astana-view

KZ тауарлары Душанбеде

2016 жылғы 04 Сәуір
8714 просмотров

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы отандық тауарларды Тәжәкстан нарығына ілгерілетудің жаңа жолдарын тапты

Ақмола астығы, Ақтөбе ұны және макароны, қызылордалық күріш пен қостанайлық кәмпиттер, сонымен бірге тараз цементі Тәжікстанға экспортталатын болды. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырған отандық бизнесмендердің Душанбе қаласындағы сауда-экономикалық миссиясында қол жеткен нәтижелер осы. 

«Тәжік бизнесмендері қазақстандық компанияларға айтарлықтай қызығушылық танытты. Іскерлік келіссөздер нәтижесінде «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС, «Агнер» ЖШС, «Ынтымақ» АҚ және «Нұр-Қас LTD» ЖШС секілді бірқатар қазақстандық компаниялар өз өнімдеріне тікелей сатып алушылар тапты. Келісім-шарттар жалпы құны 4 млн.-нан аса АҚШ долларына жасалды. Алғашқы экспорттық жеткізілімдер сәуір айында жүзеге аспақ», – деді Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мейірбек Мәжитов.

Екіжақты кездесулерден бөлек, ҚР Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ағыбай Смағұловтың және Казкоммерцбанк АҚ басшылығының қатысуымен брифинг ұйымдастырылды. Оның аясында делегация қатысушылары өнімді жеткізу, Тәжікстанда қолданылатын мемлекеттік қолдаудың қаржылық жағдайы мен құралдары жөнінде кеңестер алды. «Миссияның тағы бір ерекшелігі Душанбе қаласындағы Орта Азия ауқымындағы ірі гипермаркетті іске қосқалы отырған тәжік сауда компаниясының өкілдерімен болған кездесу. Отандық өндірушілер өз өнімдерін сауда желілерінің басшыларына сәтті таныстырып, жақын арада келісім-шарт жасасуды жоспарлап отыр. Қажетті тауар ассортименті 12 мың тауар түрін құрап отыр. Компания алдағы бірнеше жылда 5 гипермаркет пен 20 супермаркет, сонымен бірге Қырғызстан мен Өзбекстанда желі ашуды көздеп отыр. Сәтті географиялық орналасуы мен сапалы өнімінің арқасында қазақстандық өндірушілер Орталық Азия, жекелей алғанда Тәжікстан нарықтарында табысты ілгерілеу үшін барлық мүмкіндіктерге ие. Отандық тауар өндірушілерді өз қызметін белсендіре түсіп, осындай шараларға қатысуға шақырғымыз келіп отыр», – деді Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мейірбек Мәжитов.

Қазақстаннан тікелей тауарларды сатып алу үшін компания 5 көлік компаниясымен келісім-шарттарға отырып қойған. Оның ішінде сатып алуларды өндірістік алаңнан делдалдарсыз тікелей жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жол-жөнекей және құрама жүктерді жеткізу туралы келісім шарт.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басты міндеті елдің шағын және орта бизнес өкілдерінің сыртқы экономикалық қызметі мен сауда-экономикалық қатынастарын дамыту болып саналады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер