astana-view

Әлемдегі ірі Wal-mart сауда желісі қазақстандық өнімдерге қызығып отыр

2016 жылғы 20 Қаңтар
10485 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы АҚШ-тың «Business Council for International Understanding» іскерлік қауымдастығымен меморандумға қол қойды

«Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан делегациясы АҚШ-қа сапар шекті. Вашингтонда америкалық бизнеспен кездесулер өткізілді. Олар қазақстандық нарыққа үлкен қызығушылық танытып отыр. 2016 жылы бірқатар компаниялар біздің шақыруымызбен Қазақстанға келетін болады. Атап айтқанда, наурыз айында әлемдегі ірі сауда желісі Wal-Mart өкілдері келмекші. Олармен Вашингтонда танысып, Қазақстанға шақырдық. Олар сауда желісі үшін Қазақстанда өндірілетін азық-түлік өнімдеріне қызығуда. Бұл әлемдегі №1 желі. Егер олар Қазақстаннан азық-түлік сатып алатын болса, бұл ауылшаруашылық бизнесінің дамуына әкеледі, себебі Wal-Mart күллі әлемге жұмыс жасайды, барлық дамыған елдерде ұсынылған», - деп хабарлады «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП Американың Сауда-экономикалық палатасымен меморандум жасасқан. АҚШ палатасының өкілдері Астанаға келуге уәде берді. «Америкалық бизнесті бұрынғыша Қазақстандағы шикізаттық секторға емес, ауыл шаруашылығына, тамақ өнеркәсібіне тарту үшін, нүктелі түрде жұмыс жасайтын боламыз. Олардың бізге қарай қадам басқаны да жақсы», - деп мәлімдеді Ұлттық палата өкілі.

Нұржан Әлтаев сонымен қатар кеше ғана өзбекстандық көкөністер мен жемістерді шетелге жеткізумен айналысатын ірі "ALIFAR AGROIMPEKS" компаниясымен кездесу өткенін хабарлады. «Олар қазірде Қазақстанда идеалды инвестииялық климат орын алып отырғанын, Өзбекстанға қарағанда, Қазақстанда бизнес құрудың әлдеқайда оңтайлы екені жайлы сөз етті. Өзбекстандық компания жеміс бақтарын өсіріп, шетелге экспорттау үшін, төрт облыс: ОҚО, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарына ден қойып отыр. Олардың «Атамекен» Ұлттық палатасына келіп жүгінгені дұрыс болды деген ойдамыз. Енді өңірлерде осы бизнесті тұғызуға көмектесетін боламыз», - деді ол.

«Мемлекет басшысының Қазақстан нарығына инвесторларды барынша көптеп тарту жайлы тапсырмасы бар. Ұлттық палата мұны 2016 жылдың маңызды міндеттері қатарына қойып отыр. АҚШ, Қытай, Ресей және басқа да жақын жатқан мемлекеттермен жұмыс жасаймыз», - деп қорытты Нұржан Әлтаев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер