astana-view

«ЭКСПО – 2017» құрылыс нысандарының бас мердігері банкрот болудың алдында тұр

2016 жылғы 10 Наурыз
2930 просмотров

«Компания АДС» ЖШС-нің «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы алдындағы қарызы 10 млрд теңгеге жеткен

Ал қосалқы мердігерлік компания «Севстальконструкция» ЖШС алдында 106 млн теңге берешек. Бұл туралы  Ғани Қасымовтың төрағалығымен өткен «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес барысында белгілі болды.

«Севстальконструкция» ЖШС жылы «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК нысандары құрылысының бас мердігері «Компания АДС» ЖШС-мен «ЭКСПО – 2017» көрмесінің аумағындағы жалпы қойма ғимараттары нысанына арналған металл конструкцияларын жеткізу жөнінде келісімшарт жасасқан. Келісімшарттың жалпы құны – 622 млн теңге. «Севстальконструкция» ЖШС келісім бойынша бас мердігер алдындағы міндеттерін толық орындаған. Соған қарамастан Бас мердігер қалған 106 млн теңге берешегін әлі күнге дейін өтемей келеді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Компания АДС» ЖШС-нің өтініш беруші алдындағы кредиторлық берешектерін өтеуі жөнінде «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ өкілдерімен келіссөздер жүргізіп, тиісті хаттар да жіберілген. Берешекті өтініш берушіге тікелей төлету мақсатымен Ұлттық компания, бас мердігер және өтініш беруші арасында үшжақты келісім жасасу ықтималдығы туралы ұлттық компанияның алдын ала уағдаластығы жүзеге аспаған.

«Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі департамент маманы Алмас Кемелбековтың айтуынша, бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро «Компания АДС» ЖШС басшылығына қатысты аса ірі көлемдегі қаржыны жымқырды деген факті бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

«Астана ЭКСПО – 2017» ҰҚ АҚ-ның аяқталмаған құрылыс нысанын өзге бас мердігер «САЭМ» ЖШС-іне беру туралы келіссөздер жүргізіп жатқаны аталмыш мәселенің күрделене түсуіне себеп болып отыр. «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Компания АДС» ЖШС-ның өтініш беруші алдындағы кредиторлық берешектерін өтеуі жөнінде «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Егер ұлттық компания бас мердігерді ауыстыру туралы шешім қабылдаса, «Севстальконструкция» ЖШС-мен қатар «Компания АДС» ЖШС-дан қарызын қайтара алмай жүрген өзге де қосалқы мердігер ұйымдар банкроттықтың алдында тұрған мекемемен жеме-жем қалады», – дейді Кемелбеков.

Бұл сөзді растаған «Астана ЭКСПО – 2017» АҚ» ҰК Әкімшілік-құқықтық департаментінің бас менеджері Марат Ілиясов «Компания АДС» ЖШС-нің банкроттыққа ұшырауы мүмкін екендігін жеткізді.

«Компания АДС» ЖШС «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясына да 10 млрд теңгеден астам берешек. Тапсырыс беруші ретінде біз бас мердігер мен қосалқы мердігер арасындағы қарым-қатынасқа араласа алмаймыз», – деп қысқа қайырды сөзін.

Ал шақыртуға қарамастан «Компания АДС» ЖШС бірде-бір өкілін Кеңес отырысына жібермеген.

Отырыс төрағасы Ғани Қасымов жиын соңында «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК өкілдерін борышкерге қатысты «Севстальконструкция» ЖШС-нің өтінішін назардан тыс қалдырмай, тиісті қаржыны төлеткізу үшін атсалысуға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер