astana-view

Мемлекеттік сатып алудағы ақылға сыйымсыз талаптар

2016 жылғы 04 Наурыз
- Шымкент қаласы
11356 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алуға қатысушылары ұйымдастырушылар тарапынан кедергілерге ұшырауда

Мемлекеттік сатып алудың шектен тыс талаптары әлеуетті жеткізушілер үшін басты әкімшілік кедергіге айналуда.

Құқықтық блоктың кезекті брифингінде ОҚО КП құқық қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту департаментінің басшысы Тимур Нақыпбековтің айтуынша, өткен айда Палатаға бизнесмендерден келіп түскен шағымдардың басым бөлігі  мемлекеттік сатып алулар мен жер қатынастарына қатысты болған. Құқығын қоғауды өтінген арыздардың үштен бірі тапсырыс берушілердің қателігінен конкурста жеңіске жете алмағандарына наразылық білдірген әлеуетті жеткізушілерден келіп түскен екен. Палатаның сарапшылары бұл фактілерді талдай отырып, мынандай қорытындыға келді: көп жағдайда мемлекеттік сатып алуларда тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар техникалық талаптарды қиындату арқылы әлеуетті жеткізушілерге әкімшілік кедергілер келтіреді. Осы арқылы олар мемлекеттік сатып алулардың «әлеуетті жеткізушілерге таза бәсекелестікті ұсыну» туралы негізі принципін бұзатындықтарын естерінен шығарып алады.

Тимур Нақыпбеков мынандай мысал келтірді. «Бибо&Company» ЖШС ОҚО Кәсіпкерлер палатасына Кентау қаласындағы дизельдік отын жеткізуге конкурс жариялаған «Балдырған сәбилер балабақшасының» үстінен шағымданып, көмек сұрай келген. Ұсынылатын қызметтердің техникалық ерекшеліктерінде әлеуетті жеткізушіге қалада 100 мың литр дизельдік отын сақтауға мүмкіндік беретін ЖЖМ арналған арнайы қоймасы болуы қажеттігі туралы талап көрсетілген. Айта кетерлігі, балабақшаға бар-жоғы 7289 литр ЖЖМ қажет болған. Осы талап әлеуетті жеткізушінің шарт бойынша конкурсқа қатысуы мен міндеттерін атқаруына кедергі келтірген. Палата сарапшылары тез арада ОҚО бойынша Қаржылық қадағалау инспекциясымен және тапсырыс берушімен хабарласты. Осыдан кейін тапсырыс беруші өз кінәсін мойындады. Тараптар екіжақты келісімге келіп, тапсырыс беруші мен жеңімпаз арасында шарт жасалды. «Бибо&Company» ЖШС өзінің шарттық міндеттеріне кірісіп кетті.

Бұл жағдайда мәселенің тезарада шешілуіне ОҚО Кәсіпкерлер палатасы енгізген жаңа әдіс – байланыс топтары көмектескен. Ол әдіс ресми хат алмасусыз құзырлы органдардың бірінші басшыларымен келіссөздер жүргізіп, немесе телефонмен байланысу арқылы бизнестің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді және бұл әдіс арызға жылдам жауап беруде тиімді әдіс екендігін көрсетіп берді. Бүгінде Шымкент қаласының әкімшілігі мен табиғи монополия субъектілері арасында байланыс топтары құрылған. Мәселен, былтырғы жылы байланыс топтарының көмегімен жерді пайдалану қатысты 68 мәселе және табиғи монополиялар субъектілерімен өзара қарым-қатынасқа қатысты 72 мәселе оң шешімін тапқан. Осы жылдың ақпан айының өзінде-ақ байланыс топтары арқылы жерді пайдалану, сәулет, табиғи монополиялар субъектілерімен өзара қарым-қатынасқа қатысты 17 мәселе шешілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер