astana-view

Мәрмәр бизнесі көмекке шақырады

2015 жылғы 14 Қыркүйек
11544 просмотров

Табиғи тастан бұйымдар өндіретін STONE DECOR компаниясы тапсырыстарға зәру

Компания директоры Қымбат Арсылан кәсіпорнының басына түскен жағдай жайлы жеткізу үшін, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді. 15 жыл бойы іргесі қаланған компания бүгінде қиыншылыққа ұшырап отыр.

Тапсырыс алу қиындап кеткен, ал бұл компанияның қаржылық жай-күйінен көрініс беретіні сөзсіз. Басшылық оқуларына біраз қаражат жұмсалған жұмысшыларын қысқартуға да мәжбүр.

Бір айта кететіні, компанияда ата-бабасынан бері мәрмәрмен айналысатын, тастан өнер туындысын жасайтын кәсіпқой шеберлер жұмыс жасайды. Шеберлер жұмыстарында елорда құрылысында көп қолданылатын гранит, мәрмәр, травертин мен ониксті қолданады (мәселен, олар Астанадағы Кафедралды Успен шіркеуі, «ҚазМұнайГаз» кеңсесін, Жоғарғы Сот, тұрғын үйлер құрылыстарында, «Астана-Бәйтерек» маңайындағы аумақты, елордадағы ескерткіш кешендерін және т.б. қайта қалпына келтіруде қолданылды).

«Осы уақыт ішінде күшімізді жаңа қойма жайлары құрылысына салып келдік. Өндірістік базалар тасты кесу және өңдеуге арналған жоғары технологиялы білдектермен жабдықталған», - дейді бизнесвумен. Watrjet технологиясын қолданатын кәсіпорынның ерекшелігі де осы.

«Оның қағидаты мынада: бірнеше мыңдаған атмосфера қысымымен сығылған әрі абразивпен араластырылған су білдектің кескіш басына беріледі де, диаметрі миллиметрдің оннан біріне тең саңылау арқылы өтіп, қылдай жіңішке ағысқа айналады. Ағынның күштілігі соншалық, гранит пен мәрмәрді жоғары жылдамдықпен еш қиындықсыз кеседі. Аталмыш технология әдеттен тыс күрделі композициялар жасауға мүмкіндік береді, және де бұл көркем жұмыстар үшін ерекше бағалы, себебі бөлшектерден жинақталған мозайкалы еден немесе панно тұтас, жіксіз көрінуге тиіс. Сонымен бірге суретші-дизайнерлердің материалмен еркін жұмыс жасауына мүмкіндік бере отырып, қиялына ерік береді», - деді STONE DECOR компаниясының директоры.     

Бүгінде кәсіпорын өнімін BI Group, Базис-А және т.б. танымал құрылыс компанияларына жеткізеді. Бірақ соңғы кездері компаниядағы бәсекелес бағаларға қарамастан, тапсырыстар саны азайып қалған. Девальвация тапсырыс берушілердің де жағдайын шектеп, олар компания өнімі үшін есеп-айырысуға асығар емес. Ақырында кәсіпорын табысынан айрылуда, және де, сәйкесінше, кей жерде тәуекелге барып, тіпті адамдарды қысқартуға тура келіп жатыр.

«Адамдарды босатпау үшін, тапсырыстарды өз бағасына алуға мәжбүр болып отырмын. Оларды оқыттым, тәрбиеледім, енді құр босқа жұмыстан шығара алмаймын! Өндірісімді барынша көптеп тапсырыспен қамтамасыз етуім керек. Тапсырыстар болмаса, жеткізуші ретінде, оның үстіне тікелей қоймадан жеткізуші ролін алып жүрміз, бұл жағдайды біршама қалыпты ұстауға көмектеседі», - дейді Қымбат Арсылан.

Оның айтуынша, STONE DECOR компаниясын ештеңе өндірместен Қытайдан жеткізу жасай отырып, каталогтармен жұмыс жасайтын отандық басқа да жеткізушілермен салыстыруға болмайды! Бір айта кететіні, компанияның Аспан асты еліндегі өкілдігін ашуға да осы жайт желеу болған еді.

Кәсіпорын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі құрылысына да қатыспақшы. Компания отандық тауар өндіруші болып табылады, CT-KZ сертификатына ие. Астанада компанияның жеке үлгі бойынша түрлі бұйымдар өндіретін өндірістік цехы бар, сапаға да кепілдік беріледі.

Қымбат Арсыланның ойынша, ҰКП жәрдемімен құзырлы құрылымдар үшін компанияның презентациясын ұйымдастырған да дұрыс болар еді. Бұл тапсырыстар санының артуына, сатып алуларға қатысуға сеп болар еді. Себебі, оның айтуынша, кәсіпорын елорда бюджетін толықтыра отырып, салық төлейді, жұмыс орындарын құрайды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева атап өткендей, Ұлттық палата өңірлерде компанияның презентациясын өткізуге көмектесе алады. Бұл жаңа тапсырысшыларды табуға мүмкіндік береді. ҰКП басшысы орынбасарының пікірінше, өндірушілер де, тапсырыс берушілер де бір-бірінің бар-жоғын білмейтін жағдай жиі орын алып жатады. Бұл ондай өнім Қазақстанда шығарылатынына қарамастан, соңғыларын елден тысқары жерде тауар іздеумен айналысуға мәжбүрлейді.

«Қазір «Атамекен» ҰКП отандық тауар өндірушілер Тізілімін құру жұмысын жүргізіп жатыр, оған STONE DECOR компаниясы міндетті түрде кіргізіледі. ҰКП құрастырған құрылыс материалдарын өндірушілер Тізілімін «Астана EXPO-2017» белсенді түрде қолдануда. Бүгін «Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін» құруға кірістік. Оған барлық салалар енгізілетін болады. Жуық арада Нарық моониторингі және сараптамасы орталығы (ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының еншілес кәсіпорны) сайтында жеке кабинет жасақталып, оған өндірушілер өздері және өндірілетін өнім жайлы ақпаратты онлайн түрде енгізе алады. Сондай-ақ Үкіметке келісімшарт орталығын құру туралы ұсыныс енгіздік. Оған барлық тапсырыстар мен республиканың ірі нысандары туралы барлық ақпарат жинақталады», - деп хабарлады Юлия Якупбаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер