astana-view

Болашақ бизнесмендерге дәріс

2016 жылғы 20 Мамыр
- Батыс Қазақстан облысы
8017 просмотров

Оралда студенттер бизнес-мектепті тәмамдағаны туралы сертификаттарға ие болды

БҚО Кәсіпкерлер палатасының қамқорлығымен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің базасында екі жылдан бері студенттік бизнес-мектеп жұмыс істеп келеді. Университеттің 19 студенті сертификатқа ие болған былтырғы бітірушілерден кейін оқуға тілек білдірушілер саны біршама арта түскен. Оған бизнес-мектептің танымалдығы, жастардың ел экономикасының нақты секторына белсене араласуға, өзінің кәсіби және жеке әлеуетін, дұрыс амбициясын көрсету туралы тілегі куә.

Биыл конкурстық іріктеуден кейін 23 колледж студенті оқытылды. Студенттер «Маркетинг», «Кәсіпкерлік құқық», «Бизнес есеп-қисабы», «Бухгалтерлік есеп-қисап» сынды пәндермен қатар, теориялық біліммен қаруланған тыңдаушыларға практикалық сабақтарда өз бизнес жобасын жасауға мүмкіндік беретін басқа да пәндерден дәріс алды. Сондай-ақ, жастарға экономиканың түрлі саласында бизнес жүргізуге және көшбасшы атануға, мансап жолында алдына қойған мақсатына жетуге сеп болатын мінез ерекшелігін ұштауға көмектесетін басқару психологиясы, бизнес психологиясы бойынша да білім берілді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кездесуде студенттер бизнес-мектепте оқи жүріп әзірлеген жобаларын таныстырды. Кейбір жобалар бүгінгі күннің шындығынан алыстау болса да, ең бастысы ол жобалардың авторлары бизнес-идеяны жүзеге асырудың соншалықты қиын еместігін түсініп, есеп жүргізуді, бизнес-жоспар құруды меңгерді. Әсіресе, Гүлжауар Жиенбаева мен Алтынханым Серікованың әлеуметтік маңызы зор «Мерси» жобасы мен Гаухар Телеубаева, Әйгерім Құрмашева мен Зарина Едренова ұсынған хостел ұйымдастыруға қатысты жобасы шараға қатысушылардың көңілінен шықты.

Кездесу емін-еркін тәртіпте өтті, студенттер оқу кезінде ненің ерекше ұнағанын әңгімелеп, бизнес-тренерлер Сандуғаш Исімова мен Нұрлан Әбдріхманов жүргізген дәрістерді ерекше атап өтті. Оқытуда көбінесе практикалық сабақтар мен бизнес-жоспарлар құруға, бизнес-жобалар әзірлеуге көбірек көңіл бөлулерін сұрады.

Өңірлік палатаның директоры міндетін атқарушы Нұрлан Қайыршин студенттерді бизнес-мектепті тәмамдауларымен құттықтап, табыс тіледі. Ол биыл оқуға ниет білдіргендердің көп болғандығын атап өтті. Сондықтан палата басшылығы келесі оқу жылы екінші топты ашу мүмкіндігін қарастыратын болды. «Сіздер Кәсіпкерлер палатасына кез келген уақытта кез келген мәселемен келе аласыздар. Қазір бизнес үшін мүмкіндік көп: тегін оқыту, сервистік қызметтер көрсету, кеңес беру, жобаларды сүйемелдеу және әрине, мемлекеттік қолдау. Сіздерден бізге идеялар, жүйрік есеп, қажыр-қайрат пен қойылған мақсатқа жете білулеріңіз қажет», – деді Нұрлан Қайыршин бизнес-мектепті бітіру туралы сертификаттарды табыстай отырып.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер