astana-view

Жеке меншік балабақшалардың мәселесі оң шешімін тапты

2018 жылғы 10 Мамыр
- Астана қаласы
4333 просмотров

Астанада кәсіпкерлердің жыл сайынғы конференциясында бизнес өкілдері түйткілді мәселелерді көтерді

Қазақстан мектепке дейінгі білім беру мекемелері қауымдастығы Астана қаласы бойынша филиалының директоры, кәсіпкер Айшат Вагапова мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін жекеменшік балабақшасының төлемін мемлекеттік балабақшалармен теңдестірудің қисынсыз екенін көтерді. Оның айтуынша, мектепке дейін білім беретін жекеменшік ұйымдардың құрылтайшыларының арасында бұл ұсыныс түрлі пікір тудырды.

«Бұл ұсыныста көп жайт ескерілмеген. Мысалы мемлекеттік балабақшада балаларды күніне 4 рет тамақтандырады, олар өздерінің жеке ғимараттарында орналасқан. Мұнымен қоса ата-ана мемлекеттік балабақшаға бүгінде 16800 теңге төлейді, ал жеке меншік балабақшаға ­– 20 800 теңге. Балабақша кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді, біз 5 уақыт тамақтандырамыз. Астанада 188 балабақша бар, оның 70%-ы ғимаратты жалға алып отыр немесе ғимарат алғаны үшін несие төлеп келеді. Жеке меншік балабақшада жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан Астана қаласы Білім басқармасының ұсынысында көп жайт ескерілмеген деп есептейміз, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасында осы мәселе көтеріліп, оң шешімін тапқанына алғыс білдіреміз. Кәсіпкерлердің жыл сайынғы конференциясында айтылған мәселе шешіліп, ата-ана төлейтін соманы сол 20 800 теңге көлемінде қалдырды», ­- деп атап өтті Айшат Вагапова.

Кәсіпкер 600-ден астам орынға есептелген 3 балабақша ашқан, онда 60-қа жуық қызметкер бар.

«Ата-аналар тарапынан берілетін төлемді азайтқанда, жекеменшік балабақша иелеріне бұл салада бизнес жүргізу тиімсіз болар еді», - деп атап өтті филиал басшысы.

Кәсіпкерлердің жыл сайынғы конференциясында көтерілген мәселені Астана қаласы әкімдігі қолдады. Ата-ананың жекеменшік балабақшаға төлейтін сомасы өзгерген жоқ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер