astana-view

2015 жылы көктемгі егістік және жинау жұмыстарын қаржыландыруға 60 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр

2015 жылғы 23 Қаңтар
3717 просмотров

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ҚР ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің кезекті отырысы өтті.

Онда 2015 жылғы көктемгі егістік және жинау жұмыстарын (бұдан әрі – КЕЖ) жүргізуді дер кезінде қаржыландыру үшін 60 млрд теңге мөлшеріндегі бюджеттік кредит бөлу туралы мәселе қаралды.

Ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін көбірек қамтуды және қаражаттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 2010-2014 жылдардағыдай кредиттік өнімдерді жүзеге асыру жоспарлануда:

- екінші деңгейлі банктер (бұдан әрі – ЕДБ) кепілдікпен кредит беру;

- кредиттік серіктестіктер, микроқаржылық (микрокредиттік) ұйымдар жүйесі арқылы қарыз бойынша қамтамасыз етуде қиындыққа ұшыраған ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін (бұдан әрі – АШТӨ) қаржыландыру;

- әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар немесе ЕДБ кепілдігімен астықты форвардтық сатып алу (орындау мерзімін күзге дейін шегерумен астықты көктемгі сатып алу жолымен);

- Холдингтің еншілес ұйымдары болып табылмайтын қаржы институттары арқылы АШТӨ қаржыландыру.

Сонымен, 60 млрд теңге бюджеттік кредитті мына түрде бөлу жоспарланып отыр:

- «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ - 7,5 млрд теңге;

- «Азық-түлік келісім-шарт» ҰК» АҚ - 17,5 млрд теңге (форвардтық сатып алу);

- қаржы институттары – 35 млрд теңге.

«ҚазАгро» Холдингінің қосымша бюджеттен тыс қаражат тартуын есептегенде, үстіміздегі жылда көктемгі егістік және жинау жұмыстарын (техника лизингін қосқанда) жалпы 97 млрд теңге деңгейіндегі қаржыландыру жоспарланып отыр.

Отырысқа ҚР ҰКП АӨК Комитеті мүшелерімен бірге «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Азық түлік корпорациясы» ҰК» АҚ және Ұлттық  холдингтің басқа да еншілес институттарының басшылары қатысты.

Отырыс қорытындысы бойынша мынадай шешімдер қабылданды:

1) «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдау бойынша іс-шаралар өткізу үшін кредиттеу» 023 бюджеттік бағдарламасы аясында 2015 жылы ұсынылатын бюджеттік кредит қаражат есебінен қаржыландырудың негізгі өлшемдері бойынша және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар кепілдігімен форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша қаржыландыруды арттыруды ескере отырып бюджеттік кредит қаражатын бөлу бойынша «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ ұсыныстарын мақұлдау.

2) 2015 жылғы көктемгі егістік және жинау жұмыстарын іркіліссіз жүргізу мақсатында, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, сонымен бірге бюджеттік кредит қаражаты есебінен 2014 жылғы бидай мен арпаны форвардтық сатып алу шарттары бойынша АШТӨ міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету ретінде Корпорация пайдасына ұсынылған кепілдіктер бойынша «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ алдында қарызы барлардың да кепілдіктерін қабылдауды жалғастыруды ұсыну.

Комитет мүшелері бұл шешімге бірауыздан дауыс берді және ол сәйкес хаттамада тіркелді.

КЕЖ жүргізу үшін қаражат бөлу 2015 жылы өткен жылдарға қарағанда 1,5-2 ай бұрын жүзеге асырылатын болады. Бұл аграрийлерді егістік науқаны басталғанға дейін кредит қаражатымен қамтамасыз ету мүмкіндігін береді.

Сонымен қатар, КЕЖ жүргізуге бөлінетін бюджет қаражатын бөлу үстіміздегі жылы «ҚазАгро» Холдингі Директорлар кеңесінің шешімімен бекітіледі. Бұрындары бұл мәселе ҚР Мемлекеттік Экономиканы жетілдіру жөніндегі комиссиясының қарауына шығарылған болатын.

Осылайша, АӨК комитетінің аталмыш отырысын өткізу АШТӨ-ні арзандатылған кредит қаражатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, осының нәтижесінде көктемгі суару жұмыстарын жүргізу уақытылы және іркіліссіз жүзеге асырылатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер