astana-view

Өз ісінің шеберлері

2016 жылғы 15 Ақпан
- Ақтөбе облысы
8070 просмотров

Әлеуметтік маңызы бар «Біз біргеміз!» акциясы барысында Кәсіпкерлер палатасы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарындағы 8 кәсіпкерді марапаттады

«Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының»  Ақтөбе облысы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған бүгінгі шарасына өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қатысты.

Бұл акция 16 жыл бойы қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру, қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту, мүгедек адамның позитивті бейнесін жасау және азаматтық бастамаларды қолдау мақсатында өткізіліп келе жатыр. Оған қоғамдық өмірде, спортта және шығармашылықта үлкен жетістіктерге жеткен 150 мүмкіндігі шектеулі бала мен ересек адам шақырылған.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының әлеуметтік мәселелерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуге баса назар аударатынын атап айтты.

«Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі 23 мыңнан астам адам тұрады, оның екі мыңы 16 жасқа дейінгі балалар. Біз тағдырдың тауқыметіне тап болған әрбір жанға қолдан келгенінше қолұшын созуымыз керек. Өңірде осы мақсаттарға жыл сайын миллиардтан астам теңге бөлінеді. Әлбетте, олардың барлық мәселелерін мемлекет өз бетінше шеше алмайды. Бұл тұста біз меценаттар көмегіне арқа сүйейміз, себебі сіздерге тиісті қолдау көрсетілуі қажет. Бірге біз кез келген қиындықтарды жеңе аламыз»,– деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы «Тәуелсіздік құрдастары» номинациясы бойынша 15 мүгедек балаға алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтар табыстады.

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов сырқатына қарамастан өз ісін бастап, бүгінде ондаған адамды тұрақты жалақы бар жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлерге бағалы сыйлықтар тапсырды.

Олардың қатарында жиһаз жасаумен айналысатын Берік Бектұрлинов, дәмханасы бар Зада Қалдыбаева, бөлшек саудамен айналысатын Марғұлан Жетесов пен Болат Қалықбаев, сонымен бірге, стартапшы, бүгінде «Пандус Ок» құрылыс компаниясының директоры, мүгедек жандардың әлеуметтік нысандар мен сауда үйлеріне емін-еркін кіріп-шығуына мүмкіндік беретін пандустар салумен айналысатын Шахан Жолдасбаев та бар.

Нұрлыбек Мұқанов олардың кәсіпкерліктің дамуына зор үлес қосып отырғанын айтып, істеріне табыс тіледі. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылық қолдау көрсетуші 8 меценат-кәсіпкер «Қайырымдылық жасау мәдениеті» номинациясы бойынша марапатталды. Олардың арасында «Қазақстан халық банкі» АҚ АФ директоры, өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Апуажан Төлегенова да бар. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер