astana-view

Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы мемлекет өкілдері бас қосты

2016 жылғы 24 Ақпан
9459 просмотров

Қазақстан астанасына ЭКСПО көрмесіне дайындықты талқылауға 250-ден астам елдің өкілдері келді

Тәуелсіздік сарайында басталған жиынға жоғары лауазымды ресми тұлғалармен бірге компания және ғылым саласының мамандары қатысты. Мұнда ең алдымен, көзге түсетіні – көрмеге қатысатын мемлекеттердің тулары. ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ЭКСПО-2017 көрмесінің Комиссары Рапиль Жошыбаевтың айтуынша, ЭКСПО-ға қатысуға 75 мемлекет және Азия мен Тынық мұхитының экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, Экономикалық әріптестік және даму ұйымы, ЮНЕСКО, МАГАТЭ, БҰҰДБ, ОПЕК және т.б – жалпы саны 14 халықаралық ұйым тіркелген.

Оған қоса, Астанаға ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын ресми түрде растамаған мемлекет өкілдері де келді. Мәселен, АҚШ. Рапиль Жошыбаевтың айтуынша, бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, АҚШ ЭКСПО көрмесі дайындығына бір жыл бұрын келу арқылы, көрменің ашылу салтанатынына қатысатындығын растап отыр.

Бүгінгі жиынға қатысушыларды Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева қарсы алды. Ол басқосудың маңыздылығын, осы жиын шеңберінде қол қойылатын қосымша келісім-шарттар туралы атап өтті. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов 2016 жылдың қарашасына дейін халықаралық қатысушылардың павильондары салынып бітетінін хабарлады. Шамамен Астана сол уақытта ЭКСПО қалашығының кілтін тапсыруды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, шетелдік қонақтарды ЭКСПО көрмесіне қатысушылар мен олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын жеңілдіктер мен артықшылықтар туралы ақпаратпен таныстырды. ҚР Парламенті Сенаты қабылдаған заң шеңберінде, Комиссарлар секциясы және штаттық қызметкерлерді барлық салық түрлері мен кеңсе алымдарынан, сондай-ақ, Комиссарлар секциясын кедендік төлемдерден босату, қатысушы мемлекеттер Комиссарлар секциясының мүшелеріне және олардың отбасына көп мәртелік виза беру қарастырылған.  

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы аумағында ресми қатысушылардың 1968 жылы 8-қарашада «Жол қозғалысы туралы» БҰҰ Конвенциясы бойынша алған жүргізуші куәліктері заңды болып саналады. Ресми қатысушылар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту мен оларға көрсетілетін қызмет сапасын көтеру мақсатында тәулік бойы «бір терезе» принципімен байланыс орталығы жұмыс істейді.  

Жеңілдіктер мен артықшылықтар ҚР Парламенті растаған соң 2016 жылдың 1-наурызынан бастап күшіне енеді және 2017 жылдың 3-желтоқсанына дейін жарамды болып саналады. Бірақ, кедендік жеңілдіктер 2016 жылдың 1-наурызы мен 2018 жылдың 9-наурызы аралығында заңды болып есептелінеді.

Қазақстандық тарап ресми баяндамаларын жасап болған соң қатысушылар сұрақ-жауап бөліміне ауысуға ұсыныс жасады. Шетелдік қонақтарды ЭКСПО-2017 көрмесіне тіркелу ережелері мен жүк жіберу шарттары, қызмет көрсетуді ұйымдастыру жағы қызықтырды. Оған қоса, павильондарды беру мен олардың техникалық ерекшеліктеріне қатысты сауалдар көп қойылды.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер