astana-view

Майдангерлерге мың тағзым!

2016 жылғы 06 Мамыр
- Қостанай облысы
8653 просмотров

Қостанайдағы соғыс ардагерлері Жеңіс күні қарсаңында бизнесмендерден сыйлықтар алып, елгезек кәсіп иелеріне алғысын жаудырды

Келе жатқан мереке иелерін «Eurasian FoodsCorporation» АҚ филиалы мен Кәсіпкерлер палатасы құттықтады.

Қаладағы көзі тірі жүзге жуық соғыс ардагеріне фирманың азық-түлік пакеттері мен құттықтау ашық хаттарын жұмыспен қамту бөлімі арқылы үлестіріп берді.

Михаил Петруковичті бизнесмендердің өздері барып құттықтады. Ардагер қонақтарын қуана қарсы алып, өзінің өмір жолы, соғыс жайлы әңгімелеп берді.

«Біз тұрып жатқан Белоруссияға әскер кіргенде мен 14 жаста едім. Астыртын әрекет те, партизаншылық та болды. Содан соң 44-жылы майданға аттандым.  Украина, Румынияда соғыстық, Венгрияның қалалары мен ауылдарын жаудан азат еттік. Жеңісті Чехословакияда, госпитальде жарақатымды емдетіп жатып қарсы алдым. Одан кейін де соғыстық. Госпитальден шығысымен Польшаға, ол жақтан Жапониямен соғысу үшін Қиыр Шығысқа аттандым. Қиын жылдарды өткердік. Құдай енді мұндай жағдайды басқа бермесін», – деді Михаил Федорович.

Фирма мен Кәсіпкерлер палатасы Қасымхан Алдабергенов пен Михаил Погореловтің де үйлеріне ат басын бұрып, жеңіс үшін алғыстарын білдіріп қайтты. Екеуі де бейбітшілік үшін, елдің жарқын болашағы үшін соғыс көрген жандар.

«Бізді ұмытпағандарың үшін, құрмет тұтып, бағалағандарың үшін мол алғысымды білдіргім келеді. Бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымыз қандай жақсы. Бұл – зор бақыт!»,– деді соғыс ардагері Михаил Александрович.

«Eurasian Foods Corporation» филиалының директоры Юлия Ефремчук атап өткендей, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету – көп жылдық жақсы дәстүр. Ең бастысы, мұндай акциялар шын жүректен өткізіледі.

«Жеңіспен салыстырғанда, ардагерлер үшін біздің жасап жатқанымыз түк те емес. Тағы да оларға «рақмет» айтайық деген шешімге келдік. Осы жылы бізбен тығыз байланыстағы Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының қолдауына иек арттық. Шағын сый ретінде біздің фирма шығаратын азық-түліктерден пакеттер дайындадық. Ол «Шедевр» майы, «Три желания» майонездері мен кетчуптары және басқа да өнімдер. Шын мәнінде, бір ғана нәрсені қалаймын. Бұл кісілер мүмкіндігінше ұзағырақ өмір сүрсе екен», – дейді Юлия Ефремчук.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер