astana-view

Қаз бен қоян өсіргенде...

2016 жылғы 03 Мамыр
- Қарағанды облысы
10250 просмотров

Қарқаралы ауданының жастары бизнеске шақырылуда

Бизнестің қай түрі Қарқаралы ауданында ерекше табысқа ие? Жеке іс ашу үшін бастапқы капитал сомасы қаншалықты болуы тиіс? Бастысы –  қаржыландыруға қалай қол жеткізуге болады?

Аудандағы өскелең ұрпақ өкілдері Жастар форумында осы және өзге де сұрақтарға жауап алды.

Қарқаралы ауданында балабақшалар жеткіліксіз. Кондитерлік және ателье қызметтеріне сұраныс жоғары. Әсіресе, қаз, бөдене, қоян, ара өсіру тиімді. Ауданда рәсімді бұйымдар жасаумен айналысатын ұстаханалар, жүн мен тері, сүт және қымыз құятын, өңдейтін цехтар жоқ. Бұлар келешегі бар салалар. Оларды қолға алған болашақ кәсіпкерлер ұтылмасы анық.

Кәсіпкерлер палатасының Қарқаралы ауданыны филиалының директоры Сәулехан Шәмшиев жеке бизнес ашу мен оны дамытудың жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

«Біздің Кәсіпкерлерді қолдау орталығымыз екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында біз 600-дей адамға кеңес беріп, 130 жобаға қолдау танытып, сүйемелдедік. Қазіргі таңда ауданымызда 112 жаңа кәсіпорын ашылды. Бұл құрғақ сандардың артында ауданның экономикалық дамуына зор үлесін қосып жатқан адамдар тұр», – деді филиал директоры КҚО-ның жұмысымен таныстыру барысында.

Филиал директоры айтып өткендей, аудандағы экономикалық тұрғыдан белсенді халық 23 мыңнан асады екен. Ал шағын бизнес саласында солардың 9 пайызы ғана жұмыс істейтін көрінеді. С.Шәмшиевтің пікірінше, бизнес негіздеріне мектептен-ақ оқыта бастау керек және кәсіпкерлік машықтарын кішкентай кезден-ақ үйрету қажет. Осылайша жастарды жедел өзгеріп жатқан нарықтық жағдайларға тез бейімдеуге болады.

«Өткен жылы облыс әкімі тағайындаған гранттардың басым бөлігін қарқаралық жас кәсіпкерлер иеленген еді.  Жастар, сіздерді және студенттерді шабыттандыру үшін олар жеткен табыстар туралы бүгінде мақтанышпен айта аламыз», – деп атап өтті ол.

Жастар форумын М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжі ұйымдастырып, 100-ден астам қатысушының басын қосты. Табысты бизнесмендер өз кәсіпорындары туралы әңгімелеп қана қоймай, шеберлік сыныптарын өткізді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер