astana-view

Жергілікті өндірушілерді қолдауға келісеміз!

2016 жылғы 10 Ақпан
8648 просмотров

«Атамекен» ҰКП-ның  бастамасымен кәсіпкерлер жергілікті құрамды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Құжатқа отандық тауар өндіруші-компаниялар, кәсіпорындар мен салалық қауымдастықтар, сондай-ақ Палатаның өзі қол қойды. Қол қою қорытындысы бойынша ҰКП алаңында брифинг өтті.

«Келісім тараптардың отандық тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өздерінің отандастарынан алуы жөніндегі ерікті ықыластарына негізделеді. Шикізат пен толымдаушы заттарды жергілікті даярлаушы зауыттардан сатып алу арқылы біз өз тауарымыздағы жергілікті құрамның үлесін көтеріп қана қоймай, сонымен бірге, кластерлік өндірісті дамытуға, нарықта тұрақты ахуал қалыптастыруға, сондай-ақ Қазақстанның импорттаушыларға тәуелді болмауына  көмектесеміз», – деп атап көрсетті Ұлттық палата төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев брифинте сөйлеген сөзінде.

Ол өндірушілерді сандық көрсеткіштерден сапалық көрсеткіштерге ауысуға шақырды. «Біз өзіміз үшін өндіреміз және сапалы шикізат пен толымдаушы сатып алғымыз келеді, себебі бұл фактор дайын өнімнің сапасына және тапсырыс берушілердің өзара ықпалдастығының жемістілігі мен ынтымақтастыққа одан әрі мүдделі болуына тікелей ықпал етеді», – деді ҰКП өкілі.

«Осы келісім шеңберінде шешуді жоспарлап отырған тағы бір мәселе бар, ол – кейбір өнімдер Қазақстанда әлі де өндірілмейтін, бірақ, тапсырыс беруші кәсіпорындар оларға мұқтаж болған кезде, өндірушілер дәл осы өнімді өндіру үшін цехтар қарастыратын болады.  Импортты алмастыру жөніндегі осындай үлкен жұмысты біз осы келісім аясында жүргізетін боламыз»,–- деп қосты Әлтаев.

Қазақстан Машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев қол қойылған құжаттың маңыздылығын атап көрсете отырып, ол бизнестің және жалпы ел экономикасының дамуына жағдай жасайтынын атап өтті. «Біріншіден, біздің елімізде өз экономикамызға қажетті  қосалқы бөлшектердің ондаған, жүздеген түрлері, құрал-жабдықтар өндірілуде. Алайда, көптеген кәсіпкерлер тіпті бірін-бірі білмейді, сол себепті мұндай форумдар осындай мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Одақ басшысы.

Ұлттық палатаның қазақстандық құрамды дамыту жөніндегі бастамалары қазірдің өзінде жұмыс істеуде. Айқын мысал – «Karlskrona» компаниясы, ол отандастары арасынан өз жеткізушілерін тапты. «Біздің компания сорғы жабдықтарын,  ілмекті арматура басқару-шкафтарын өндіреді. Ұзақ уақыт бойы біз кабель өнімдерін Ресей Федерациясынан сатып алып келдік. Енді қазақстандық өндірушілерден алатын боламыз. Біз ынтымақтастыққа дайынбыз», – деп атап көрсетті «Karlskrona»-ның Астанадағы өкілі Арман Рүстембаев.

Қазақстан Кабельдік зауыттар қауымдастығының президенті Рафаэль Уразбахтин, өз кезегінде, қазақстандық кабель өнімдерінің сапасына жауап беретінін мәлімдеді. «Қауымдастыққа бес кабель зауыты кіреді. Біз кабель өнімдерін пайдаланатын ұйымдармен ынтымақтасуға, олармен ұзақ мерзімдік келісім-шарттар жасауға, жоспарлы жеткізілімдермен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді ол.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова брифингте сөйлеген сөзінде атап өткендей, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көптеген түрлері бар, оның ішінде, сапалы киім, түрлі арнаулы жұмыс киімі, спорттық киім, аяқ киім, сондай-ақ мектеп формасы тігіледі. «Қазақстандық компанияларды отандық өндірушілермен ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырғым келеді. Біз түрлі бағыттар бойынша өнім жеткізуге дайынбыз», – деді ол.

«Мектеп формасының енгізілуі – жеңіл өнеркәсіпті дамытудың қуатты тетігі. Мектеп формасын Түркиядан, Қытайдан немесе Қырғызстаннан сатып алмай-ақ, жергілікті тауар өндірушілерден алуға шақырамын. Біздің тауарлар барлық санитарлық нормаларға, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді», – деп айтып өтті Худова.

«Бёмер Арматура» ЖШС-інің Бас директоры Андреас Кефер Палатаға жергілікті құрамды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. «ҰКП қолдауынсыз бізге қиын болар еді. Бұл жай ғана ризашылық білдіру емес. Біздің көптеген өзекті мәселелеріміз болды, соның бәрімен біз ҰКП-ға бардық. Бүгінгі бастаманың бағасы өте зор», – деп атап өтті кәсіпкер.

Осы тұрғыда ол жергілікті өндірушілермен ынтымақтасуға ықыласын білдірді, дегенмен, әзірге компания бұл жағынан мақтана алмайтынына қынжылды. «Біз жақында «Газпроммен» келісімге қол қоямыз, бірақ бізде қазақстандық мұнайшылармен ынтымақтастық жайында ешқандай ниетіміз жоқ. Әрине, кейде егер де мен өзімнің туған қазақстандық кәсіпорындарыммен өзара қарым-қатынасты жолға қоймасам, басқа жаққа барудың керегі не деген сұрақтар туындайтыны рас. Біз бұл кәсіпорынды өзіміз үшін салдық емес пе», – дейді бизнесмен.

Сонымен бірге, брифингте Қазақстанда Индустриялық сертификатты енгізу мәселесі қозғалды. ҰКП осы институтты құру жұмыстарын жалғастырады, ол өндірілетін тауарлар, жұмыстар, қызметтер туралы бүкіл ақпаратты  қамтитын болады. Өткен аптада Ұлттық палата мемлекеттік органдармен бірге осы мәселені ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтің жетекшілігімен өткен мәжілісте қарастырды, онда индустриялық сертификат тұжырымдамасы толықтай қолдауға ие болды. Палата қазірдің өзінде аталмыш механизмнің тезірек сәтімен енгізілуі үшін нормативтік құжаттамаларды әзірлеуге кірісті. Индустриалдық  сертификат «бір терезе» қағидатымен берілетін болады, мұнда индустриалдық сараптаманы ҰКП-да арнайы (қосымша) аккредитациядан өткен қауымдастықтар (одақтар) іске асырады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер