astana-view

Автокөліктерді қайтарыңыздар!

2016 жылғы 25 Наурыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
10243 просмотров

Астаналық компания «ВиВаГа–Лада» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кейін сатып алу үшін жалға алған 9 автокөлік құралын қайтарудан бас тартып отыр

14 наурыз күні Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасына «ВиВаГа-Лада» автосалонының директоры, «Nissan», «Hyundai», «Renault», «Daewoo», «Mitsubishi», «Subaru», «SsangYong», «Peugeot» сияқты әлемге танымал автокөлік шығарушылардың ресми делдалы өтінішпен келді. Бизнес субъектісі өзінің 9 автокөлігін жалға алған келесі бір бизнес субъектісіне, нақтылар болсақ, «Мир недвижимости» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шағымдана келген еді. Бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқын қорғау кеңесінің кезекті жиналысында қаралды. Кеңес мүшелеріне қос кәсіпорынның арасында орын алған жағдай туралы СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Асқар Махмет баяндап берді.

«2014 жылдың 16 желтоқсаны күні «ВиВаГа-Лада» ЖШС мен Астана қаласының «Мир недвижимости» ЖШС-ның арасында 4 автокөлік құралын кейін сатып алу үшін 1 жылға жалға беру туралы шарт жасалған. 2015 жылдың 3 ақпаны күні тағы 5 автокөлік құралын жалға беру туралы ұқсас шарт жасалған. Алайда, өткен жылдың 16 сәуірінен бастап жалға алушы төлем құймаған, сондықтан автосалон сотқа шағымдануға мәжбүр болды», – деп сөз бастады Асқар Махмет.

Сонымен қоса, ол 2015 жылдың 15 шілдесі күні Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 16.12.14 жылғы жалға беру шарты бойынша бітімгершілік келісімі бекітілгенін атап өтті. Ол шешім бойынша, «Мир недвижимости» ЖШС бекітілген кестеге сай ай сайын «ВиВаГа-Лада» ЖШС-ға 599 336 теңге көлеміндегі қарыз сомасын аударып тұруға міндеттелген. Алайда, жалға алушының бітімгершілік келісімі бойынша өз міндеттемелерін орындамағандықтан, жеке сот орындаушысы «Мир недвижимости» ЖШС-ға тиесілі мүлікке шек қойған. Кейін ол мүліктің бағасы мардымсыз екені мәлім болды.

«Жалға алушы өз міндеттемелерін орындамағандықтан, жалға алушыға ескерте отырып, осы жылдың 25 қаңтары күні автосалон біржақты тәртіпте 16.04.15 жылғы шартты бұзды. «ВиВаГа-Лада» ЖШС-ның кезекті әрекеті автокөліктерді қайтару туралы талаппен хат жазып, ол хат жалға алушыға 10 ақпан күні жолданды. Алайда, «Мир недвижимости» ЖШС тарапының өкілі автокөліктер шанағының нөмірлері талқандалып, қосалқы жалға берілетіндігін мәлімдеген, яғни автокөліктерді қайтарудан олар мүлде бас тартып отыр», – деп жалғастырды Асқар Махмет.

Орын алған жағдайды мұқият зерттеген Палата сарапшылары мынандай қорытындыға келді: «Мир недвижимости» ЖШС-ның ешқандай мүлкі болмағандықтан, шарт бойынша шығынның орнын толтыру мүмкін емес, сондықтан сотқа қайтара шағымдану ешқандай нәтиже бермейді. Оған қоса, Палата сарапшылары жалға алушының әрекеттерінен ҚР ҚК-нің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» туралы 189-бабында және «Алаяқтық» туралы 190-бабында қарастырылған қылмыстық белгілерді қарастыруда.

Кәсіпкерлердің құқын қорғау кеңесінің мүшелері сарапшылардың сотқа шағымданудың пайда әкелмейтіндігі туралы пікірін қостап, «ВиВаГа-Лада» ЖШС-ның өтінішін өтініште көрсетілген фактілерді тексеру үшін СҚО Ішкі істер департаментіне жолдауды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер