astana-view

SCAT: Қажылық жасаушыларды тасымалдауға ресми тыйым салынған жоқ

2015 жылғы 21 Тамыз
9800 просмотров

Бүгінде қазақстандық қажылық жасаушыларды тек Сауд Арабиясының «FlyNas» авиакомпаниясы тасымалдайды деп шешіліп отыр

«Авиакомпанияға да, ҚР авиация билігіне де Сауд Арабиясы авиациялық билігінен ресми бас тарту не тыйым салу келген жоқ. Үстіміздегі жылдың 6 тамызында авиакомпания Сауд Арабиясы Бас азаматтық авиация басқармасынан авиакомпанияның қауіпсіздік бағдарламасын қабылдағанын растайтын құжат алып, осының негізінде SCAT компаниясының Сауд Арабиясы Королдігінің әуежайларына тұрақты жолаушылар рейстерін орындауы мақұлданады», - делінген авиакомпания хабарламасында.

SCAT авиакомпаниянсы Джиддаға сапарларды Қажылық кезінде ғана орындайтыны туралы мәлімдеме таратпағанын атады, себебі Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан Сауд Арабиясына тұрақты сапарлар ашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал осы сапарлар бағдарламасына 2015 жылғы Қажылықпен байланысты рейстер кіруі де мүмкін.

«2014 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы авиациялық биліктерінің арасындағы келіссөздерде меморандумға қол қойылып, оған сәйкес тұрақты сапарларды орындау үшін Қазақстаннан SCAT авиакомпаниясы тасымалдаушы болып тағайындалады. GACA авиациялық заңнамасына сүйене отырып, үстіміздегі жылдың шілде айында авиакомпания аккредиттеуге құжаттардың толық пакетін ұсынады және авиакомпания қауіпсіздігі бағдарламасына алдын-ала мақұлдау алады. Аталмыш бағдарлама үш жыл бойына, яғни 2018 жылға дейін жарамды. Қазір авиакомпания аккредитацияны күтуде. Оны құжаттар тапсырылған соң, жиырма күн ішінде беруге тиіс болатын. Бізге белгісіз себептермен аккредиттеуді беру мерзімі созылуда. Осының нәтижесінде 2015 жылы Алматыдан Джиддаға сапарларды орындауға тек Сауд Арабиясының тасымалдаушысы ғана тағайындалып отыр», - дейді SCAT.

Ал азаматтық авиация комитеті жеке сайтында 2015 жылғы 16 тамызда Джидда қаласында Қазақстанның авиациялық билігі мен Сауд Арабиясы авиациялық билігі және  «FlyNas» авиакомпаниясы арасында «Қажылық маусымы кезеңінде Сауд Арабиясына қазақстандық қажылық жасаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері бойынша» келіссөздер жүргізілгені жайлы қысқа ғана ақпарат орналастырды. «Келіссөздер нәтижесінде «FlyNas» авиакомпаниясының Алматы - Джидда - Алматы және  Алматы - Медине – Алматы бағыттары бойынша Сауд Арабиясына қазақстандық қажылық жасаушыларды тасымалдау сапарларын жүзеге асыру жөнінде келісуге қол жеткізілген. Авиакомпания 4005 адам көлеміндегі қазақстандық қажылық жасаушылардың барлық квотасын Сауд Арабиясына тасымалдау жөніндегі міндеттемені мойнына алады», - делінген хабарламада. Сонымен бірге қазақстандық қажылық жасаушыларды тасымалдауды неліктен тек Сауд Арабиясының авиакомпаниясы ғана жүзеге асыратынының себептері анық айтылмаған.

Сонымен бірге Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы қажылық жөніндегі бөлімінің бастығы Қанат Бекжанмен де сөйлестік. Оның сөзінше, SCAT компаниясы қара тізімде болғандықтан, Сауд Арабиясына ұшуға жіберілмеген екен. Бұл жерде туындайтын сауал, сонда авиакомпания бастапқыда неліктен қажылық жасаушыларды тасымалдайтын компаниялардың бірі ретінде белгіленген?

«Бір себептермен бәрі жасырын қалып отыр. 30 шілдеде Азаматтық авиация комитетіне ресми сұрау жібердік. Олар әлі жауап берген жоқ. Бірақ Turkish Airlines және басқа да тұрақты тасымалдаушыларға комитет қажылық жасаушыларды тасымалдауға құқықтары жоқ екені жайлы хат жолдаған, себебі тек «FlyNas» компаниясына ғана рұқсат етілген», - деп «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Туристік сала хатшылығы хатшысының орынбасары Серік Мейрамбеков жағдайға түсінік берді.

Ол бұл түйткілді шешу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ҰКП алаңында жиналыс өткізілгенін хабарлады. Қорытынды ретінде ҚР вице-премьері Бердібек Сапарбаев жиналыс өткізіп, ол Инвестициялар және даму министрлігіне және Сыртқы істер министрлігіне қазақстандық қажылық жасаушылардың авиатасымалдаушыны таңдау құқығын шектемеуге, оларға тұрақты рейспен ұшу мүмкіндігін беруге тапсырма берді.

Ал Ұлттық палатаға қажылық жасаушылардан өтініштер келуі тоқталмағанын атап өту керек. ҰКП осыған орай Бердібек Сапарбаевқа тапсырмасының орындалмай жатқаны туралы, және де қасиетті қажылық уақыты жақындаған сайын жағдайдың шиеленісіп бара жатқаны жайлы хат жолдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер