astana-view

Мемлекеттік сатып алуларда әділдік орнай ма?

2015 жылғы 28 Шілде
8677 просмотров

Қаржы министрлігі тендерге қатысушылар үшін біршама әділ ереже орнатуға уәде берді

Қазақстанда жақын болашақта мемлекеттік сатып алу жөніндегі барлық шарттар тек электронды түрде жасалатын болады. Мемлекеттік сатып алулар саласында даярланған жаңа заң жобасы жайлы жеткізген қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деп хабарлады. «Аталмыш шара баға, сан өлшемдерін қадағалауға және осының негізінде белгілі бір бағалар дерегінің базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Заң жобасында тапсырыс берушінің байқау құжаттамасын нақты жеткізушіге қалыптастыруы сияқты құбылыспен күреске арналған нормалар көзделген. Бұл түйткілді шешу үшін типтік сатып алулардың шектеулі шеңбері үшін байқау құжаттарының техникалық спецификациясы мен стандартталуын алдын-ала талқылау институты енгізіледі. Басқаша айтқанда, бизнесмендер техникалық спецификациялармен ертерек таныса алады, және де олардың белгілі бір әрі оңай танылатын жеткізушілерге таңылуын анықтаған жағдайда даулай алады.

Руслан Бекетаев берген деректер бойынша, 2015 жылдың басынан бері бақылау іс-шаралары қорытындысы бойынша техникалық спецификацияның негізсіз түрде жеткізушілерге деген көтеріңкі талаптардан тұрған 95 дерек анықталған. 40 тендердің күші жойылды, жасалған 9 шарт бұзылды және 84 тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қаржы министрлігі жаңа заң жобасының формалдық себептермен негізсіз бас тарту деректерін барынша азайтатынына сенеді. Ол үшін алдын-ала жіберу хаттамасында көзделмеген негіздемелер бойынша байқау өтінімдерін қайтаруға тыйым салатын норма енгізілді. Дайындаушылар сонымен қатар мемлекеттік сатып алулар қатысушыларының бір-бірінің байқау құжаттарын қарай алуын, сәйкесінше, өз өтінімдерінің қайтарылу себептері мен жеңімпазды таңдаудағы объективтілікті бағалауға мүмкіндік туындату жолдарын ұсынды. Руслан Бекетаев үстіміздегі жылы комиссиялар 58 рет келген өтінімдерді қайтарып, өткізілген сатып алулар күшін жойғанын, 166 шенеуніктің жауапкершілікке тартылғанын атады.

Жанар Бiрлiкқызы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер