astana-view

Кәсіпкерлік: табыс кілті – жақсы маманда

2018 жылғы 11 Маусым
4921 просмотров

Адам – ең басты құндылық. Кәсіпкерлікте де адам капиталы маңызды. Басқасының барлығын сатып алуға болады. Қажетті капиталды жинауға, жылжымайтын мүлік, жиһаз, өндіріс жабдықтары мен маркетинг материалдарының барлығын да ақшаға алуға мүмкіндік бар. Бірақ мұның барлығы да адамдар арқылы жұмыс істейтінін естен шығармаған абзал. Үздік қызметкерді таңдау және жұмысқа қабылдай алу қабілеті табыстылыққа әсер етеді. Бизнес-гуру Брайн Трейси «Үздіктер қалай басқарады?» атты кітабында білікті қызметкерді қалай таңдау керектігі жайлы баяндаған. Кейбір кеңестерге назар аударған артық болмас...

Бос жұмыс орнын жақсылап ойластыру

Жаңа қызметкерді іздестірмес бұрын ашылған бос жұмыс орнын жақсылап ойластырып, қызметкер таңдайтын менеджерлер жұмыстарында аса жауаптылық танытуын қадағалау керек.

Ең алдымен 10/90 ережесін пайдалану керек. Уақыттың бастапқы 10%-ын ойлануға және жоспарлауға жұмсалғанда дұрыс шешім қабылдау үшін уақыттың 90%-ын үнемдеуге мүмкіндік береді. Жаңа қызметкер қандай нәтижеге қол жеткіздіру керектігін ойластырған абзал.

Әңгімелесуді тиімді өткізу

Көптеген басшылар әңгімелесуді қалай өткізуді білмейді. Бұл қателікті жою үшін ең алдымен жұмысқа қабылдайтын адам бос жұмыс орнының маңыздылығын, қандай кандидат қажет екенін жақсы түсініп, компанияның тиімді жұмысына керек артықшылықтарын білуі керек. Одан кейін үміткермен қарапайым тілде, сабырлылықпен сөйлесіп, оның қабілеті мен қарымын тану керек. Келген кандидат дәл іздеген адам екенін көз жеткізбей, оны көндіріп, барынша жоғары еңбекақы беремін деген мәселені көтермеген де дұрыс.

Қабылдауда ұзақ ойланып, жұмыстан жедел шығару

Қызметкерді дұрыс таңдаудың тағы бір ережесі – қабылдауға асықпай, жұмыстан тез шығару. Егер жұмысқа қабылдағанда қателік жіберіп, қызметкерді дұрыс таңдамағанына көз жеткізсе, көп ойланбастан қателікті шұғыл түрде дұрыстауға батылдық таныту керек. Себебі жұмыс нәтижесіз болады, тиісінше шығын арта береді. Егер ең басында бос жұмыс орнына қызметкер таңдаған болса, қабылдағаннан кейін де іздестіруді тоқтатпау керек. Компанияның ішінен қабілетті маманды тану, мансап жолын жасауға ықпал ету, қызметін ұсынған адамдардың үздік екеніне көз жеткізгенде, лайықты жұмыс ұсына білу, іскерлік байланыс орнату, міне, осының барлығы да кәсіптің жандануына әсер етеді.

Адами капиталды дамыту

Жақсы маман қайдан шығады? Біліктілік қалай қалыптасады? Тәжірибені қалай жинақтауға болады? Міне осы сұрақтар мамандық таңдауда, жұмысқа орналасуда маңызды. Тәжірибелі маман болып шығу үшін не істеу керек? Кәсіпорындарда маман тапшылығын жою, өндіріс орындарына жұмысшы мамандарды дайындау қалай жүргізіледі? Осындай түйткілді сауалдардың жауабын нақты іспен көрсету үшін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы адам капиталын дамыту, білікті мамандарды дайындау бағытын қолға алған.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмысшы мамандарды дайындауға көңіл бөліп, дуальді білім беруді енгізуге барынша күш салып отыр.

Бүгінгі таңда  2 410 кәсіпорын мен 389 колледж негізінде 20 050 студент дуальді білім беру арқылы оқып жатыр. Салыстырмалы түрде айтқанда, техникалық және кәсіби білімнің жалпы құрамында 489 мың адам бар, оның тек 4,1%-ы ғана дуальді білім алған.

Дуальді білім беруді дамытуда Ұлттық палата кәсіпорын негізінде қысқа мерзімді оқытуды ұсынды. Қазіргі таңда бұл  бизнес саласы өзіне маман дайындауға атсалысып келеді. 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында кәсіпорын жанындағы оқу орталықтарында 8 000 адам оқытылды, оның 75%-ы табыс табады.

Бүгінде «Атамекен» ҚР ҰКП реестріне 189 оқу орталықтары енген, оның ішінде 125 орталық кәсіпорын жанынан ашылған. 2017 жылы оқу орталықтары дәульді білім беру арқылы 7 982 маманды оқытты, оның 52%-ы жұмысқа орналастырылды. Бүгінде 111 оқу орталығы «Еңбек» бағдарламасына қатысып, 4 077 адамды оқытуды бастады. 

Соңғы бес жылда 258 мың адам қысқа мерзімді білім алды. Оқу жоспары бойынша: 2017 жылы – 70,6 мың адам; 2018 жылы – 37,2 мың адам; 2019 жылы – 46 мың адам; 2020 жылы – 50 мың адам; 2021 жылы – 56 мың адам болады.

Келешек - ITсаласында

Қазіргі таңда IT саласы қатыстырылмаған сала кем де кем. Болашақ осы салада, барлық жұмыс жаңа технология негізінде жұмыс істейтініне көз жетті. Бүгінде IT-мамандарына деген сұраныс, олардың жаңа тхнологияны игеруі, тың дүниені ойластыруы аса маңызды әрі ілгерілеуге сеп болып отыр.

Осы мақсатта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, «100 мың IT-маманын дайындау» жобасын қолға алды. Бұл жоба аясында фриланс биржаларындағы анағұрлым сұраныстағы білім беру бағдарламалары дайындалады. Сонымен қатар оқытуға және тапсырыс қабылдауға бағытталған екі сайт ашылады деп жоспарланған. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін фриланс биржасында сұранысы жоғары бағытқа талдау жасау, қысқа мерзімді оқыту бағдарламасын әзірлеу, жаппай оқыту, мысалы 3 жылда 100 мың азаматқа білім беру, түлектерді халықаралық биржалардан тапсырыс алғанға дейін сүйемелдеу жұмыстарын атқару қарастырылған.

Жеке кәсіп – табыс және жаңа жұмыс орны

Бүгінде біреуге жалданып жұмыс істегеннен гөрі, жеке кәсіп бастауды қалайтындардың саны артып келеді. Сонымен қатар шалғай аймақтарда, ауылдық жерде бизнеспен айналысуға болатыны дәлелденіп, тұрғындардың қабілет-қарымын арттырып, жаңа бағытқа баулу қолға алынған.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Бастау» жобасын жүзеге асырып келеді. 2017 жылы Қазақстанның 80 ауданында 15 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматқа кәсіпкерлік негіздері білімі берілді. Оның ішінде 3314 азаман бизнесін ашты әрі кәсібін ұлғайтты, 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Биыл жоба ауқымы кеңейді: аудандар саны 80-нен 160-қа дейін артып, қатысушылардың саны да екі есе өсіп, 30 мыңға дейін жетті. 2018 жылы жоба арқылы 160 ауданға қоса, 41 моноқала мен облыс орталығы қамтылмақ.

«Бастау» – шағын кәсіпкерлікті дамытудың тетігі ғана емес, жаңа жұмыс орнының ашылуына да септігін тигізетін жоба. Ауыл азаматтары шалғайдан жұмыс іздемей-ақ, өз ауылдарында табыс табу мүмкіндігін пайдалана алады.

Сөз соңында...

Жаңа жұмыс орнын ашу үшін компания құрылып, кәсіпорын ашылып, өндіріс іске қосылуы керек. Жаңа жұмыс орнына табысты арттыруға септігін тигізетін маман таңдау, оны тану, тиімді жұмыс істеуге ынталандыру басшының міндеті. Нарық сұранысын зерттеу, болашақты болжау, табыс арттырудың нақты жоспарын жасау арқылы жұмыс орнына қажетті маманды де елестете алады. Ізденіс пен білім арттыру бұл бағытта да артықтық етпейді.

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер