astana-view

Кәсіпкерлерге кедергі жасалмасын!

2016 жылғы 25 Сәуір
- Қызылорда облысы
9760 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық Әділет департаменті әкімшілік кедергілерді келісе отырып жоюды қолға алмақ

Тараптар мұндай шешімге екі жақты меморандумға қол қою барысында келді. Оның қорытындысы бойынша, кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес саласындағы әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған шаралардың жоспары құрылды.

Кәсіпкерлер палатасы директоры Ғалымбек Жақсылықов пен Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Тастыбай Лесеровтің айтуларынша, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша ортақ іс-қимылдардың жалғасы ретінде бизнестің дамуына кедергі келтіретін жүйелік мәселелер мен әкімшілік кедергілерді анықтау жөніндегі жұмыс іске қосылады. Одан бөлек, екі жақты келісім кәсіпкерліктің басты мәселелерін шешуге бағытталған шаралар кешені мен ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Меморандумда авторлық құқық, зияткерлік меншік, жылжымайтын мүлікті тіркеу саласында құқықтық қолдау көрсету қамтылған. Сонымен қатар, онда заңды қызметтер көрсету түрлері де қарастырылған, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер де бар.

Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы облыстық прокуратурамен, Қызылорда облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікпен, мемлекеттік кірістер органымен дәл осындай өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Айта кетерлігі, әкімшілік кедергілерді анықтау мақсатында облыстағы Кәсіпкерлер палатасы нормативті-құқықтық актілер дайындауға қатысуда.

Мәселен, Палата қызметі іске қосылғалы бері онда жергілікті атқарушы және ұсынушы органдардан келіп түскен 207 нормативті-құқықтық акті жобасы қаралып, соның ішінде 61 жобаға ұсыныстар мен ескертулер енгізілген сараптамалық қорытынды берілді.

Оларды қарау барысында және қолданыстағы заңнамаға мониторинг жүргізу кезінде 53 әкімшілік кедергі келтіру дерегі анықталды. Олар бойынша Палата Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және мемлекеттік органдарға мәселені келісе отырып шешу үшін сәйкес ұсыныстар жіберді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер