astana-view

Бананды-лимонды Қазақстан…

2015 жылғы 16 Маусым
9235 просмотров

Виртуалды сервистер көмегімен Қазақстан арзан көкөніс және жемістермен қамтамасыз етілмекші

«BenchMark Consulting» ЖШС директоры Әскер Башеев Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жеміс-көкөніс кластерлерін дамыту тұжырымдамасын ұсынды.

Әскер Башеевтің айтуынша, жоба халықты Қазақстанда өндірілетін жеміс-көкөніс өнімімен жабдықтауға, сонымен қатар оны Ресей мен Қытайға экспорттауға бағытталған.

«Көкөніс-жеміс кластерлерін дамыту тұжырымдамасы кәсіпкерлерді жеткізу мәселесінде ынтымақтасу жолын ұсынады. Тұжырымдаманы Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты бес ел өкілдері қолдап отыр. Шолпанатада өткен жұмыс кездесуінде аталмыш тұжырымдаманы осы республикалардың жеміс-көкөніс секторларын дамыту үшін негізге алу жайлы меморандумға қол қойылды», - деп хабарлады ол.

Сарапшы бұл ұсыныстың бірегейлігінің неде жатқанын түсіндірді. «Интернет-тұғырнамада виртуалды кластерлер құра отырып, біртіндеп ел ішінде және одан тысқары жерлердегі кәсіпкерлер арасында тікелей коммуникациялар саны мен сапасын арттырамыз. Сонымен бірге олардың қайда болатыны мүлдем маңызды болмайды. Бастысы, оларда өндіретін өнімге деген қызығушылық бар. Біз оларды кластер қатысушыларының тізіміне қосамыз, ал ақпарат оларға осы ақпарат орналастырылған сәтте шынайы уақыт режимінде жетеді», - деді ол.

«Бұл халықаралық бәсекелестікте барынша тиімді болып, жеңіп шығуға мүмкіндік беретін ауадағы, виртуалды сервистер. Мұндай тұғырнама бизнестің жеткізулер тізбегін құруын, басқаруын жеңілдетеді, себебі маркетингтік өркендетудің барлық құралдары сервистердің өздеріне «таңылған». Тұғырнамада тауарларды, сатуларды және басқаларын жедел есепке алу сервистері интеграцияланған. Мемлекетте де осындай тұғырнаманың болғаны жақсы, өйткені ол бизнесті ашық та транспарентті етуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Әскер Башеев.

Ол сонымен қатар жобаның мәмілені тіркеумен бірге тауарлар мен қызметтер есебін жүргізетін, өнімді жарнамалайтын, көлік пен логистикаға кететін көлік шығындарын оңтайландыратын, ұйымдастыру құрылымындағы уәкілеттіктерді бөлуге, серіктестің коммерциялық тәуекелдерін барынша азайта отырып тауарды өткізуге және сатып алушыға жеткізуге көмектесетін биржалық сауда элементтері бар өзінше бір заманауи ақпараттық жүйе екенін атап өтті.

«Тұғырнама ретінде коммерциялық ақпараттың құпиялылығына кепілдік береміз, өйткені қатысушылардың әрқайсысы өз логині және құпиясөзі арқылы кіреді», - деп жалғады сөзін сарапшы.

Әскер Башеевтің айтуынша, тұғырнаманың негізгі идеясы онда салалық немесе салааралық қағида бойынша кәсіпорынның бірігуі сияқты кластерлер құрылуында жатыр. Ал бұл кластерлер мынадай жеткізу тізбектерін тұрғызады: фермерлік және шаруа қожалықтары; сауда-дайындау орындары; сауда-бөлу орталықтары; сақтау қоймалары, қайта өңдеуге ие және ірі өткізушілер болып табылатын ірі құрылымдар, сондай-ақ көтерме нарықтар, бөлшек сауда мен басқа да ірі көтерме тұтынушылар.

«Біз технологияның өнім туралы ақпарат жүйеге түсетіндей жолмен құрылуын ұсынамыз. Өнімді дайындау кезеңінде сауда-дайындау орындары жұмыс жасайды. Олардың өз автокөлігі, стандартталған ыдысы болуға тиіс. Ол шаруаларға немесе фермерлерге фьючерлік келісімшарттармен беріледі, ал ақшаның белгілі бір бөлігі фермердің қажет көлемді тиісті сапамен өсіре алуы үшін төленеді. Осы ақпарат жиналып, калибрлеу, сұрыптау жүруге тиіс», - деді ол.

ҚР ҰКП Сауда комитеті Хатшылығының Хатшысы Жібек Әжібаева өз кезегінде жобаның бір жылда ғана жасалмағанын, 2005 жылдан бері осы жұмыс жүргізіліп келе жатқанын атады.

«Жобаны құру себебі жеміс-көкөніс өнімінің құны жоғары, ал сапасы төмен болуында. Оңтүстік-Солтүстік өңірлерге жеткізу ырғақтылығы жоқ. Бұл тұрақты баға секірістерін тудырады», - деп баса көрсетті ол.

Ауыл шаруашылық министрлігі жобаны қолдап отыр. «Тұжырымдама өте өзекті. Ауылшаруашылық министрлігі ауылшаруашылық өнімін өткізуді дамытуды қашан да қолдайды. Біз тұжырымдаманы толықтай қолдаймыз. Белсенді жұмыстар жүргізетін боламыз», - деді Ауылшаруашылық министрлігінің өкілі Аягөз Айтпаева.

Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жобаға қатысуға дайындықтарын білдірді. «Бұл жерде университет ролі қайта өңдеу, сақтау жөніндегі мамандарды даярлау, кейін болашақта жеміс-көкөніс кластері үшін кадрларды даярлау ретінде ұсынылып отыр. Бізде агроөнеркәсіп секторы үшін инновациялар дайындаушы ғалымдар өте көп. Бұл кластерді дамыту үшін пайдалы болар еді. Яғни бұл соңғы кездері айтылып жүрген мәселе: ғылымды, білімді және бизнесті дамыту – үштік тізбек. Бұл істе жүзеге асатын болады», - деді жоғары оқу орны коммерцияландыру кеңсесінің басшысы Айгүл Нұрмұханбетова. Ол сондай-ақ университеттің жобамен жұмыс үшін ынтымақтастық туралы меморандум жасасып қойғанын айта кетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер