astana-view

Қазақстанның нақты өндірушілерін салалық қауымдастықтар сертификаттауы тиіс

2016 жылғы 10 Ақпан
9177 просмотров

«Атамекен» басшысы «СТ-КZ» сертификатына балама ұсынды

Алматы қаласында өткен Кәсіпкерлердің жыл сайынғы 2-ші конференциясында Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының вице-президенті Игорь Проценко бизнестің өзекті проблемаларын талқылау барысында ҚР-ның Индустрия және даму министрлігі беретін, тауарлардың шығу тегі туралы жалған сертификаттар проблемасын көтерді. Ол көптеген қазақстандық компаниялардың жиһаз жеткізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыстарға қатыса алмайтынын баяндады. Тендерлерде ең жақсы баға ұсыныстарын импорттық бөлшектерді құрастырумен ғана айналысатын жалған компаниялар ұсынады.

«Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп біз орасан жұмыстар жүргіздік, оның ішінде ниеті түзу емес өндірушілерді анықтадық. Айталық, жиһаз өндірісінде мемтапсырыс бойынша өнім жеткізушілердің көпшілігі бір күндік жалған фирмалар болып шықты. Бұлар өздерінің жеке өндірісі жоқ, импорттық тауарларды сатып алушы делдалдар. Бізде қағаз жүзінде мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық құрам жоғары үлесті көрсетіп тұр, ал, шын мәнінде шетелдік нарықтарға жем болып отырмыз. Бұл арада «СТ-КZ» реттеуші құжаттары жөніндегі жұмысты өзгерту қажет», – деді Игорь  Проценко.

Осы тектес проблемалар мен оларды шешу тетіктерін әзірлеу қажеттілігін «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев атап көрсетті.

«Мұндай проблема бар, квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында бар болғаны 4% отандық тауар өндірушілер анықталды, алайда, біздің қуатымыз одан зор. Жиһаз  дегеніміз ұшақ шығару емес,  хай-тек технологиялар да емес, сондықтан да бұл саланы толықтай жергілікті құраммен толтыруға болады. Бұл арада ұзақ мерзімдік келісім-шарттар жасауды қарастыруға болады. Мұндай жұмысты біз ірі жер қойнауын пайдаланушылармен жүргізіп келеміз. Мысалға, сатып алулардың 80%-ы құрамы бойынша бәрі бірдей, жылдан жылға қайталанатынын біз білеміз. Ұзақ мерзімдік келісім-шарттар жасау арқылы біз бұл рәсімдерді оңайлаттық, ал, соның нәтижесінде,  жер қойнауын пайдалану саласындағы сатып алулар 50%-дан астамға жергілікті құраммен толықты.  Дәл осыны әкімдікке ұсынуға, сөйтіп мектептерге, балабақшаларға, ауруханаларға ұзақ мерзімдік негізде жиһаз жеткізу туралы компаниялармен келісуге болады. Осылайша сіздер отандық бизнесті де қолдайсыздар», – деген ұсыныс жасады Тимур Құлыбаев. 

«Атамекен» басшысы, сондай-ақ, қазіргі уақытта Ұлттық палата Индустриялық сертификатты енгізу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқанын баяндады. «Индустриалдық сертификаттарды отандық өндірушілерден құралған салалық қауымдастықтар бергені дұрыс деп санаймыз. Олар өз өнімдерін қарап: иә, бұл – нағыз өндіруші, ал мынау құрастырумен айналысады деп бағалауы үшін осылай жасау қажет. Бұл өндірісті шын мәнінде шоғырландыра алатын компаниялар тобын құруға мүмкіндік береді. Және де, осы негізде әкімдіктен мемлекеттік органдардың шартты түрде тұрақты сатып алуларына арналған ұзақ мерзімдік келісім-шарттар ұсынған дұрыс болар. Ұлттық палата осындай жобаларды сүйемелдеумен айналысады, оларға екінші деңгейлі банктер, даму институттары арқылы қаржыландыру жағынан көмектеседі. Бізде мемлекеттік сатып алулар – басымдықтағы мәселе, сондықтан да біз осы мәселелермен тұрақты түрде айналысатын боламыз», – деп мәлімдеді Тимур Құлыбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер