astana-view

Баға келісімі болған жоқ!

2015 жылғы 18 Желтоқсан
9708 просмотров

ЖЖМ нарығына қатысушылар монополияға қарсы органның келісіп әрекет жасады деп айыптаушы дәлелі негізсіз деген ойда

Мұнай өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкерлер басына түскен жағдай Ұлттық кәсіпкерлер палатасында монополияға қарсы орган өкілдері мен отын нарығына қатысушылардың қатысуымен жиналыс өткізуге себеп болды.

Макроэкономика департаментінің директоры – атқарушы директоры Нұрлан Сақуов атап өткендей, ҰКП-ға ЖЖМ нарығы субъектілерін біріктіретін қауымдастықтардан монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықты тергеуге қатысты өтініш келіп түскен.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеттің қазірде 186 нарық субъектісіне қатысты 23 тергеу жүргізіп жатқанын атап өту керек. Монополияға қарсы орган пікірінше, ЖЖМ қатысушылары келісе отырып әрекет етіп, бензин бағасын көтеріп жіберген. Алайда кәсіпкерлер бұлай деп есептемейді.

«Мәселе үстіміздегі жылдың қыркүйек айында АИ-92 бензиніне бағаны мемлекеттік реттеудің күші жойылғаннан кейін отын нарығы субъектілерінің бағаны өз қалауларымен белгілеу құқығына ие болғандығында болып отыр. Алайда, ЖЖМ әлеуметтік маңызға ие өнім болып табылатындықтан, монополияға қарсы орган бұл әрекеттен баға келісімін байқап, тез арада жауап қатты және жекелеген ірі компанияларға айыппұл салды. Бір айта кететіні, айыппұлдар мөлшері қызмет табысынан 3-5 % аралығында белгіленді», - деп түсінік берді Нұрлан Сақуов.

Қазақстандық отын қауымдастығының өкілі Жақсылық Жанқалов атағандай, қыркүйек айында АИ-92 бензинінің бағасы 140-150 теңге арасында болатыны жайлы мәлімдеген Энергетика министрлігінің берген болжамдарына қарамастан, бөлшек сатушылар оның бір литрін 120-130 теңгеден сатқан болатын.

«Егер мемлекеттік реттеу күшінде болғанда, аталмыш отын түрінің шектік бөлшек бағасы қазір нарықта қалыптасып отырғаннан әлдеқайда жоғары болар еді», - деді ол.

Оның айтуынша, өткен жылы реттелетін бөлшек бағаның көтерме сатып алу бағасынан қалып қоюы елдегі мұнай өнімдерінің ерекше тапшылығына алып келген. Биылғы жылы тамыз айынан бастап ЖЖМ бөлшек нарығында АИ-92 таңбалы бензиннің тапшылығы салдарынан шиеленіс өсе түсіп, 2015 жылғы 4 қыркүйектен бастап Үкімет АИ-92 таңбалы бензин бағасын реттеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған еді. Энергетика министрлігі берген деректерге сәйкес, 2015 жылғы 5 қыркүйекке дейін шамамен 22 мың тонна бензин әкелініп, тағы 11 мың тоннасы жолда келе жатқан болса, бензин бағасын реттеуден бас тартқаннан кейін, яғни 5 және 9 қыркүйек аралығында АИ-92 таңбалы 80 мың тоннаға жуық бензин туралы келісімшарт жасалып қойып, бұл бензин тапшылығын болдырмауға көмектесті. Ал бөлшек өткізушілер Ресейден келетін импортқа орай нарық бағасын орнатып, ешқайсысы да артық табыс көруге талпынбады», - деп түсіндірді қауымдастық өкілі заңнаманы бұзбағандарын атай отырып.

Алайда, оның сөзінше, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитет, объективті себептерге қарамастан, нарық субъектілерінің нарықтағы әрекеттерін бәсекеге қарсы және келісілген деп тауып, оларға қатысты тергеуді бастаған. Яғни бәсекелестік туралы нормалар, кәсіпкерлердің айтуынша, олардың пайдасына түсіндіріліп отырған жоқ әрі келісу дерегі де дәлелденуге тиіс. Отын нарығына қатысушылар жиналыста орынды сауал тастады: нарықтағы валюталар бағамын күн сайын көтеріп отырған банктер әрекеті неліктен келісу деп саналмайды.

ҰКП атқарушы директорының пікірінше, мәселе заңнаманың кемшілігінде болып отыр. Осының салдарынан кәсіпкерлер зардап шегеді. Оның сөзінше, «монополияға қарсы органның нарық субъектілеріне қатысты тергеу бастауы үшін, өңірлердегі баға көтерілуін тіркегені жетіп жатыр».

Нұрлан Сақуовтың айтуынша, монополияға қарсы орган кәсіпкерлерді баға келісіміне айыптай отырып, оларды жазаламай тұрып, өркениетті елдердегідей, алдын-ала хабарлауға тиіс болатын.

Алайда қолданыстағы «Бәсекелестік туралы» ҚР заңында бәсекеге қарсы келісілген әрекет жасалған кезде монополияға қарсы органның нарық субъектісіне хабар беру міндеті жазылмаған. Хабарлама тек белгілі бір басым жағдайды теріс пайдалану кезінде ғана жасалады.

Дей тұрғанмен, Нұрлан Сақуовтың айтуынша, заңда келістіруші комиссия құру туралы норма бар. «Монополияға қарсы орган тергеу жүргізген кезде құрамына қызметкерлерімен бірге тәуелсіз сарапшылар кіретін келістіру комиссиясы құрылады. Олардың міндеті – тергеу нәтижелері бойынша қорытындылар жобаларын онда дәлелдеменің толықтығы мен сапасы мәніне қарау», - деп түсіндірді Нұрлан Сақуов.

Бір айта кететіні, монополияға қарсы органдар коммерциялық құпияға сілтеме жасай отырып, тергеу қорытындыларын жарияламайды. Бұл да, шын мәнісінде, дұрыс емес. Бсқа елдерде аталмыш жұмыс ашық жүргізіліп, тергеу нәтижелері монополияға қарсы ведомство сайтында жарияланады. Бұдан былай, ҰКП өкілі атағандай, бұл норма да жазылатын болады.

Дегенмен заңнамаға жаңа түзетулерді қабылдағаннан кейін де құқық қолдану тәжірибесі төңірегіндегі түйткіл қала береді. Әсіресе кәсіпкерлерге «жазалау шаралары» негізсіз қолданылатын өңірлерде. Яғни олардың құқықтарын өрескел белден басу ашық жасалады.

«Десек те, мәселен, Ұлыбританияда кәсіпкерге қатысты кінәсіздік презумпциясы қағидаты қолданылады. Оған сәйкес кәсіпкер заңды бұзбағанын дәлелдей алады. ЭЫДҰ елдерінде кез-келген тергеу сарапшылар қатысуымен құрылған жұмыс тобы жүргізетін талдауға негізделеді. Оның үстіне бұл жұмыс бір жыл бойында жүргізілуі мүмкін. Бұл іске кәсіпкер мүддесіне қысым жасалмайтындай тұрғыдан келуге куә. Бізде, өкінішке орай, бәрі де керісінше», - деп түсінік берді Нұрлан Сақуов.

Ол сонымен қатар Ұлттық палатада жаңа жылдан бастап арнайы құрылған Бәсекелестікті қорғау жөніндегі кеңес әрекет ете бастайтынын хабарлады. Кеңес отырыстарында кәсіпкерлерге қатысты монополияға қарсы заңнаманы бұзу деректері қаралатын болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер