astana-view

Құқық қорғауда бизнес-омбудсмен көмекші

2018 жылғы 25 Мамыр
- Солтүстік Қазақстан облысы
5913 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлер шетелде өз құқықтарын қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтына жүгінеді

Бүгінде отандық бизнес қарым-қатынас шекараларын белсенді түрде кеңейтіп келеді. Көршілес ресейлік әріптестерімен бірлесіп жұмыс атқарып жатқан Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлер үшін де бұл қалыпты жағдай. Тиісінше, шетелде бизнес мүдделерін қорғау туралы мәселе туындап отыр. Мұндай жағдайларда бизнес-омбудсмен институты тамаша құрал.

«Өткен жылдың күзінде Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдердің бірінші бизнес форумы өтті. Онда Қазақстан және Ресей бизнесінің түйткілді мәселелері талқыланды. Ал осы іс-шараның нәтижесі ынтымақтастық туралы келісім жасасу және бүгінде бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған проблемалық мәселелерді анықтау болды», - дейді Солтүстік Қазақстан облысындағы Кәсіпкерлер палатасы директорының Құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Жеңіс Қазиев.

Сонымен қатар, осы келісім өз жемісін беріп жатқандығын айтып өтті. Осылайша, бүгінгі таңда Ресей мен Қазақстан бизнес-омбудсмендерінің қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысындағы екі кәсіпкердің құқығы қорғалды.

«Өткен жылдың мамыр айында бізге спорттық тауарлар сатумен айналысатын компания «Бурыкина Ю.С.» ЖК жүгінді. Ол Ресейден тауар сатып алған, алайда ол жолда қолды болыпты. Бұл жағдайда төтенше шаралар қабылдау қажет болды, сондықтан біз Ресей Федерациясының бизнес-омбудсмені Борис Титовқа жүгініп, осы мәселені шешуге көмектесуін сұрадық. Сондай-ақ, біз Марий Эль Республикасының және Псков облысының бизнес-омбудсмендерімен жедел байланысқа шықтық. Қараша айында мәселе шешілді. Ұрлыққа кінәлі тұлғалар анықталды, сот жүргізілді және қаулы шығарылды. Кәсіпкерге келтірілген зиянның бір бөлігі өтелді, қазіргі уақытта қалған сомаға қатысты мәселе шешілуде. Біз бұл мәселені бақылаудамыз. Биылғы жылы біз екі өтініш бойынша мәселелерді шешу үшін Ресей бизнес-омбудсменіне жүгіндік. Олардың бірі шешімін тапты, екіншісі бақылауда», - деп жалғастырды Қазиев.

Бизнесмендердің өздері де мұндай өзара қарым-қатынастың маңыздылығы туралы айтуда. «Бурыкина Ю.С.» ЖК менеджері Юлия Дубинаның айтуынша, тауардың ұрланғанын білген кезде олар бірден Ресейдің құқық қорғау органдарына жүгінген, алайда тергеу жұмыстары созылып кеткен. Палатаға шағымданып, бұл жұмысқа екі ел кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдері кіріскен кезде ғана іс орнынан қозғалыпты.

«Біз спорттық тауарлар нарығында 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Осы жылдар ішінде айтарлықтай тәжірибе жинақтадық, тренажерлар мен спорттық жабдықтарды алуда өндірушілермен тікелей ынтымақтастық орнаттық. Өткен жылы біздің компанияда елеулі оқиға болды. Біз ресейлік серіктесіміз – велосипед дайындаушысы өнімдерінің үлкен партиясына тапсырыс бердік, тауар фабрикадан жөнелтілген, бірақ ол жолда толығымен жоғалып кетті. Бұл біздің компанияның имиджі мен бюджеті үшін айтарлықтай ауыр соққы болды. Тауар ұрланғаннан кейін біз Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарына жүгіндік, бірақ тергеу ұзаққа созылды. Кәсіпкерлер палатасына және Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге осы мәселені шешуге көмек беруін өтініп, жүгінуге мәжбүр болдық. Палата қызметкерлері мен бизнес-омбудсмен өтінішімізге бірден құлақ түріп, Ресей Федерациясындағы әріптестерімен хабарласты», – дейді «Бурыкина Ю.С.» ЖК менеджері Юлия Дубина.

Осылайша бизнес-омбудсмендердің, Палата қызметкерлерінің және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында жеке кәсіпкердің құқығы қорғалды.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер