astana-view

Нұржан Әлтаев: «Ұзақ мерзімдік келісімшарттар кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін шыңдауға мүмкіндік береді»

2015 жылғы 16 Қараша
10199 просмотров

Қазақстанда Адал жеткізушілер тізілімі мен Индустриялық сертификатор құру ұсынылуда

«Атамекен» ҰКП «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірге сатып алулар жүйесінде жаңа тұжырымдама дайындауда. Бұл дегеніміз – Адал жеткізушілер тізілімін, сонымен қатар СТ-КZ сертификатының орнына жүретін Индустриялық сертификаторды құру», - деп хабарлады «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

ҰКП Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, Индустриялық сертификатор қазір қолданылып жүрген, отанымызда шығарылатын тауарлардағы қазақстандық мазмұнды растайтын СТ-КZ сертификатының орнын басады.

«Бүгінде СТ-КZ сертификаттарының өзекті мәселе екені белгілі. Аталмыш сертификат бұл өндірушінің шынымен де отандық болып табылатынын растау мақсатында қолданылады. Бірақ елдеріміздің ЕАЭО және ДСҰ аясында қол қойған келісімдеріне байланысты, отандық тауар өндірушілерге ұсынылған шартты жеңілдіктер алынып тасталады. Осыған орай аталмыш мәселеде жаңа механизмге, жаңа тәртіпке көшу қажет», - деді Нұржан Әлтаев.

Оның сөзінше, жақында «Атамекен» және «Самұрық-Қазына» Үкіметке Индустриялық сертификат және отандық сатып алулар жүйесіндегі Адал жеткізушілер тізілімін құру жөніндегі ұсыныспен шықпақшы.

Нұржан Әлтаев айтып өткендей, Ұлттық палата биылғы жылдың тамыз айында, кәсіпкерлерден сертификат иелерінің іс жүзінде отандық тауар өндірушілер болып табылмайтынына қатысты шағымдар көптеп түскендіктен, отандық кәсіпорындарда берілген сертификаттарға аудит ұйымдастырды.

«Біз тексеріп шыққан 95 кәсіпорын ішінен 40 кәсіпорын ғана қазақстандық мазмұнның бар екенін растады. 50-ден астам кәсіпорын отандық мазмұнын растай алмады. Басқа да деректер ашылып қалды. Мәселен, маңдайша жазбасы болса да, ешқандай өндіріс орналаспаған орындар бар, сондай-ақ импортталатын тауарларға «Қазақстанда жасалған» деген логотип жай ғана жапсырылып, ал кәсіпорын осыдан соң «Самұрық-Қазына» жүйесі мен мемлекеттік органдар сатып алуларына қатысады», - деп жеткізді бұзулар туралы «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, отандық өндірушіні растайды делінген сертификаттар қайтарылып, кейбір деректер бойынша материалдар құқық қорғау орындарына берілді. «Төрт дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тексеріс жүргізілуде», - деп жалғады сөзін Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, 2015 жылдың басынан бері ҰКП «Самұрық-Қазына» қорымен бірге «Самұрық-Қазына» сатып алуларында жергілікті мазмұнды қамтамасыз ету бойынша көлемді жұмыс атқарды.

«2015 жылдың басынан бері «Самұрық-Қазына» жүйесінде келісімшарттар жасау жөніде жұмыс жүргізілуде. ҰКП ролі – ұзақ мерзімдік келісімшарттарға көшірілуі қажет тауарлар мен қызметтерді айқындау. Бұл кәсіпкерлердің бюджетін жоспарлауына, бәсекеге қабілеттілігін жөнге салуға, жаңа технологияларды сатып алумен айналысуға, адами капиталға қаражат салуға мүмкіндік береді», - деді Нұржан Әлтаев.

Төраға орынбасары берген ақпаратқа сүйенсек,  ҰКП «Самұрық-Қазына» қорымен бірге 2015 жыл бойында 883 млрд теңгеге осындай 2 114 ұзақмерзімдік келісімшартқа қол қойған, соның ішінде тауарлар бойынша 307 млрд теңгеге 606 шарт.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер