар отбасы туған жердің болашағына алаңдады. «Туған жерге туың тік» дегенді ұстанған кәсіпкер ауылдастарға көмектесуді қолға алды. Бояулының тұрмысы өзгеріп сала берді. Гүлденіп, әл-ауқаты арта түсті. Осылайша кәсіпкер туған жерін өз қамқорлығына алды. Кәсіп иесі Бояулының дамуына шамамен 650 млн теңгеден астам қаражат құйған.

Шарбақтыдағы кәсіпкер ауылдастарға мешіт салды

Галкино ауылының тұрғындары жергілікті кәсіпкерден ерекше сый алды. Мәдениет Көлтаев шаруа қожалығын басқарады. Ауылдастар үшін өз қаражатына жайлы да ыңғайлы мешіт салып берді.

«Мешіт біздің ауылдың тұрғындары үшін қасетті орын саналады. Әсіресе ақсақалдар ерекше қуанды. Енді мұсылмандар мешітке келіп, дұға жасап, жақындары мен туыстарына құран бағыштай алады. Жаңа мешіт ауыл жастарына рухани тәрбие беруге қызмет атқарады. Бізде игі істерге жомарттық танытатын адал жандар көп болғай», – дейді мешіт имамы Мухатал Хуандага.

Кәсіпкер Мәдениет Көлтаев ауылдық округте ұйымдастырылатын мәдени, спорттық іс-шараларға демеушілік танытып, «Мектепке жол» акциясына да белсенді қатысады.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Атамекенім» акциясы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға және қайырымдылық мәдениетін жүйелі дамыту мен әлеуметтік жауапкершілікке бағытталған.

Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп, жалпыұлттық патриотизм жаңғырудың негізгі тетіктерінің екенін анық көрсетеді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» акциясы арқылы бизнестің рөлін талқылауды жандандыруға, оның туған жердің дамуы үшін, жекелеген қайырымылық көмегін көрсетуде әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ниетті. Акцияның алғашқы нәтижесі сәтті басталды. Бастысы мақсат айқын.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер