astana-view

«Батыр» лагері балаларға табиғатты сүюді үйретеді

2016 жылғы 11 Мамыр
17502 просмотров

Астанадан 200 шақырым жерде балаларды тату-тәтті өмір сүруге баулитын, табиғатпен етене жақын таныстыратын лагерь бар

«Батыр» туристік лагері Астанадан шамамен 200 шақырым жерде Ерейментау ауданында, «Бұйратау» ұлттық табиғи паркінде орналасқан. 17 жыл бойы жаз айларында мұнда келетін орта және мектеп жасындағы балалар қарасы үзілмейді. Бұл жерде ашық аспан астында, өркениеттен тыс өмір сүруге үйретеді.

«Балалар күнделікті тұрмыста өзін-өзі басқаруды және өзіне өзі қызмет етуді меңгереді. Олар шатырларда өмір сүріп, қаптөсекте ұйықтайды, өз бетінше отқа тамақ әзірлеп үйренеді. Әр балаға белгілі бір міндет жүктеледі. Бізде капитан деген болады. Басқа балаларды жолға шыққанда алып жүретін көшбасшы болады. Азық-түлік беріп тұратын тамақтану шаруашылығының бастығы бар. Таңертеңгілік және тағы басқа жаттығулар жасатуға жауапты дене шынықтыруды ұйымдастырушы бар. Әлбетте, барлығына бас-көз болып, үйретіп отыратын аға тәлімгерлер де бар», – дейді жас туристер бекетінің директоры Мэлс Әбенов.

Лагерьге бір уақытта барлығы 120 бала қабылданып, олар өзара 6 жасаққа бөлінеді, бұл жасақтарды «батырлар» «саптізбек» деп атайды. «Альпинистер қауіпті жерлерден өтерде бір-біріне жіп арқылы байланады. Егер бірі құлап кетер болса, екіншілері оны тартып алады. Біз осылайша балаларға «бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін» идеологиясын жүргіземіз», – деп түсіндіріп берді Әбенов.

10 күн бойы балалар жасанды жартастарға өрмелейді, саптізбек курстарынан өтеді, төңіректі компас, карта, жұлдыздар және өзге де халық ырымдары арқылы тануға дағдыланады. «Шатырды қалай құру керек, жолдорбаға не салған жөн, отын жарудың да белгілі бір нұсқауы бар. Біздің қалада өскен балаларымыз қолдарына балта мен ара ұстап көрмеген. Осындай ұжымдық сабақтар арқылы балалар тәрбие алып, еңбекке үйренеді», – дейді ол.

Сонымен бірге, балалар 3-4 күнге бағыт бойынша сапарға шығады. «Біз оларды даярлаймыз, азық-түлік үлестіреміз, жолдорбаларын, шатырларды және т.б. дайындаймыз. Олардың жанында нұсқаушылар жүреді. Сонымен бірге олар «Қазақстан саяхатшысы» және «Жас турист» белгішелеріне нормативтер орындайды. «Жас турист» – бұл 25 шақырым жүріп өтіп, далада кемінде бір түн түнегендерге берілсе, 75  шақырымға ұзағандар «Қазақстан саяхатшысы» белгісіне ие болады. Мұндай маңызды сапарларға біздің үйірмелерде оқитын анағұрлым дайындығы бар балалар шығады», – деді Әбенов.

«Мұндағы табиғат керемет! Балалар арқарларды, борсықтар, еліктер мен қояндарды көреді. Келген соң олар жүріп өткен бағыттар туралы есеп береді. Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктер өте көп, мәселен, Қарқаралыда және Канада ғана өсетін қандыағаш. Ерейментау ауданында шамамен 100-150 қайнар бар», – деді ол.

Әбеновтің айтуынша, «Батыр» лагері қала балаларының басты проблемасы – гиподинамия, яғни белсенді қозғалысы аз өмір салтымен күрес жүргізеді. «Біздің лагерьдің тағы бір ерекшелігі – онда ұялы телефон желісі ұстамайды. Яғни, бізге телефон қажет емес. Бізде электр тоғы да жоқ. Біз 17 жыл бойы электр тоғын әдейі жүргізбей отырмыз», – деп мәлімдеді ол.

Лагерьде күнде кешке тақырыптық кештер өтеді, онда жас туристер гитара, домбыра мен баянда ән айтады.

«Бізде қоршау да жоқ. Жан-жағымыз орман. Стационарлық лагерьлерде балалар оңды-солды жүре алмайды, шектеу қойылады. Әлбетте, бізде де бәрі қадағаланады, бірақ бала өзін емін-еркін сезінеді. Олар орманға барып, бүлдірген, шөптер тереді, жебіршөптен шай қайнатып ішеді», – деді Әбенов. Сонымен бірге, оның айтуынша, «Батырда» 17 жыл ішінде бірде бір рет тамақтан улану жағдайы орын алмаған.

«Маусым соңында біз марапаттау рәсімін ұйымдастырып, белгішелер, куәліктер табыстаймыз. Біздің 5 мыңнан астам «түлегіміз» бар. Әрине, бұл ешқандай дәреже бермесе да, бала үшін оның маңызы зор. Балалар туризм факультетіне қабылданар кезде, көптеген колледждер мұны ескереді», - деді жас туристер тәлімгері.

«Батырда» бәрі жақсы деуге де болмас. Оның жұмысын қиындатып отырған проблемалар да жоқ емес. Мысалы, Әбеновтың айтуынша, Қазақстанда шатырлы лагерьлерге арналған ережелер жоқ. Сондықтан олардан стационарлы лагерьлер секілді санитарлық шарттарды сақтауды талап етіп отыр. «СЭС келіп, сіздердің тоңазытқыштарың қайда деп сұрайды. Бұл үшін электр қуаты қажет, ал біздің лагерьдің идеясы басқа. Қазақстан бойынша стационарлық лагерьлер жанында жұмыс жасайтын шатырлы лагерьлер бар. Олар асханада тамақтанады, бір рет қырға шығып келеді, сонымен болды. Ал біз болса тәуекелге барамыз. Ережелер жасалса дейміз, бұл біздің жұмысымызды жеңілдетер еді», – деп түйіндеді Әбенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер