astana-view

«Асар» - бизнесті өзара қолдау

2015 жылғы 10 Қыркүйек
- Астана қаласы
12141 просмотров

«Инвесторлар альянсы» Қоғамдық бірлестігі елордалық Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен краудфандинг үшін жаңа қазақстандық тұғырнама құруда

Жаңа электрондық алаңға арналған атау кездейсоқ таңдалған жоқ. Қазақ халқында бас біріктіріп бір-біріне тегін көмек көрсететін игі дәстүр ежелден бар.

«Асар» - бауырмалдықтың, жерлестер мен туған-туыстар бірлігінің көрінісі, бір-біріне тегін көмек көрсетуге талпыну. Қазақтар ортақтаса жүріп талай үйді немесе басқа да құрылыстарды бірге көтерген, жаңа үйленген жастар үшін баспана салып берген.

Краудфандингтік жобалар құруға арналған виртуалды тұғырнама – заманауи шешім. Оның көмегімен отандық кәсіпкерлердің инновациялық идеялары жүзеге асырылады. Қоғамдық бірлестік өкілдері ісін бастаушы кәсіпкерлердің жеке жобасына ақша жинауға көмектесетін тұғырнама жасақтау идеясын жарты жыл бойы ойластырды.

«Біз түрлі старт-ап жобаларға инвестиция саламыз. Банктерден қаржылай көмек алуға қолы жете бермейтін ісін бастаушы кәсіпкерлердің жүгінуі жиілеп келеді. Осы өтініштер көбейген кезде, оларға қалай көмектесетініміз жайлы ойға қалдық. Нәтижесінде краудфандингілік тұғырнама құруға бел будық» - дейді «Инвесторлар альянсы» ҚБ басшысы Азаматхан Әміртаев.

Құрушылардың пікірінше, старт-ап «Асар» көмегімен қаражат жинап ала алуы үшін, «Инвесторлар альянсына өтінім беру қажет, оны комиссия зерттеп-зерделейді. Егер идеяны мақұлдайтын болса, кәсіпкер сайтқа жобасы туралы ақпарат орналастыруға мүмкіндік беретін құпия сөз алады: алдын-ала комиссиямен келісілген стартаптың сипаттамасы, оның мақсаттары мен міндеттері, видео. Сонымен қатар қажет соманы көрсетіп, осы қаражатты жинап шығу жоспарланып отырған мерзімді белгілеу керек.

Альянс және қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен бірге комиссия құрамына өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері де кіреді.

«Қазірде кәсіпкерлер негізінде мемлекеттен қолдау алып тұрады. Ал ісін бастаушы кәсіпкерлер үшін қаржылай қолдау құралдары өте аз, гранттық қаржыландыру көлемі шағын ғана, сондықтан да оны алу қиын. Мұндай тұғырнама инвесторлар мен халықтың қаражатын тартуға көмектеседі», деп есептейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов.

Әрбір жоба үшін ынтымақтастық талаптары жоба сипатына қарай жеке келісіледі. Егер қайырымдылық, әлеуметтік және тіпті әлеуметтік-коммерциялық жобалар болса, онда тегін көмек көзделеді. Алайда комерциялық жобалар үшін басқа шарттар көзделуі мүмкін.

Альянс өкілдері онда осы қайырымдылық, әлеуметтік және әлеуметтік-коммерциялық жобаларға артықшылық берілетінін айтты.

Тұғырнамаға Роботты техника мектебі, «Роботрек» роботты техника клубы, смартфондарға арналған мессенджер және боксшылар клубы сияқты жобалар орналастырылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер