astana-view

«Атамекенмен» ақылдасып шешті

2015 жылғы 20 Шілде
9261 просмотров

Қазақстан Үкіметінде туристерге арналған кепілдіктер жүйесі құрылады

Қазақстандықтар үшін сыртқа шығу туризмі қызметтерін көрсететін турагенттіктер мен туристік компанияларға деген талап күшейтіледі. Анығын айтсақ, туристік бизнес өкілдері мен олардың клиенттері арасында теңгерім орнатылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев хабарлады.

Министр былтыр және биылғы жылы жекелеген туристік компаниялардың банкроттығы төңірегіндегі жағдайға түсінік бере отырып, «азаматтардың үйіне оралуына көмектесіп, өткір жағдайдың бетін қайтарғандарын» мәлімдеді.

«Жүйелік шаралар жайлы айтар болсақ: биылғы жылы туристік операторлар, туристік компаниялар және халық мүддесі арасында теңгерім орнатқымыз келеді. Туристік операторлар мен компаниялардың шағын орта бизнес ретінде жеңілдікті құқықтық реттеуге кіргені түсінікті, бірақ халық залал көріп отыр», - деп баса айтты Әсет Исекешев.

Осыған орай министрлік Ұлыбритания тәжірибесін қолдануды, және де қазақстандықтарды шетелге жөнелтетін туристік операторлар мен компниялар жауапкершілігін күшейтуді ұсынады.

«Туристік компаниялар банктер немесе ипотекалық құрылыс компаниялар сияқты не қатаң түрде лицензиялануға тиіс, не халқымыз зиян көрмес үшін қандай да бір депозит жасауға тиіс. Әрине, бұл туристік операторлар нарығына түзетулер енгізеді», - деп болжады министр.

Әсет Исекешев «осыған дайындалуға» шақырды. «Халқымыздың мүддесі бәрінен жоғары тұруға тиіс. Мұндай жұмысты «Атамекенмен» жүргізіп, бірқатар министрліктермен талқылаймыз». Инвестициялар және даму министрі берген деректер бойынша, заң биылғы жылдан қалмай әзірленіп қабылданады.

«Келесі жылы, жаңа туристік маусымда мұндай эксцестер орын алмауға тиіс», - деп түйіндеді министр.

Әсет Исекешев ішкі туризмнің даму жағдайына түсінік бере отырып, туристер өсімінің байқалатынын атады.

«Өткен аптада өңірлермен талқылау өткіздім. Қазір Алакөлде 80-нен астам шипажай мен демалыс базаларында бос орын жоқ, тіпті жағажай маңындағы жақын жатқан үйлер жалға беріледі. Каспийдегі барлық шипажайлар мен демалыс базалары да бос емес. Бурабай, Балқаш – мұндай орындар жетіп жатыр», - деп хабарлады министр.

Осыған орай министр ішкі туризм бағдарламасының, көлік инфрақұрылысы құрылысын қоса алғанда, дамудың «теңдессіз шаралары» көмегімен және жетекші туристік державалар үлгісімен түзетілетінін айтып өтті.

"Қазақстаның кез келген азаматының ішкі туристік орындар мен шипажайларға көлікпен бара алуы үшін жағдай жасауға тиіспіз", - деді Әсет Исекешев.

Жанар Бiрлiкқызы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер