astana-view

«Атамекен» жас кәсіпкерлерге тегін консультация береді

2015 жылғы 09 Шілде
9788 просмотров

«SAGE Kazakhstan» ұлттық біріншілігіне қатысушылар «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдерімен кездесті

ҰКП төралқасының мүшесі Талғат Доскенов жеткіншектермен әңгіме үстінде жастар кәсіпкерлігі Ұлттық палатаның бүгінде дамытып жүрген маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Біз жұмысшы кадрларды даярлаумен белсенді түрде айналысып жүрміз, елімізде алғаш өткізіліп жатқан «WorldSkills International» іс-шарасын ұйымдастыруға ат салыстық, енді «SAGE Kazakhstan» біріншілігіне қатысып отырмыз, - деді ол.

Талғат Доскенов балаларға «ең батыл идеяларды жүзеге асыру үшін, олардың бойында жаңашылдық оты өшпеуін» тіледі.

«Жастық шақ қандай да бір дәстүрлі дүниеге жаңаша көзқараспен қарап, жаңасын жасап шығу үшін беріледі», - деп атады төралқа мүшесі.

«Бизнес-жоспарларды жазуда кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына жүгіне аласыздар. Біз сіздерге қажет консультацияларды тегін жүргіземіз», - деп мәлімдеді ол.

Талғат Доскенов елімізде өз-өзіңді танытуға болатынын, бастысы, табанды болу керектігін баса айтты. «Миллионер болу үшін, бастапқы кезде бірнеше рет бәрінен айрылып, кедейленіп отыруға да болады», - деп қосты ол.

Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Ләззат Шонаева жеткіншектерді мектеп бағдарламасын жаттап оқып қана қоймай, білімді өмірде қолдана білуді ұғынуға шақырды.

«Егер әлемдегі көптеген жетістікке жеткен адамдардың өмірбаянына үңілер болсақ, олардың арасында оқу озаты, үлгілі оқушы болғаны некен-саяқ, олар тек басымдылықтарды өте дұрыс айқындай білген. ҰБТ-дан қанша бал алғандарыңыз маңызды емес, бастысы, функционалдық сауаттылықтарыңыз болса жетеді. Осыдан кеп табысқа жетулеріңіз керек», - деді ол.

Байқау қорытындысы бойынша екі номинациядағы жеңімпаздар анық болды. Сонымен, «Әлеуметтік жауапты бизнес» номинациясында Атырау облысынан келген топ құс өсіру жөніндегі жобасымен жеңіске жетті. Айзада Уәлитова, Жантас Қайратов, Ақерке Зұлқашева мен Диас Махаббатолла жұмыртқалар сатып алып, оларды кейін сату үшін инкубаторларда балапан өсірумен айналысады.

Қарағанды облысынан келген Галина Коротеева, Полина Мартемьянова, Жанар Тоқанова және Айжан Бөлекбаева майтабанның алдын алуға арналған ортопедиялық кілемшелер өндіру жөніндегі жобамен екінші орын алды. Тері бұйымдар өндірісімен Әлібек Тайман, Нұрбек Науқанов және Аружан Асылханова айналыспақшы. Олар Ақтөбе облысынан келіп, аталмыш номинацияда үшінші орын алды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша үздік жобалар: бірінші орын – «Еріктілерге арналған ұялы қосымша» жобасы (Астанадан келген Темірлан Уәли, Әлібек Ақанов және Мұхамедәли Салайдын), екінші орын – «Душа на ладони» балалар үйі тәрбиеленушілеріне арналған жобасы (Маңғыстау облысынан келген Айман Жұмабаева мен Виолетта Кан), үшінші орын – Ақтөбе облысында гүл өсіру (Еркеназ Шотаева, Карина Дербісалина мен Қуат Ахметов).

«SAGE Kazakhstan» бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Зәуре Уәлиева «Әлеуметтік кәсіпкерлік» номинациясындағы жеңімпаз жоба жайлы айта келіп, балалардың Қазақстанда еріктілер қызметін дамытқылары келетінін баса айтты, ал бұл мәселе еліміз үшін өзекті болып табылады. «Жоба сөзсіз инновациялық дүние. Бұл ұялы қосымша күллі әлемдегі еріктілердің осы қызметке қатысуына мүмкіндік береді. Қосымшада еріктілер көмегі қажет болатын іс-шаралар тізімі жасалады. Кез-келген адам қосымшаға кіріп, өзіне жақын жобаны таңдайды, тіркеледі. Бұл іс-шара еріктінің күнтізбесіне автоматты түрде енгізіледі және ол өз кестесін қадағалап отыра алады», - деді ол. Зәуре Уәлиеваның айтуынша, оқушылар БҰҰ «Еріктілер» («Волонтеры») бағдарламасымен серіктестік келісім жасасуды жоспарлауда.

Сонымен, Сеулде 2015 жылғы тамыз айына өтетін SAGE халықаралық біріншілігіне қатысу үшін бірінші орын алған екі топ қана барады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер