astana-view

БАҚ АРАСЫНДАҒЫ БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

2018 жылғы 25 Қыркүйек
8113 просмотров

Бүгін 25 қыркүйекте Қазмедиа орталығында БАҚ арасында «Бизнестің жол картасы-2020» және ЕАЭО нарығындағы қазақстандық кәсіпкерлік туралы үздік материалға арналған жыл сайынғы республикалық конкурстың салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Биылғы байқауға республикалық және аймақтық БАҚ тілшілерінен 250 – ден астам материал келіп түсті.

«Байқау тұңғыш рет өткенде әлі есімде Ұлттық палатаға 84 өтінім келіп түскен-тін. Бүгін бұл сан 250-ден асқан. Бүгінгі күні біз бизнес туралы жазу – бұл белгілі бір трендті қалыптастырып отырғанын көріп отырмыз, – деп мәлімдеді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының төрайымы Ләззат Рамазанова. -Әркім кәсіпкер бола алмайды, бірақ журналистер, олардың табыстарын көрсетіп, елге танытады. БАҚ-та трендтер тек орталық арналар мен басылымдарда болады, деген пікір бар. Аймақтардан келген журналистер бұл қатып қалған қағиданы бұзды бүгін. Біз өңірлік БАҚ-тардың жаңалыққа ашық және сонымен қатар үлкен әлеуетке ие екенін байқап отырмыз».

Марапаттау рәсімі аясында «Алаш Медиа Групп» медиахолдингінің бас директоры Батыр Қазыбаев пен «Atameken buѕіnеѕѕ» телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов журналистер үшін шеберлік сағатын өткізді.

Байқау 4 номинация бойынша өтті: «Баспа БАҚ-тағы ең үздік сараптамалық материал», «ТВ-дағы ең үздік репортаж» (ақпараттық-талдау бағдарламасына арналған сюжет, деректі фильм), «Интернет-БАҚ-тағы ең үздік сараптамалық материал» және «Ең үздік радио-сюжет».

 

Жұмыстардың басым бөлігі сараптау комиссиясының мүшелері атап өткендей, «Баспа БАҚ-тағы ең үздік сараптамалық материал» номинациясы бойынша келіп түскен. Журналистік материалдарды бағалау кезінде комиссия ақпараттың объективтілігін, жаңашылдығын, нақтылығын және шынайылығын, сондай-ақ журналистиканың этикалық қағидаттарына сәйкестігін ескерді.

«Нұр-Медиа» холдингінің бас директоры Ләззат Танысбай «ТВ-дағы үздік репортаж» номинациясы бойынша келіп түскен жұмыстарды бағалады.

Ерболат Мұхамеджан экономика тақырыбында аналитикалық материалдарымен танылған тележурналист. Оның экономикалық болжамдары сарапшылар тарапынан оң бағасын алып жүр.

«Менің түсінігімде бұл ең әділ өткен байқаулардың бірі. Әдетте эфирде не көрсетсең өмірде сол көрініс тауып жатады. Біз ерінбеген адамның бәрі әнші болып кетті деп кеийміз. Телеарналардың кез-келгенін қосып қалсаңыз қаптаған әнші. Сол сияқты эфирден кәсіпкерлік, еңбекті насихаттаған репортаждар берейікші, халықты жұмыспен қамтудың тетіктері туралы айтайықшы. Ел кәсіпкерлікке ден қойған кез қазір. Сондықтан бұл байқау- бизнес ортаны қолдаудың бір үлгісі, алғысым шексіз»,-дейді Е.Мұхамеджан.

«ТВ-дағы үздік репортаж» номинациясы бойынша жеңімпаздар:

1 орын - Ерболат Мұхамеджан, «Atameken business» (Астана)

2 орын-Әмір Саменбетов, «Хабар» (Астана)

3 орын-Мұхит Тоқтасын, «Жетісу» телеарнасы (Талдықорған).

Арнайы сыйлыққа Мәриам Бейсен «Апорт» телеарнасының журналисі ие болды.

«Интернет-БАҚ-тағы үздік репортаж» номинациясы бойынша ақпараттық агенттіктер, интернет порталдар, сайттарда жарық көрген материалдар, сонымен қоса фрилансерлер мен блогерлердің де материалдары қарастырылды. Ақбота Сейсенбаева Керекудегі «Павлодар news» ақпараттық-аналитикалық порталының журналисі.

«Мен байқауға тұңғыш рет қатысып отырмын. Біздің аймақта кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндіктер қарастырылған. Үй жағдайында саңырауқұлақ өсіретін, «асқабақты қарбызға айналдыратын», сары қарбыздан мол өнім алатын кәсіпкерлер біздің өңірде көп. Мен олардың әрқайсысының кәсібін мақтанышпен насихаттаймын, олар еңбек ерлері»,-дейді Ақбота Сейсенбаева.

«Интернет-БАҚ-тағы үздік репортаж» номинациясы бойынша жеңімпаздар:

1 орын - Ақбота Сейсенбаева, журналист, «Павлодар news» (Павлодар)

2 орын - Кирилл Павлов, блогер (Алматы)

3 орын - Гүлжан Абирова, фрилансер (Алматы)

Арнайы сыйлыққа Николай Энелане, журналист, «Информбюро» (Астана) ие болды.

Қазылар алқасының төрағасы қазақстандық танымал публицист, қазақ журналистикасының зерттеушісі Намазалы Омашев конкурстың маңыздылығын атап өтті.

«Мұндай байқаулар қажет, көптеген өңірлік журналистер байқауға қатысып, бағын сынайды. Бұл қуанышты, жұмыс деңгейі қалыпты», - деді Намазалы Омашев.

Мұхаметқали Қалмағамбет экономика, бизнес тақырыбында кеңінен жазып жүрген кәсіби журналист. Кезінде республикалық «Егемен Қазақстан» басылымының экономика бөлімін басқарған. Қазір осы басылымның Алматы облысындағы меншікті тілшісі. Конкурсқа 20 дан астам талдамалы материал ұсынған.

«Қазақстан экономикасының қуаттылығын елдегі өндіріс ошақтары арттырады. Кез-келген мемлекеттің қуаттылығы- экономикада. Осыған дейін республикалық басылымда мемлекеттік бюджет, әртүрлі бағдарламалардың орындалу барысы туралы сараптамалық материалдар жариялағанмын. Қазіргі таңда тікелей аймақтардағы экономикалық ахуал, кәсіпкерлік бағыты, шағын және орта бизнесті дамыту сынды тақырыптарды көтеруді қолға алдым», -дейді ол.

«Баспа БАҚ-тағы үздік сараптамалық материал» номинациясының жеңімпаздары:

1 орын-Қалмағамбет Мұхаметқали, «Егемен Қазақстан» (Алматы облысы)

2 орын - Галина Каренских, «Надежда» (Орал)

3 орын-Жұматай Кәкімжанов, «Қостанай таңы» (Қостанай)

«Ақтөбе медиа» ұжымынан Арайлым Нұрбаева арнайы сыйлықпен марапатталды.

Қазақ радиосының эфирінен «Кәсібің –нәсібің», «Табыс кілті»  және т.б кәсіпкерлікке мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсету, шағын және орта бизнесті дамыту  туралы хабарлар тұрақты түрде таратылады. «Шалқар» ұлттық радиосының журналисі Мұхтар Тұртайұлы байқауға қатысып, үздік радио-сюжет аталымы бойынша 1 орынды иеленді.

«Байқау жоғары деңгейде өтті. Біз бұл конкурсты жылда қадағалап отырамыз. Мен биыл отандық өнім туралы сараптамалық сюжеттерімді тапсырғанмын. Әріптестерімді экономика, бизнес тақырыбына материалдар жазуға шақырамын»,-деді М.Тұртайұлы.

«Үздік радио-сюжет» номинациясы бойынша жеңімпаздар:

1 орын - Мұхтар Тұртай, «Шалқар» радиостанциясы

2 орын-Алмира Елімсарина, Қазақ радиосы

3 орын - Надежда Рогазина, Қарағанды радиосы

Арнайы сыйлықтың иегері Павлодардың «Халық» радиостанциясының тілшісі Гүлайым Тасова атанды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер