astana-view

Карантиндік сертификат төңірегіндегі дау

2016 жылғы 23 Ақпан
- Ақмола облысы
10557 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған дөңгелек үстелде мемлекеттік орган өкілдері мардымды жауап айта алмады

«Дөңгелек үстелді ұйымдастыруымыздың басты себебі, бизнес субъектілерінің бір емес, бірнеше рет арыз жазуы болып отыр. Олардың кейбірі өңірлерге шыққанымда жеке өзіме айтылды», – деді ӨКП директоры Уәлихан Ғабдуллин.

Өтініш жолдағандар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы аумақтық инспекция өкілдерінің әрекетіне шағымданған. Жекелей алғанда, Ақкөл, Астрахань, Бурабай аудандарынан түскен шағым мазмұны: «...инспекторлар өсімдік тектес тауарлар мен олардың сертификаттарына тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жазып берді». Шын мәнінде мұндай оқиға орын алған. Биылғы жылдың ақпан айының басында шенеуніктер Ауылшаруашылығы министрлігінің АӨК аумақтық мемлекеттік инспекциясының бұйрығы желеуімен Ақмола облысы ішкі сауда нысандарына карантинді фитосанитарлық бақылау мен қадағалау жүргізу бастамасын көтерді. Тексерістің мақсатын министрліктің агро-өнеркәсіптік кешен АБК облыстық аумақтық инспекция бөлімінің басшысы Бекежан Құрманғожин негіздеді. Оның түсіндіруінше, бүгінгі күні Ақмола облысында үш карантинді нысан тіркелген: карантиндік арамшөптер – шалғынды жерлерде паразиттенетін жатаған укекіре мен шырмауық, сондай-ақ карантиндік орман зиянкесі – жұпсыз жібек көбелегі.  Сонымен бірге, шенеунік: «карантиндегі өніммен бірге біздің облыс аумағына жаңа карантиндік ағзалардың өтіп кетуін болдырмау үшін, барлық тауар тасымалын қатаң түрде карантиндік сертификат арқылы және карантиндік қызмет бақылауында жүзеге асыру қажет»,– деді.  

Ал даудың басы мекеме тексеріс жұмыстарының барлығын транзиттік жүктер орналасатын көтерме сату орындарында емес, дүкендер мен сауда орындарында жүргізуден басталды. «Өсімдіктер карантині туралы» ҚР заңының 8-тармағында карантиндік сертификат құжаты туралы айқын анықтама берілген. Карантиндік сертификат – мемлекет ішінде тасымалданатын карантиндегі өнімнің карантиндік күйін куәландыратын сертификат. Бұдан басқа 9-2-тармаққа сәйкес «құжаттық мемлекеттік карантиндік фитосанитарлық бақылау – карантиндегі өнімнің заңнамаға, сонымен бірге өсімдіктер карантині бойынша өкілетті органның кіргізуі, шығару немесе карантиндік нысандар транзитіне рұқсат беру туралы ұйғарымына сәйкестігін растайтын карантиндік құжаттарды тексеру». 

«Бұл жағдайда «фитосанитарлық сертификат» ұғымын қалай болса солай қолданбай, дұрыс түсіну қажет. Бұл құжат егер кәсіпкер немесе жеке тұлға ел аумағында фитосанитарлық бақылауды қажет ететін өнімді тасымалдауға әрекет еткенде ғана сұралады», – деп түсіндірді ӨКП әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі бөлім басшысы Расул Сыздықов. – Санкция тек «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» ҚР Кодексінің 400-бабының 1-бөлім 116-тармағына сәйкес карантиндегі өнімді карантиндік сертификатсыз ел аумағында тасымалдаған жағдайда ғана қолданылады».

Дөңгелек үстел соңында шенеуніктер заңдардың анағұрлым кеңірек түсіндірмесі мен деректер себептерін кейінірек келтіру туралы уәде беріп, әзірге тексеріс жұмыстарын тоқтатып қойды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер