astana-view

Еңбек құқы туралы бірер сөз

2016 жылғы 15 Сәуір
- Солтүстік Қазақстан облысы
9320 просмотров

Еңбек Кодексін түсіндіру бойынша үйрету семинарын СҚО Мамлют ауданы бойынша Кәсіпкерлер палатасының филиалы ұйымдастырды

«Соңғы кездері еңбек шартын жасауға, жұмысшыны жалдауға, қосымша келісім жасауға көмек сұраған кәсіпкерлер көбейді. Демалыс, мереке күндер үшін ақыны қалай төлейтінін, жұмыстан қалып істеген адамдардың еңбегін қалай бағалау керектігін сұрайтындардың қатары артты, еңбек демалыстарын қалай төлейді, оларды қалай дұрыс беруге болады деген сауалдар да жиі қойылады. Заңдағы нормаларды сақтамаса, қандайда бір кикілжің туа қалса ол атқарушы билікпен де, жұмысшымен де қиындық тудыруы мүмкін. Жұмыс берушінің осындай заң бұзушылықтарын тыю үшін, әрі атқарушы биліктің айыппұлдарына ұрынбауы үшін аудандық кітапханада осы тарапта білім беретін семинар өткіздік. Семинарда Еңбек кодексін түсіндірдік. Оған облыстық мемлекеттік инспекция басқармасының маманын шақырттық», – деді СҚО кәсіпкерлер палатасының жергілікті бөлім директоры Нина Василенко.

Биылғы жылдың  қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Еңбек кодексі бойынша жұмыс істеу басталды. Мұнда ескі еңбек кодексінің бірталай баптарына өзгерістер енгізілген. Еңбек келісім шартына бірқатар жаңашылдық енгізді. Еңбек қарым-қатынасының барлық салаларына өзгеріс әкелді. Осыған байланысты жұмыс берушілер келісім жасасудың кейбір баптарын қайта қарастырып жатыр. Көптеген құжаттарға қайтадан өзгеріс енгізілуі тиіс болып тұр.

Жұмыс берушілермен кездесу кезінде екі жақтың да құқы мен міндеті толық түсіндірілді. Ұжымдық келісім шартты қалай жасау керектігі айтылды. Іс жүргізуді қалай жүзеге асырады, еңбекақыны қалай төлейді және т.б. толып жатқан сұрақтарға жауап берілді.

Кәсіпкерлердің сауалдары өте көп болды.

Жеке кәсіпкер Татьяна Юзефяк егер жұмысшылар жиі ауыысып тұрса, оларды кездейсоқ жағдайдан сақтандыру міндетті ме деп сұрады.

СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясының басқармасы еңбек қарым-қатынасын қадағалау бөлімінің бастығы Татьяна Кудрявцева сақтандыруға белгілі бір адамдар емес, штаттағы лауазым (бірлік) міндетті деді.

Тағы бір кәсіпкер Татьяна Синицинаны еңбек демалысы туралы сұрақ толғандырды.

«Егер жалдаған жұмысшы, мәселен, вахтер, кестеге сай айына бес күн жұмыс істесе, оған еңбек демалысын беру шарт па? Сонда ол қанша күнді қамтиды?», – деді.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының маманы айтқандай еңбек демалысы оның айына неше күн істегеніне қарамастан, келісім шартпен жұмыс істейтін адамның бәріне тиесілі. Ең аз еңбек демалысы 24 күнге тең.

Айта кетерлігі, кәсіпкерлер бұл семинарға мейлінше риза болып тарқасты. Көп нәрсе білгендеріне қуанды. «Палатаның бөлімшесіне алғыс айтамыз. Осындай пайдалы семинарға мұрындық болғандарына көп рақмет. Көкейде жүрген талай сауалымызға тиісті жауап алдық. Аудандағы палата бөлімшесі үнемі біздің мәселелерімізді біліп, көмек көрсетіп жүреді. Қиындық туса, осында келіп еш қорықпастан айтамыз», – деді жеке кәсіпкер Татьяна Колмакова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер