astana-view

Өндіріс жоқ болса - «СТ КZ» берілмейді!

2016 жылғы 06 Қаңтар
- Шымкент қаласы
14564 просмотров

Өндіріс орны болмаса, отандық тауар өндіруші мәртебесін алуға талпынудың қажеті жоқ

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ОҚО бизнесмендеріне «СТ КZ» тауардың шыққан тегі жайлы сертификаттарды беру кезінде заң талаптарының қатаң сақталуы және жалған өндірушілерге қатысты принципшіл ұстаным жайлы ескертеді.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы тауарлардың шыққан тегін сертификаттау жөніндегі маманы Айгүл Қожабаеваның сөзіне сүйенсек, жергілікті бизнесмендер «СТ КZ» тауардың шығу тегі сертификатын негізсіз алуға жиі талпыныс жасап тұрады. Сөйтіп, ОҚО Кәсіпкерлер палатасына уран өндіруші өнеркәсіпке арналған «ШУН» сорғысын басқару шкафына осындай сертификатты алу үшін «Бастион Строй» ЖШС жүгінген. «ҰССО» АҚ филиалы ОҚО сарапшылары сәл бұрын аталмыш өтініш иесінің жұмыстарын қазақстандық мазмұнға сәйкес келеді деп таныған еді. Палата өкілдері өндіріс орнына барып кәсіпорынның қызмет жасап тұрғанына көздерін жеткізді. Онда токарлық білдектер мен аспаптар, жұмыскерлер жұмыс жасап жүр. Алайда жұмыс тек жекелей сатылып алынған дайын темір шкаф, құрамдастар мен жетекті жай ғана бұрандалармен бекітуден ғана тұратын болып шықты.

«Ал бұл жұмысты орындауға тістеуіктер ғана қажет десек те болады. Кәсіпкер шынымен де уран өндіретін өнеркәсіпке арнап сорғыны басқаратын шкаф «өндіремін» деп ойлап, отандық өндіруші мәртебесінен үмітті болған, - деп түсінік берді Айгүл Қожабаева. – Олардың бәрін бірге жинап, тістеуікпен бұрап құрауын өндіріс дей алмаймыз: бұл қарапайым құрастыру жұмыстары. Арнайы дағдыларды, білім мен білікті қажет етпестен орындалатын қарапайым құрастыру жұмыстарының заңнамада тауарға Қазақстан Республикасында өндірілген деген мәртебе бермейтінін түсіндіруімізге тура келді. Нәтижесінде кәсіпкер өтініші қайтарылып, сараптау ұйымы ескерту хат алды».

Сараптау ұйымы ұсынған өнімнің мүлдем өзгеше түсіндірмесі заңның туындайтын барлық жағдайлар бойынша кәсіпорыннан талап етілетін құжаттардың нақты тізімін көздемейтіндігінен болса керек. Түйткіл осыдан туындап отыр.

Жалпы алғанда, Айгүл Қожабаеваның ойынша, Палата сарапшыларының өндіріске шығу уәкілеттігіне ие болуы көптеген оң өзгерістерге алып келді. «Бұрын Палата шын мәнісінде өндірістік база мен жабдықтың бар-жоғын, тауардың сыртқы белгілері мен таңбалануының құжаттамаға сәйкестігін тексеруге құқығы болмай, берілген сертификат үшін толық жауапкершілікті мойнына ала отырып, жеке меншік сараптау ұйымдары берген тауардың шыққан тегі сараптамасы актісі негізінде сертификат беруге уәкілетті болған еді. Бір сөзбен айтқанда, сертификаттар көрмей-білмей беріле берді. Бұл жосықсыз бәсекелестікке алып келді де, жалған өндірушілердің «CT KZ» формасындағы тауардың шығу тегі сертификатын иеленіп алып, миллиондаған тендерлерді ұтуына алып келді. Осылайша нағыз өндірушілердің қызметіне қысым жасалды», - деп түсіндірді ол.  

«Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың арқасында Палата сарапшылары бұдан былай өндірістік база, технологиялық жабдықтың бар екенін, тауарды сыртқы белгісі мен таңбалануы бойынша сәйкестікке тексеру үшін өндіріс басына баруға міндетті. Бұл өте дұрыс шешім: өндіріс басына бару, құжаттарда сипатталған процесс пен өнімнің өзін салыстыру көп нәрсенің басын ашады. Аталмыш жағдайда ол жерде шынымен де өндіріс бар ма немесе құрастыру жүргізіліп жатыр ма, осыған көз жеткуге мүмкіндік берілді. Әрине, мұндай ұстаным жалған өндірушілердің тарауына алып келеді.

Палатаға ішкі аудит шешімінің негізінде сертификаттардың күшін жою құқығының берілуі заңға өзгерістер енгізілгенге дейін сараптамалар актілерінің негізінде сертификаттар алған кейбір кәсіпорындардың алда болатын тексеріс жайлы хабарлама алған кезде бас тартуына әкелді. Айгүл Қожабаеваның ойынша, демек олардың жасырары бар. Бүгінде аудиттен өткісі келмей бас тартқан мұндай кәсіпорындар саны төртке жетіп отыр. Палата олардың сертификаттарын жоққа шығарып, базадан шығарды. Берілген түпнұсқалар мен көшірмелер тапсырылды. 

Сертификаттау жөніндегі маман сонымен қатар аталмыш құжатты теріс тәсілдермен алу талпыныстары жайлы да айтып берді. Мәселен, «СТ KZ» сертификатын қажет ететін кеңсе тауарларын жеткізу тендеріне қатысқысы келген бизнесмен келген екен, ал Қазақстанда ондай тауарлар өндірілмейді. Сәтсіз талпыныстан кейін қоңыраулар соғыла бастайды. Мұндай жағдайлар көптеп кездеседі.

«Өтініш айта соғылған қоңыраулар, таныстарды «қосу» және басқа да айла-тәсілдер – мұның бәрі пайдасыз, - деп баса көрсетті Айгүл Қожабаева. – Сертификатты мұндай жолмен ешкім де ала алмайды. Құжаттың астына қол қоятын менмін, ол үшін жауап беремін. Біреудің қоңырауы үшін жоқ нәрсеге жол беріп, заң алдында түйткіл тудыруымның керегі қанша?!»

«CT KZ» формасындағы тауардың шығу тегі сертификаты бүгінде көптеген тендерлерде қандай да бір кәсіпорын пайдасына шешуші дәйек болып отыр. Ал қазақстандық мазмұнға ие емес кәсіпорындар мемлекеттік сатып алуларға және тендерлерге жіберілмейді немесе отандық өндірушілерге заңнамамен ұсынылатын жеңілдік ала алмайды. 

«Кәсіпкерлерді адал жұмыс жасауға шақырамыз. ОҚО Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде алда да отандық тауар өндіруші мәртебесін алу мәселесіне принципшіл түрде әрі мұқият қарайтын болады»,-  деп атады Айгүл Қожабаева.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы наурыз және желтоқсан айларында «CT KZ» формасындағы 527 тауардың шығу тегі сертификатын берген екен. Берілген сертификаттар туралы ақпаратты «Қазақстандық мазмұн» интернет-порталында, «NADLOG» АҚ «СТ-KZ» формасындағы ішкі айналымға арналған тауарлардың шығу тегі жайлы сертификаттар Тізілімінен қарауға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер