astana-view

Өңірлердегі шенеуніктер неліктен кәсіпкерлерді «алдап» жүр?

2015 жылғы 17 Қараша
8711 просмотров

Мемлекеттік органдар жергілікті жерлерде кәсіпкерлерді алдап соғады немесе олардың сеніміне кіріп алып, жарға жығып, осылайша мүліктік шығын келтіруде

«Атамекен» ҚР ҰКП Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтың басшылығымен өткен Кеңестің кезекті, бесінші отырысында осы мәселе сөз болды. 

Отырыс сот шешімдерін орындамау салдарынан түрлі өңірлердегі бизнесмендердің кәсіпорындарына келтірілген аса зор көлемдегі шығын жайлы, және басқа да мәселелерді жеткізген бейнероликтерді тамашалаудан басталды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Зырян қаласындағы «Зырян-Сапа» ЖШС директоры Азат Төретаев биылғы жылдың көктемінде әкімдіктің өтінішімен аудандағы су тасқыны салдарын жоюмен айналысқан кәсіпорнының ақырында орындалған жұмыс үшін ақы алмағанын, сәйкесінше айтарлықтай шығын шеккенін хабарлайды. Анықталып отырғандай, Зырян ауданының әкімдігі кәсіпорынмен шарт жасаспаған, сәйкесінше, орындалған жұмыстар актісіне қол қойылмаған. ЖШС әкімдік берген сметаны негізге ала отырып, жұмысқа қосалқы мердігерлерді тартады. Олар да көрсеткен қызметтері үшін төлем жасалуын талап етуде және компанияны сотқа бермекші. Мәселенің құны - 68 млн теңге. Оның үстіне, «Зырян-Сапа» ЖШС қалыптасқан жағдай салдарынан салық төлеген жоқ, қызметкерлеріне жалақыны да бере алмады.

Кәсіпорын әкімдіктен орындаған жұмысы үшін өзіне тиесілі ақшаны алып, қарызгерлерімен есеп-айырысу үшін, Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келді.

«ШҚО Зырян ауданының басшылығы жауапкершілігі шектеулі серіктестікті алдап соғып, «Зырян-Сапа» ЖШС-ға орындалған жұмыс үшін 68 млн теңге сомасында мүліктік шығын келтіріп қана қоймай, сонымен бірге «Плюс» ЖШС 89 млн. теңге сомасына, «Эксперимент» ӨК 60 млн.теңге сомасына, «Колор» ЖШС 30 млн. теңге сомасына шығынға ұшыратқан», - деп түсінік беріп кетті қалыптасқан жағдайға «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.  

Мемлекеттік органдар әрекетінен аталмыш өңірдегі «Алтайстрой» ЖШС да зиян көріп отыр. Аталмыш серіктестік үш жыл бұрын жеңіл атлетика манежін салуға крісіп, ақырында орындалған жұмысы үшін ақы ала алмаған. Шарт «Қасиеті-Бірлік» қалалық қорымен жасалған екен. Аталмыш қор төлемге қабілетсіз болып шығады, ал сәл уақыт өткен соң тапсырыс беруші функциясы қосымша Өскемен қаласы құрылыс бөлімі мен «Парыз» облыстық қайырымдылық қорына жүктеледі. Ақырында жеңіл атлетика манежінің құрылысына төлемді «Парыз» қоры жасайды. Нысан құны - 815 млн. теңге шамалап айқындалады, себебі құрылыс кезінде толық құжаттама болмаған. Құрылыс жекелеген сызбалар мен жергілікті сметалардың келу шамасына қарай жүргізіліп, «Алтайстрой» ЖШС директоры Құмаш Ұрынтаев айтып өткендей, көптеген кемшіліктердің болуына қарамастан, үзіліссіз жүреді. Егжей-тегжейіне тоқталмай-ақ, ақырында құрылыс компаниясының ақша алмағанын атай кетейік. Бүгінде ЖШС жеткізушілер мен қосалқы мердігерлер алдында қарызын төлеуге қауқарсыз, әлеуметтік маңызға ие нысандар құрылысының қарқыны баяулаған, кәсіпорын жұмысшылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлерді қысқартуға мәжбүр.

Шығыс-қазақстандық келесі бір құрылыс ұйымы «Востокшахтстрой» АҚ да осыған ұқсас жағдайды бастан кешіп отыр. Аталмыш ұйым Риддер қаласы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімімен және қала әкімдігімен жасалған шарт бойынша жер асты көзінен сумен жабдықтау нысанын тұрғызады. Алайда олардың да еңбегінің ақысы төленбей қалып отыр.

ҰКП Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері аңғарғандай, кәсіпкерлерге ұшырасатын мұндай түйткілдер өңірлік қана емес, жүйелік сипатқа ие. Сөйтіп, Қарағандыдағы «Құрылысэкспертпроект» ЖШС да мемлекеттік органдар әрекетіне шағым түсірді. Серіктестік үш жыл бұрын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен шарт жасасып, көп салалы клиникалық аурухана салуға міндет алады. Еш қиындық туындамаған еді, тек тапсырыс беруші екі жыл бойы бекітпеген Медициналық жабдықтар тізбесін келісуге келгенде мәселе тұрып қалды. Ақырында құрылыс компаниясы осы кезең бойында шарттың әрекет ету мерзімінің өтіп кетуі негізінде орындалған жұмысы үшін ақы ала алмай қалады.

ҰКП Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі Меруерт Қазбекова жоғарыда айтылған жағдайларға түсінік бере отырып, «бұл жоғары деңгейдегі алаяқтық» деп мәлімдеді. 

«Бұл жаппай сипат алып кеткен, бұл тенденция. Аудандарда кәсіпкерлердің көбінесе шенеуніктер әрекеттеріне қарсы тұрар мүмкіндіктері бола бермейтіні құпия емес. ҰКП-ның шара қолдануы қажет!», - деді Меруерт Қазбекова.

Түйткілдердің жүйелік сипат алып отырғанын мәлімдеген ҚР ҰКП Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Азат Перуашев те оған келіседі. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар көбінесе бизнеске өздерінің лауазымдық міндеттерін біреудің есебінен шешу мүмкіндігі ретінде қарайды.

«Мәселе - принципте. Біз не жеке кәсіпкерлікке, бизнесмендердің маңдай теріне  құрмет білдіреміз, не олар қандай да бір жұмысымызды атқарып беруі үшін, оларға қысым көрсетеміз. Ал төлем жағын шешетін шығармыз», - деп түсіндірді шенеуніктер әрекеттерін Азат Перуашев.

Оның сөзінше, бүгінде мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алулар талаптарын орындамау үшін сыртынан орап өту айлаларын қолданады.

«Олар кейін істейміз деген сияқты, хаттамалар, хаттар жасайды да, өздері сатып алу процедураларын көрінеу күмәнға қалдырады. Өздеріне белгісіз дүниені орындауға уәде беретін болып отыр. Қандай өтінімдер түсетінін, бұл тендерде кімнің бәсекеге түсетінін қайдан біледі. Яғни лауазымдық міндеттемелерін, мемлекеттік сатып алулар туралы заңда көзделген нормативтерді орындайын деп отырмағандарын ертерек айтып қоятын болып отыр. Бұл жерде кәсіпкерлерді қорғау тұрғысынан ғана емес, мемлекеттік қызметкерлердің НҚА мен заңдарды орындауы тұрғысынан мәселенің басын ашатын тұстар жеткілікті деген ойдамын», - деп түйіндеді Кеңес басшысы.

Азат Перуашев осыған орай ҰКП-ға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитеті Экономикалық тергеулер қызметіне және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл агенттігіне алдау және сенімін теріс пайдалану жолымен кәсіпорындар үшін мүліктік шығын келтірген мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының лауазымды тұлғалары әрекетінің заңдылығына тексеріс жүргізуді сұрап жүгінуді ұсынды.

Сондай-ақ кәсіпкерлер құқықтарын қорғау мақсатында ӨКП осыған ұқсас әдістермен мүліктік залал келтіру деректерін анықтаған жағдайда бұл материалдарды, ҰКП Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес шешімін күтпестен, қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізу үшін сәйкес мемлекеттік органдарға жолдасын.

ШҚО, Қарағанды, ОҚО және Ақмола облысы Кәсіпкерлер палаталарына мемлекеттік органдар әрекетінен зиян шеккен кәсіпкерлерді құқықтық қорғау жөніндегі жұмысты жалғастыру ұсынылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер